• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

Диқанбай Биткөзов: Саламаттылық – биіктерге самғатады

398 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған әрбір Жолдауында ұлт болашағының кілті дені сау, саламатты өмір салтын ұлықтаған ұрпақта екендігін әрдайым айтып келеді. Президент осы жолғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да осы мәселені айналып өтпеді.

Шынында да, халқының қажыр-қауқары, жастарының жалын-күші кем болса, яғни елдің адами тұрғыдағы денсаулық мәселесі ақсап тұрса, табыс пен тұрмастың сапасы қайтіп артпақ? Игіліктерді іске асыратын алдымен адам емес пе?! Міне, осы тұрғыдан келгенде, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі – дені сау ұлттың, аяқ-қолы балғадай алғадай жастардың қолында.

Ұзақ жылдардан бері қазақ күрес өнерінің өркен жаюына қызмет етіп келе жатқан, жарты ғасырлық ғұмырын жаттықтырушылыққа сарп еткен  адам ретінде айтарым: біздің елімізде дене шынықтыру мен спорт арқылы халықтың денсаулығын түзегенде ғана, Қазақстан барлық салада биік белестерді бағындырады дегенге нық сенемін. Елбасы осы жолғы Жолдауында: «Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет», деп нақты тапсырмалар берді.

Әлбетте, қазіргі таңда еліміздің ірі қалаларында, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуда айтарлықтай артықшылықтар бар. Сұраныс – жоғары, қаржылық мүмкіндік – мол. Ал ауылда ше? Өкінішке қарай, дәл қазіргі уақытта ауылдық жерлердің ең құрығанда қарапайым спорт залына деген мұқтаждығы зор. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда еліміздің жақсы атын шығарып жүрген саңлақтардың дені ауылдан шығатынын еске алсақ,  мұны спортымыздың тамырына балта шабар, өте өткір тұрған мәселе деп айтпасқа лаж жоқ.

Яғни, түптеп келгенде, Елбасы айтқан дене-шынықтыру-сауықтыру кешендерінің ең құрығанда кіші модельдерін ауылдық жерлерде көптеп салуға ерекше назар аударған жөн деп ойлаймын.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнде жаттықтырушылардың алатын жалақысы да мардымсыз. Ауылдық жерде спортпен айналысуға жағдай жасалмаса, бала баулыған бапкердің еңбекақысы тым аз болса, ол жаққа кім барғандай? Ауылда қарапайым спорт сарайы болмаса, бапкер бармаса, қаншама баланың таланты топшысынан қиылады десеңізші... Осы орайда Елбасының орташа жалақыны өсіру жөніндегі тапсырмасы нысанаға дөп тигендей. Мұның шарапатын бапкерлер, спорт мамандары да көрсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен қатар, биылғы Жолдауда ұстаздар мәртебесінің мерейін үстем етер, құқығын қызғыштай қорғар алғышарттарға баса мән берілуін өз басым Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі ретінде  қуана қабылдадым. Неге десеңіз, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан адамға қатысты қоғамның, мемлекеттің көзқарасы өзгермейінше, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын жас буынға деген зәрулік күннен күнге арта бермек.

 

Диқанбай БИТКӨЗОВ,

КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі

ҚАРАҒАНДЫ