Семейде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 жарқын іс акциясы аясында мемлекеттік тілді меңгерген және оны қоғамдық жұмыста, күнделікті өмірде белсенді түрде пайдаланып келе жатқан өзге ұлт жастарының қатысуымен «Бір отан, бір тіл – тәуелсіз Қазақстан» деген атпен облыс жастарының форумы болып өтті.
Облыс әкімінің бастамасымен өткізілген бұл игілікті шараға 18 бен 30 аралығындағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, басқа да тіл жанашырлары қатысты. Форум жұмысы осы шараға орай Абай атындағы драма театрында арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталды. Көрмеге мемлекеттік тілді насихаттаудағы оңды тәжірибелер жинақталғанын да айта кетсек дейміз.
Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков мұндай алқалы жиынның ұлылардың ізі қалған қасиетті Семей қаласында өтуі заңдылық екенін айта келіп, облыс бойынша мемлекеттік тілге байланысты атқарылған шараларға қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні 700-ден астам өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептерге барады екен.
Ал форум делегаты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Алексей Кливенко өз сөзін қазақша өлеңмен бастап, мемлекеттік тілді орнықтыруда жастар бастамашы болу керек екендігін айтты. Ол химия пәнінен дәрісті қазақша оқиды екен. Отбасында да қазақша сөйлесеміз. Ал шетелдік көлікпен жүйткіп, тілге келгенде мүдіріп жататындарға қарным ашады. Сонан соң қит етсе бүйректен сирақ шығарып жататын орыс тілді басылымдарға да өкпем қара қазандай. Елбасымыз қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деді. Дұрыс сөз, бірақ елімізде тұратын орыс, неміс, корей және тағы басқа ұлт өкілдері қазақпен неге қазақша сөйлеспеске деген оның сөзін құп көргендер де аз болмады.
Форумда жастардың құрғақ сөз, жалаң сезімнен аулақ болғанына сүйсіндік. Айталық, Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка ауылдық округінің аға маманы Индира Бельская облыстық мекемелерге деген өкпе-ренішін де жасырып қалмады. Мәселен, облыс іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге үш жыл бұрын көшкенмен, кемшілік жеткілікті. Айталық, биылғы жылы аудандық әкімдікке келіп түскен барлық құжаттың 60 пайызы ресми тілде жазылған. Соған басқа ұлт өкілі болсам да менің қарным ашады деді ол.
М.Әуезов атындағы колледждің 4-курс оқушысы Виктория Парасюкованың сөзі де көп көңіліндегі ойды қозғады. Ол осы колледждің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқиды екен. Жалпы біздің колледж бойынша сабақтың 75 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі деді ол. Орыс мектептеріндегі гуманитарлық пәнді неге мемлекеттік тілде жүргізбеске! Бұл да тілді жете үйренудің бір кілті болар еді. Виктория солай дей келіп, орыс тілді жастарды Жидебайға, хакім Абайдың басына апарып келуді дәстүрге айналдыру қажет деген өз ұсынысын айтты. Ал оның да тәрбиелік мәні өте зор.
Форум соңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс және Солтүстік аймақтары бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев бірқатар өзге ұлт өкіліне қоғамның мүшелік куәлігі мен «тіл жанашыры» лентасын салтанатты жағдайда табыс етті. Және осы азаматтың бастамасымен қоғам жанынан өзге ұлт өкілдерінің жастар қанаты ұйымы құрылды. Осы игілікті шаруа басқа облыстарда да жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ.