• RUB:
    4.85
  • USD:
    444.14
  • EUR:
    477.05
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2018

Сенаторлар қатары екі депутатпен толықты

338 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясында Б.Имашевтың төрағалығымен Шымкент қаласынан Парламент Сенатының депутаттарын сайлау қорытындыларын жариялау және бекіту туралы, сондай-ақ шығып қалған кандидаттардың орнына кандидаттыққа ұсынылу және тіркеу нәтижелері туралы отырыс өтті. 

 

Қазақстан Республикасы Президенті­нің 2018 жылғы 9 тамыздағы № 731 Жар­лығына сәйкес, 2018 жылдың 5 қазанында Шымкент қаласында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өткені белгілі.

Орталық сайлау комиссиясының мәлі­метінше, сайлауға барлығы 6 үміткер қа­тыс­ты, оның ішінде 2 адамды қала мәсли­хаты ұсынса, 4 адам өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға түсті. Сайлау қоры­тындысы бойынша 2014 жылғы 1 қазан­да сайланған Парламент Сенаты депутат­тарының өкілеттік мерзіміне Дархан Аман­гелдіұлы Сатыбалды, 2017 жылғы 28 мау­сымда сайланған Парламент Сенаты депу­таттарының өкілеттік мерзіміне Нұр­лан Құдиярұлы Бекназаров сайланды. 

Сонымен қатар Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық заңының 101-бабы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сәйкес ағымдағы жылдың 28 қазанында 83 округ бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді. 12 облыстық, 9 қалалық, 62 аудандық мәслихат депутаты сайланады. 

ОСК хабарлауынша, мәслихат сайлау­ына барлығы 284 кандидат ұсынылып, 249 кандидат тіркелген. Тіркелген кан­ди­даттардың 177-і (71,1%) ерлер, 72-і (28,9%) әйелдер. Үміткерлер арасында барлығы 8 ұлт өкілдері бар. Кандидаттардың орташа жасы – 41,8 жас. 219 үміткердің (88%) жо­ға­ры білімі, 24-нің (9,6%) арнаулы орта және 6-уының (2,4%) орта білімі бар. 13-і (5,2%) – мемлекеттік қызметші, 97-сі (39%) – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, 127-сі (51%) – коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 10 адам (4%) саяси партиялардың және ҮЕҰ қызметкері, 1 адам (0,4 %) уақытша жұмыс істемейді, 1 үміткер (0,4%) – зейнеткер.

Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін кандидаттардың барлығы қазанның 26 күнінің соңына дейін жалғасатын сайлау­алды үгіт-насихатқа кірісті. Сайлау күні алдындағы және дауыс беру күні сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Сайлау кампаниясы сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтуі тиіс, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.