• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2010

ЖАҢАРУ НЕГІЗІ

1336 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі басымдықтарын айқындап, халық көңілінен шықты. Елбасы Жолдауында әлемнің көптеген елдерін тұралатып кеткен қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан алға жылжу жолдары нақтыланып, оларды жүзеге асырудың бағыт-бағдары, қаржыландыру көздері тайға таңба басқандай анық белгіленген. Елбасы Жолдауы өткен ғасырдың соңында жарияланған Қазақстан – 2030 орнықты даму стратегиясын тиімді жүзеге асырудың заңды жалғасы болып табылады. Олардың ішінде экономиканы постдағдарыс жағдайында дамуға әзірлеу, индустрияландыру­ды жеделдету арқылы экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері қарастырылды. Адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында болашаққа белсенді түрде инвестиция салу, қазақстандық­тарды сапалы әлеуметтік тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету туралы нақты міндеттер жүктелді. Ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті жетіл­діру, халықаралық қатынастарды дамыту басты шарт ретінде аталды. Еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы беделі мен салмағы­ның артуына үлес қосатын ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы басымдығына ұғынықты түсінік берілді. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысқан Ассамблея мүшелері, рес­публикалық этномәдени бірлестіктер басшы­лары аталған шарадан соң кездесу ұйымдас­ты­рып, Мемлекет басшысының бастамаларын тал­дай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ел тұрғындарына арнаған үндеуін жа­риялады. Елбасы Жолдауында негізгі бес бағыттың бірі қоғамдық келісімді сақтау деп нақтылап, елдегі этносаралық бірлікке, ішкі саяси тұрақтылықтың басты құндылықтарына ерекше назар аударды. “Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!”. Кез келген азамат үшін оның ең басты байлығы – Отаны, кіндігі кесіліп, өсіп-өнген туған жері. Отанын қадір тұтып, дұрыс даму жолына бастай білген халықтың ғана ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болады. Әлем картасында өзінің жеке мемлекеті айқындалмаған, жалпы саны он миллионнан асатын халықтар жетіп артылады. Палестина мен Күрдістан халқының мәселелерін, Косово мен Шығыс Тиморда орын алған оқиғаларды сараптай отырып, егемен мемлекет, тәуелсіз ел болудың қадірін толықтай түсінуге болады. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жерімізге көз тіккен жаулармен жағаласып, туған жердің әрбір бұлағы, әрбір сайы мен ағашы үшін жанын сала күресті. Болашақ ұрпағының игілігі үшін, жанын құрбан ете отырып, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Шығыс Сібір сілемдеріне дейін созылған алып кеңістікті ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Егемендікке ие болған жылдар ішінде Қазақстан Елбасының сауатты саясатының арқасында халықаралық нормаларға сәйкес, Қазақстан шекарасын айқындау, оны көршілер тарапынан мойындату және нығайту бағытында орасан зор міндеттерді жүзеге асырды. Солтүс­тіктегі стратегиялық көршіміз – Ресеймен шекара сызығы бекітіліп, қос ел арасындағы әлемдегі ең ұзын шекара шектері заңды құжат­тармен бекітілді. Кеңес Одағы тұсынан бері дау-дамай тудырып, нақты шегі белгіленбей келген Қазақстан – Қытай шекарасы айқын­далып, беделді сарапшылар тарапынан Қазақ­стан үшін өте нәтижелі келісім деп бағаланды. Бұл ел тарихындағы тарихи оқиғаның маңызы мен мәніне егемен елдің тұтқасын ұстайтын болашақ ұрпақ әлі өз бағасын берері анық. Қазақстан қазіргі таңда әлеуметтік-эко­номи­калық әл-ауқаты нығайған, аяққа нық тұрған жедел дамушы елге айналды. Еліміздің әлемдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен кон­фессияаралық келісім орнатуға қосқан елеулі үлесін бағалаған халықаралық қоғамдастық Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға төраға етіп сайлады. Еліміз посткеңестік мемлекеттер, мұсылман елдері, Азия елдері арасынан тұңғыш болып, тарихи шешуші маңызға ие беделді Ұйымды басқару құқығына қол жеткізді. Ендігі мақсат аталған жетістіктермен шек­теліп қалмай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбие­леу, ХХІ ғасырдың қатал талаптарына төтеп беретін, жұдырықтай жұмылған біртұтас халық қалыптастыру болып табылады. Мемлекет іргетасының мықты болуы, тәуелсіздік тұғыр­ларының нығаюы – қоғамдағы халық бірлігі мен дінаралық келісімге негізделеді. Сондай-ақ егеменді елдің басты күші ретінде ортақ тарих пен ұлттық рух, қазақстандық пат­рио­тизм мен бірегей қоғам қолданатын мемле­кеттік тілді атауға болады. Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Төңкеріс пен алапат аштықты, Ұлы Отан соғы­сы мен тың игеруді, тоқсаныншы жылдардағы күйреу мен қайта құруды бастан бірге өткізген саналуан ұлыс өкілдерінің өзара бірлігі мен татулығы нығайып, бірегей елдің негізін қала­ды. Ендігі мақсат – жас ұрпақты бірегей ха­лықтың тарихи тамырынан алшақтатпай, достық, келісім мәнін дұрыс ұғындыра отырып өсіру. Әлемдегі жетекші елдің бірі ретінде мойындалған Күншығыс елін алайық. Ұлттық сана-сезімі жетік жапон азаматы өз баласының құлағына “Жапония әлемдегі ең қуатты, ең бай, ең беделді мемлекет” деген ұғымды құйып өсіреді. Бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет пен тарих, өнер мен білім беру, спорт сияқты қоғамның ірі күретамырлары арқылы әрбір азамат санасына ел қадірі, мемлекеттік мүдде сияқты қасиеттерді жүйелі түрде енгізіп оты­рады. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бір­лестіктер, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өзара кейбір мүдделік мәселелерге қарамастан, осы мақсатта бірлесе қызмет атқарады. Қытай, Түркия сынды елдер соңғы онжыл­дықта әлемдегі ең қуатты мемлекеттер қатары­на қосылып, пікіріне әлем құлақ асатын мем­лекеттерге айналды. Аталған елдердің жедел дамуы азаматтардың ортақ мемлекеттік мүдде жолындағы аянбас еңбегіне негізделген. “Отан отбасынан басталады” деген нақыл сөз бар. Патриоттық сезім отбасынан, үлкенді құрметтеу мен ұлт мәдениетін ұлықтаудан басталады. Патриоттық қасиет ел тарихының сындарлы беттеріне көз жүгіртіп, ұрпағы үшін аянбаған ата-баба ерлі­гін оқыған азамат сана­сында қаланады. Жас ұрпақты отансүйгіш­тікке тәрбиелеу үшін мектеп пен қоғамдық ортаның айтқан жүз сөзінен өз атасының бір сөзі әлдеқайда қоным­ды болып табылады. Сондықтан, ең алды­мен кеңестік жүйенің салдарынан ақсап, ба­ғыт-бағдарынан ай­рылған дәстүрлі отбасы тәрбиесін жетілдіру қажет. Ата мен немере­нің ұрпақаралық байла­нысын нығайту, қыз бала тәрбиесіне – бо­лашақ ана тәрбиесінде, ұл тәрбиесіне – бо­ла­шақ отағасы тәрбие­сінде қарауды қолға алу қажет. Аталған бағытты нығайтуда өзге елдердің тәжірибесінің озық үлгілерін негізге ала оты­рып, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары ор­тақ мақсатқа күш бірік­тірсе, ұлтты тәрбиелеу мәселелері өз шешімін табатыны анық. Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақ бойындағы отансүйгіштік қасиеттерді дамыту, мемлекеттік тіл аясын кеңейту бағытында нақты іс-әрекеттер жасап, қоғам тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Отансүйгіштік қасиеттерін дамытатын маңызды бағыт – мемлекеттік тіл. Қазақстанда тұрып жатқан этностардың арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінде еш күмән келтірмес негізгі қағида ретінде мойындалған. Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос жастарының саны артып, қазақ тілді мектепке баласын оқытуға ниеттенген ата-аналар көбейіп отыр. Өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қазақ мектебінің бағдарлама­сымен оқитын болды. Айта кетер жәйт, бұл ұсыныс осы аталған этнос өкілдері тарапынан көтеріліп, Білім және ғылым министрі бұйрығымен бекітілді. Орыс, славян және казак ұйымдары қауым­дас­тығы жастарға мемлекеттік тілді оқытуды қолға алып отыр. Қауымдастық өз бағдарла­масы бойынша оқыту бағдарламасын жолға қойды. Бұрынғы кеңестік елдер аумағында өмір сүрген неміс ұлтының өкілдері жаппай тарихи отанына орала бастағанда ана тілі негізінен ажыраған қандастарына неміс үкіметі арнайы әдістемелік бағдарлама әзірлеп, енгізген болатын. Қазақстан немістерінің “Возрож­дение” этномәдени бірлестігі осы бағдарлама­ны қазақ тілін жедел меңгеру үшін қолдануға әзірлеп жатыр. Қазақ тілін сонау алыстағы Оңтүстік Кореяда меңгерген қандастарын көріп, Қазақстандағы корей қауымдастығы мемлекеттік тілді меңгеруге нақты қадамдар жасап, оқу курстарын ашты. Грек ойшылы Демокриттің “Пікір бірлігі достыққа бастайды” деген қанатты сөзі, міне, осыны білдіретін шығар. Мемлекеттік тілді меңгеру бағытында ең бастысы сең қозғалып, оның даму жолдары айқындалып отыр. Деген­мен, тілдік ортаны қалыптастыру мәселесі, ең алдымен, әр қазақтың өзінің мойнындағы міндет. Жолдауда көтерілген екінші мәселе – “мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бармауы тиіс”. Қоғам болған соң, оның ішінде демокра­тия­лық мемлекет құрып жатқан елдің қоғамын­да міндетті түрде оппозициялық, басқа әртүрлі қоғамдық институттардың болуы шарт. Деген­мен, өркениетті елдерде билікке талас бары­сында да өз елінің, халқының атын қаралау арқылы ұпай жинау саяси мәдениетсіздік болып табылады. Ел тізгінін ұстап, халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген беделді тұлғалардың түрлі шараларда айтқан пікірлерінің тонын өзгертіп, халыққа теріс жеткізу – ар-ожданнан айрылу. Өз ұлтының қамын жеген азамат рөліне еніп, қой терісін жамылған бірқатар азаматтың тұрғындарды арандатып, жастарды қате жолға бастау ниеттері де жоқ емес. Осы мәселелер көреген ұлыларымыздың бірі Сүгір бабамыздың: “Азар елдің ұлдары бір-бірімен арбасар, атқа мінген ұлықтың жағасына жармасар”, деген тәмсілін еске түсіреді. Ата Заңның бесінші бабында “Ешбір азамат өзінің шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік ерекшелігіне, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни сеніміне, тұрғылықты мекеніне немесе кез келген өзге жағдайларға байланысты зардап шекпейтіні” нақты көрсетілген. Алайда, өкінішке қарай, соңғы кездері әртүрлі этностар арасына сына қағу мақсатында тұрмыстық деңгейдегі болмашы қайшылықтан саяси астар іздеп, заңнамалық нормаларға қарама-қарсы әрекет етуге тырысушылар қатары артып отыр. Аталған мәселелерді жан-жақты талдап, сауатты қорытынды жасау – бүгінгі таңда Қа­зақстан қоғамының алдына қойылған айрықша міндет. Аумағы аса кең, қазба байлықтары қоры мол, жедел дамып келе жатқан, геосаяси маңызды нүктеде орналасқан елімізге шетелдік күштер әртүрлі жолмен өз ықпалын жүргізуге тырысары анық. Жаңа ғасырда белгілі бір елге өз ықпалыңды жүргізу үшін соғыс ашып, қыруар шығынға батудың қажеті шамалы. Жаңа заман соғысы ақпарат, экономикалық ықпал, түрлі бейбіт шаралар арқылы жүзеге асатыны баршаға аян. Сондықтан, халық бірлігіне нұқсан келтіруге, этносаралық келісімді жоққа шығаруға бағытталған кейбір іс-әрекеттердің жолын кесу – бүкіл қоғам болып атқаратын жауапты іс. Осы мәселелерге орай, Елбасы Жолдауында көрсетілген айқын міндеттер халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған қазақ­стан­дық келісім үлгісін сақтап, нығайту бағы­тында нақты іс-әрекет етуге мүмкіндік берері айқын. Аталған бағытта әр азамат кешегі мен бүгінгіні салыстырып, ақ пен қараны ажырата білуі үшін өзінің құқықтық білімі мен мәдение­тін арттыруды мақсат етуі қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен, нақты тұрғындармен белсенді жұмысын жетілдіру, тұрғындарды нақты ақпаратпен қамтамасыз ету міндетін жолға қою ел мүддесіне қайшы келетін әрекет­тердің алдын алуға негіз болады. “Үшінші мәселе, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кез келген мемлекет тұрақтылығы мен дамуының кепілі – сол ел аумағында әлеуетті орта тап өкілдерін қалыптастыру. Орта және шағын бизнесті дамыту ел басшылығының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екендігі баршаға мәлім. Сонымен қатар, аталған салаларды дамыту арқылы қазына түсімдері артып, халықты әлеуметтік қолдау жаңа деңгейге көтерілетіні анық. Мемлекет ел азаматтарына орта және шағын кәсіпкер­лікпен айналысуға барлық жағдайды жасап, салық кө­лемін қысқартты. Қазақстанның биылдан бас­тап Кедендік одаққа кіруі елімізде өндірілетін тауарларға деген сұранысты артты­рып, елдің экономикалық ахуалы мен тұрғын­дардың әлеуметтік жағдайын жақсартады деп күтілуде. Халықтың экономикалық-әлеуметтік мәсе­ле­лерін назардан тыс ұстап, қоғамдық келісім мен ішкісаяси тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін емес. Қазақстанның посткеңестік елдер арасында орташа жалақы мен зейнетақы көлемі жағынан ең алдыңғы қатардан көрінуі елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударылып отырғанын білдіреді. Мемлекет ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, оларға әлеуметтік жәрдем тағайын­дау, қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен бөлі­гіне жан-жақты көмек көрсету мақсатында қол­дан келген барлық шараларды атқарып отыр. Дағдарыс салдарына қарамастан, жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді өсіру туралы Үкімет жоспарындағы барлық міндеттер жүзеге асырылуда. Ендігі міндет – ел тұрғындарын, азамат­тарды Отанды көркейту, тәуелсіздік тұғыр­ларын нығайту, рухы биік, бірлігі мықты ел қалыптастыру бағытында белсенді іс-әрекет етуге шақыру. Болашақ ұрпағының саламатты өмір сүруін тілеген елдің азаматтары “мемлекет маған не берді?” деген пайымы тар, кеңес кезеңіндегі масылдық психологиядан қалған біржақты сұрақ­тан бас тартуы қажет. Ел мүддесі мен қоғам игілігін ойлаған саналы азамат “мен өз еліме, туған жеріме не бердім? Не істей аламын?” деген сұрақ қойып, нақты мақсаттар мен міндеттерді айқындауы тиіс. “Төртіншіден, өңірлік және әлемдік рынокқа интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты”, – деп атап көрсетті Президент. Қазақ­станды бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу, экономикалық елеулі табыстарға жету өңірлік және халықаралық рынокқа ықпалдасу арқылы ғана жүзеге асатынын сарапшылар жиі айтады. Ғаламдасу дәуірінде белгілі бір мем­лекет экономикасының тәуелсіз дамуы мүмкін емес. Халықаралық ұйымдарға елдің ұлттық және экономикалық мүдделерін сараптай отырып, мүшелікке ену арқылы мемлекет көптеген жеңілдіктерге ие болады. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, қазіргі таңда әлемдік алпауыттар тара­пынан мойындалған көптеген ұйымдардың өмірге келуіне негіз қалады. Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Кеден одағы сияқты халықаралық ұйымдар аймақтағы бейбітшілікті сақтау, экстремизм және терроризммен күрес, есірткі саудасының жолын кесу міндеттерін шешуде нәтижелі қызмет етуде. Өңірлік және әлемдік рынокқа ықпалдасу бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан жүзеге асырылып жатқан бірқатар шараларды нәтижелі пайдалануға болады. Ассамблея бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұратын этностардың тарихи отандарымен қарым-қатынас орнатуда белсенді әрекет етіп отыр. Ассамблея делегациясы Германия, Түр­кия, Болгария, Әзірбайжан, Ресей және т.б. елдерде сапарларда болып, көптеген әлеумет­тік-гуманитарлық келісімдерге қол жеткізді. Аталған бағыттағы қарым-қатынасты жетілдіре отырып, Қазақстан этностарының шыққан тегі елдерімен экономикалық байла­нысты нығайту арқылы ел экономикасына инвестиция тарту мәселелерін шешуге болады. Өткен жылы Германияда Қазақстан жылының аталып өтуіне, оның Қазақстанның Еуропадағы ең сенімді серігі ретінде бағалануына қазақстандық неміс этносы өкілдерінің қосқан үлесі мол екендігін атап өткен жөн. Азиялық барыс деген бейресми атаққа ие болған Оңтүстік Корея президенті Қазақстанға ресми сапармен келіп, қос ел стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Аталған шараға белсенді түрде қатысқан Қазақстан корейлері қауымдастығының өкілдері екі ел арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің нығайып, бірқатар келісімдердің жүзеге асуына мұрындық болды. Биылғы жылдың Қазақстан­ның Оңтүстік Кореядағы жылы ретінде жариялануы да елімізге және кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған корей халқын сақтап қалған қазақ халқына деген құрметті білдіреді. Яғни, Қазақстанның этностық саналуандығын қол­дана отырып, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндіктер бар екені бай­қалып отыр. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңа даму кезеңіндегі нақты мақ­сат­тар мен міндеттерді айқындап, бірлігі жарасқан Қазақстан халқына жаңа белестерді бағын­дыруды ұсынды. “Біз 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған мақсаттарды жүзеге асыра отырып, тәуелсіздігі бекем, эконо­ми­касы өркендеген, саяси тұрақтылығы орныққан Қазақстанды құру туралы миссиямызды табысты орындап шығамыз”, – деді Қазақстан Президенті. “Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алаауыздықта” дейді халық даналығы. Бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек. Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің “Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет” деген ойлы сөзі бар. Өрке­ниетті, көшбасшы ұлы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін. Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы  Төрағасының орынбасары.