• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2018

«Алаш әдебиеттануы» атты кітабының тұсаукесері өтті

843 рет
көрсетілді

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Айтулы шараға Кенжехан Матыжанов, Әбсаттар Дербісәлі, Уәлихан Қалижан, Жаңғара Дәдебай, Темірхан Тебегенов, Жұмабай Шаштайұлы және тағы басқа қазақтың көрнекті ғалымдары мен жазушылары қатысып, Айгүл Ісімақованың ғылым жолындағы ізденісі мен талпынысы, осы бағытта атқарған жұмыстары, қайраткерлігі мен шығармашылығы жайында кеңінен әңгіме қозғады.

Қарымды қаламгер, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан Айгүл Мұхаммедсерікқызының Алаш тақырыбына үлкен дайындықпен келіп, көптеген құнды еңбектер жазғанын тілге тиек етсе, шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі оның кемелене келген ғалым екенін атап өтті.  

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айгүл Ісімақова жайында айтар болсақ, ол «Алаш әдебиеттануы», «Асыл сөздің теориясы», «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы», «Алаш ғылымы және Тәуелсіздік», «Жазған сөз жаным ашып Алашыма...», «Қазақ әдебиеттануындағы тәуелсіздік идеясы», «Қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері», «Қазіргі әдебиет пен әдебиетті зерттейтін қауым», «Қазақ әдебиеттануы», «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану» және өзге де тілдерде жазған бірнеше ғылыми монографиялардың авторы, Америка биография институтының «Ғылым адамы – 2004» сыйлығы және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Саңлақ автор» медалінің иегері.

Әдебиеттанушы А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» атты еңбегі  ХХ ғасырдың басындағы Алаш әдебиеті мен қазақ әдебиеттану ғылымының ұлттық көркемсөз өнерін зерделеуге арналған. Онда қазақтың асыл сөзін қастерлеген ата-баба мұралары қай кезден басталғандығы, Алаш әдебиеттану ұғымының қалай қалыптасқандығы жөнінде туындайтын сансыз сауалдарға нақты жауаптар берілген. Сонымен қатар, кітапта Алаш ғалымдарының жалпы ғылымға қандай үлес қосқандығы және Алаш ғылыми мұрасы несімен құнды екендігі жан-жақты талданады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ