Желтоқсан көтерілісі қалғулы дүниені дүр сілкіндірді, КСРО-ның саяси негізін шайқады. Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев Желтоқсан көтерілісінің қарсаңында және одан кейін болған тәуелсіздік үшін күресте әділет жолынан таймады. Жау жарағынан түскен жара жанына батса да, сыр бермеді. Отарлаушы күштің ығымен жүрмеді, оның дегеніне көнбеді, оған тәуелді болмады. Сол үшін қиянат көрді, мехнат шекті. Саяси аласапыран аясындағы мұндай сұрапылдың қара бұлты Г.Колбин қызметтен алынып, Республика басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келген соң ғана сейілді. Кеңес Мұстаханұлы жанына да, арына да дақ түсірмеген қалпы тәуелсіздікке жетті. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы күнінен бастап елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қызмет етті, бүгін де сол қызметін абыроймен жалғастырып келеді.
Кеңес Мұстаханұлы 1938 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келді. Әкесі Мұстахан 1939 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына қатысады. Отан алдындағы әскери борышын өтеп, елге қайтамын деп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталады да Брест маңында жауға қарсы шығады.
Кеңес Мұстаханұлы жастайынан ана тәрбиесін алды, жалтақтамады, қандай жағдайда да шыдамды, қандай қиын жағдайда да төзімді серік етті, жақсы адамдардың адамгершілік қасиеттерінің нұрына, мейіріміне қанып өсті, өз басындағы қиындықты өзгеден көрмейтін күрескер болып ержетті, оқуда озат, еңбекте алда болды. Еңбек жолын колхоз мүшесі, шаруашылықтың трактор бригадасының бригадирі болып бастады. Колхоз комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің Қарағанды облысы бойынша жауапты ұйымдастырушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы, Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарында мемлекеттік басқару мектептерінен өтіп, бай өмірлік тәжірибе жинақтады. Қазақ КСР халық депутаттарының Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп Республика басшылығының ең жоғары қатарында қызмет атқарды. Кеңес Мұстаханұлы осы лауазымдардың қандайында да ерен еңбек етті, Алматы қаласының, Алматы облысының, еліміздің мәдени-әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосты.
Қазақстанның мемлекеттік басқару тарихында, Алматы облысында, Алматы қаласында Кеңес Мұстаханұлының кісілікті ізі, ізгілікті ісі қалды. Алматы қаласының әкімдігі қоныстанған алып ғимарат, Президент резиденциясы, Қазақ теледидарының жаңа жайы, Көкбазар кешені, «Әсем» тұрмыстық қызмет көрсету үйі, «Даңқ» мемориалы, КазГУград – Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығы, Алматы мақта-мата комбинаты, оның Мәдениет сарайы, 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі, «Отырар» қонақүйі, шығыс үлгісінде салынған «Арасан» моншасы, М.О.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының, М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрының ғимараттары, Оқушылар сарайы, т.б. осылардың бәрі Кеңес Мұстаханұлы Алматы қаласын, Алматы облысын басқарып тұрған кезде салынған сәулет ескерткіштері еді.
Кеңес Мұстаханұлы Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде қызмет атқарып жүрген кезінде шығармашылық жастармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Өмірінің жаздай жайнаған жайсаң кезеңінде дүрілдеп көтерілген жас ақын-жазушыларды, өнерпаздарды шығармашылық жаңа табыстарға құлшындыру мақсатында Қазақстан комсомолы сыйлығын белгілеуге атсалысты. Сыйлықтың алғашқы лауреаты болып, бейнелі түрде, Саттар Ерубаев аталды, одан кейін Олжас Сүлейменов лауреат болды. Қазақстан комсомолы сыйлығының алғашқы лауреаттары ішінде Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов және басқа таланттар бар еді. Аудан, қала, облыс басқарған жылдары Камал Ормантаев, Төрегелді Шарманов, Көбей Нәрібаев, Кенжеғали Сағадиев, Кеңес Үшбаев сынды ғылым мен білім қайраткерлерімен, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Нұрлан Оразалин, Бексұлтан Нұржеке сынды әдебиет пен өнер адамдарымен пікірлес, ниеттес болды. Олардың шығармашылығын, өнерін күні бүгінге дейін жоғары бағалайды.
Кеңес Мұстаханұлының көрнекті мемлекет қайраткері болып қалыптасуында жеке басының қабілеті, таланты мен еңбегі, кісілігі аса маңызды болды. Қабілеті, таланты, кісілік негізі толық кісіні ақылы мен еңбегі екі жақтап алып шығатыны анық. Солай десек те, ол өз тәжірибесіне сүйеніп, талантқа да, қабілет пен іскерлікке де аялы алақан керек деп есептейді. Өзіне осындай қамқорлық жасаған, ұстаздық еткен, кісіліктің мәртебелі мектебінен өткізген айрықша адам ретінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа шын жүректен құрметін білдіреді. Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков секілді ағалардай ақылшы, анадай ақпейіл, кіршіксіз таза көңілдің адамдарымен бірге болған кездерін өмір жолының шуақты сәттеріне балайды.
«Өмір жолы – тар соқпақ...» – дейді Кеңес Мұстаханұлы. Өмір жолын сараптан өткізіп, саралап келгенде, Абайдың көкірегін жарып шыққан осы бір ауыз сөзі өзінің де, өмірінің де шындығына барынша сәйкес келетініне, адамның да, өмірдің де шындығы Абайдың осы бір ауыз сөзінің қауызына сыйып тұрғанына көз жеткізеді. «Дүние – бір қисық жол бұраңдаған», – деген халықтың даналығына да тәнті болады.
Кеңес Мұстаханұлының: «Өмір жолы – тар соқпақ...», – деуі естіген адамды ә дегенде-ақ ойға қалдырады. Басқа біреу дәл осылай айтса, оны дәл осылай қабылдау мүмкін болмас еді. К.Аухадиевтің айтуында бұл сөз кісіні ойландырады, ойға қалдырады, толғандырады. Өйткені Кеңес Мұстаханұлының өмір жолы білетін кісіні ойландыратын, ойға қалдыратын жол. Өмір жолының өрінен де, тар соқпақтарынан да құлап кетпей, ақырын жүріп, анық басып өткен, айы оңынан туғандай, күні соңынан шыққандай шақтарында асып-тасымаған, туған айы батқандай, шыққан күні өткендей сәттерінде қажып-жасымаған адамның өмір жолының ойландыруы да, ойға қалдыруы да заңды. Ондай адамның өмір жолында ұрпақтан-ұрпаққа ғибрат болар шындық сабақтары жатады.
Кеңес Мұстаханұлы тәрбиенің де, білімнің де ең ғажабы шындықты білу, шындық жолындағы күресті меңгеру екені жайында толғанады. Бұл өмірде шындықты білудің, шындықты өзгеге білдірудің, шындықты танудың, шындықты өзгеге танытудың, шындықты қорғаудың, шындық жолында күресудің рахатынан азабын көбірек көрген, сонда да бүгілмеген, иілмеген азаматтың жүрегінен шығатын сыр. Шындық әрқашан кісінің маңдай алдында жарқырап тұрмайды. Адамзат шындықты жүректің көзімен ғана көреді. Жүректің көзі біреуде ашық, біреуде жабық, біреуде бар, біреуде жоқ.
Шындықты, әділеттілікті көріп қана қоймай, оның мәні мен мәнісін өзгеге айтып, түсіндіруге, өзгелерді шындықтың шындық екеніне, әділеттіліктің әділеттілік екеніне сендіруге, иландыруға тура келетін қилы кезеңдер болады. Ондай кездерде кеудесінде сенімі, сәулесі жоқ жанға шындықтың шындық екенін, әділеттіліктің әділеттілік екенін қанша айтқанмен, ол сөздің дыбысын естиді де, мағынасын ұқпайды.
Бір кеуде бар – сенім ұялаған, сәуле дарыған. Ол – қазыналы алтын сандық. Бір кеуде бар – сенім де, сәуле де жоқ. Ол – тастай қараңғы түнек. Елдің басы боданда, ердің басы ноқтада болған заманның бұлғағында отаршыл орданың сомсынған, зорсынған болмысы осындай еді – жүрегінде көзі, кеудесінде сәулесі жоқ, түнектей түнерген бір сұрапыл еді.
Адамның жүрегіндегі көзі, кеудесіндегі сәуленің көзі шындық, әділет жолында ғана ашылады. Өмір жолының тар соқпақ болу себебін білемін деушілер жарық дүниеде жүрегінің көзі ашық, кеудесі сәулелі жандар мен жүрегінің көзі жабық, кеудесі қараңғы жандардың қатар жүріп келе жататынымен, жай жүріп келе жатпай, үздіксіз күресіп келе жататынымен байланыстырады. Егер де дүниеде жалғандық, әділетсіздік деген болмаса, елдің бәрінің жүрек көзі ашық, кеудесі сәулелі болса, елдің бәрі шынның жүзімен жүрсе, әділеттің жолында болса, онда ешкім шынның, әділеттің қасиетін, қадірін жете біле алмас еді деуші ғұламалар да бар. Негізсіз емес. Өйткені адам өмірінің мәні жалғаннан – шынды, әділетсіздіктен әділеттілікті өз ақыл таразысына салып, өзі танып, өзі қорғауында. Өмірдің адам баласы үшін сынға айналуының сыры осындай болатын көрінеді.
Кеңес Мұстаханұлы өзінің сөзімен де, ісімен де адамның өмір жолының осындай сынды, сындарлы шындықтарын басынан өткеріп, иығымен көтеріп, жүрек көзімен көріп білгенін аңғартады. Адамның өмір жолының, әсіресе мемлекет қайраткерінің өмір жолының саясат пен азаматтық күрес жолы екенін шынайы, шыншыл пайыммен саралайды.
Кеңес дәуірінде биік қызметте болған азаматтардың өтпелі кезеңнің шындығын шынайы, ақиқаттан аттамай, жалғанға бармай көрсетуінің тарихи, танымдық, тәрбиелік маңызы зор. Кеңес Мұстаханұлы өз басынан өткізген, өзі көзімен көрген, есінде сақтаған, жүрегінде хаттаған шындықты сараптан өткізеді, ел тыныштығын бәрінен биік қояды, ұсақ-түйек «нәрсенің бәрін көнбіс мінезімен көміп» тастайды, рәсімнен аспайды. Отарлаушы күштің үстемдігінен ел үшін, елдің бірлігі үшін өз басы қиянат көрсе де, дұшпанға сыр білдіріп, үн шығармайтын бір адам, ең болмағанда бір адам болуы керек қой деп толғанады. Өзі сол адам болуға бел буады. Сол буған белін, сол алған шешімін бұзбайды. Мұндай ерен шешімді екінің бірі емес, ірінің ірісі ғана қабылдай алады. Анығына келгенде, бұл ірінің ірісі қабылдайтын ерекше шешім ғана емес, бұл – Кеңес Мұстаханұлының өмірлік ұстанымы, адамгершілік келбетінің таза, ардақты, нұрлы ажары. Елдің ынтымағы мен бірлігі, тыныштығы үшін қиянатқа қарсы әділетті қорған еткен, жанына батқан жаланың жарасы қанша қинаса да, сырын сыртқа білдірмеген, үнін шығармаған адамды ілгерідегі жыраулардың дәстүрімен хас батыр деуге болар еді, біздің заманымызда мұндай кісіні хас батыр деу жеткіліксіз. Мұндай адамды адамның абзалы деген дұрыс. Себебі ол өтпелі өмірдің өтпелі кезеңінің тар жол, тайғақ кешуінде ердің еренінен, адамның абзалынан ғана табылатын кемел қасиеттерімен танылды.
Кеңес Мұстаханұлы өзімен араласқан адамдардың іс-әрекетін адал бағалайды. Дерексіз, негізсіз сөйлемейді. Сөз қумайды. Ой жорымайды. Әр нәрсенің анық-қанығына жетеді және бәрін де анық, азаматтық айқын көзқарас тұрғысынан сараптайды. Соның бәрінде тәуелсіз Қазақстанның ұлттық рухани асыл құндылықтарын, биік адамгершілік қағидаларын негізге алады.
Кеңес Мұстаханұлы өмір жолында өзіне жақсылық жасаған асыл азаматтарға, олардың рухына өзіне тән сабырмен, кеңдікпен шын көңілден құрмет көрсетеді, өзіне дұшпандық жасаған жандардың жайын айтқанда, әділеттен таймайды, әсірелеуге бармайды. Өз басынан өткен оқиғалардан, өзгелермен қарым-қатынас барысында көзі жеткен жайлардан азаматтық ұстанымының беріктігін білдіретін мағыналы пікір түйеді, адамгершілік болмысының байлығын көрсететін маңызды қорытынды жасайды. Олардың бүгінгі жастар үшін де тәрбиелік мәні, танымдық, тағылымдық маңызы үлкен.
Көкірегінде сәуле, көңілінде сенім жоқ, бірақ жаттың жарлығымен жар салып, қолына қару ұстаған адам біреуді ұрмай, біреуді соқпай, зұлымдық жасамай тұрмайды. Ондайлардың зұлымдығынан талайлар зардап шеккен, ақиқат аяқасты, ер етекбасты болған. Сондайлардың билігінен небір әздер қақ бөлінген. Сондайлардың қиянатынан небір ғазиз жүрек махаббат пен ғадауат қан шашып шайқасқан майдан даласына айналған. Кеңес Мұстаханұлының: «Өмір жолы – тар соқпақ...» – деп Абайды жүрегінің түбіне терең бойлап қайталауында осы шындықтың шырылы бар.
Көкірек көзі ашылмаған, білімсіз, біліксіз жандардың зұлымдыққа баруына, баруға дайын тұруына таңғалуға болмайды. Өйткені олар өзінің бастапқы қалпына тартпай қоймайды. Соған қарамастан, Кеңес Мұстаханұлы олардан да адамшылық негіздерін іздейді, іздегенін таба алмаған соң, әлгілерден көңілі қалғандай күйге түседі, жабырқайды. Өз өмірінің сабақтарын саралай отырып, өзінен кейінгілердің жағдайын ойлайды, өмір, дүние деген қанша кең болса, адамның өмір жолы сонша тар екенін ескертеді, өзіне сабақ болған өмір тәжірибесінен өзгелердің де ғибрат алуы артық болмайтынын сездіреді. Бастық болған адам адамгершілікті ту қылып көтерсе, айналасына адамгершілікті биік ұстайтындар үйірілетіні, айлакерлікті демесе, айлакерлер қаулап шыға келетіні туралы пікірінен биік кісілік, үлкен адамгершілік, нағыз азаматтық аңғарылар еді. Пікірдің сыртқы түрі жарқырап көзге ұрып тұрған жоқ, қарапайым, шынайы. Сөйте тұра онда адамзат ақыл-ойының биігінен айтылғандай даналық бар.
Аласапыран кезеңнің жел болып соққан, сел болып аққан сұрапылынан тау мен тас бұзылғанда бұзылмаған, ақ қар, көк мұзында буыршын тайып жығылғанда тапжылмаған, нардың табанынан өтіп, маңдайынан шыққан суыққа бойын алдырмаған, сөйтіп кісілік, адамшылық келбетіне шіркеу түсірмеген, шынға, әділетке тұрған қайраткер тұлғалардың қатары қашанда сирек. Ол – тау мен тас бұзылғанда бұзылмаған, буыршын мұзға тайған күнде тапжылмаған, нардың табанынан өтіп, маңдайынан шыққан суыққа алдырмаған, ел басына күн туғанда кісілік келбетіне шіркеу түсірмеген, шынға, әділетке тұрған, сыры терең, кісілігі кемел адам.
Кеңес Мұстаханұлы – адамзат қоғамының тарихында жүз жылда, бәлки мың жылда бір келіп соғатын аласапыран өтпелі кезеңнің тар жолы мен тайғақ кешуінен өткен, оның жүрекке түскен салмағына төзген, шынға, әділетке шыдаған, жалғанға, әділетсіздікке бұрмаған мемлекет қайраткері.
Тәуелсіздік үшін күрестің сұрапыл кезеңінің ақ қар, көк мұзынан таймаған, ауыртпалығын қайыспай көтерген, өмірдің сынынан сынбай, тезінен майыспай өткен асыл азамат.
Халық даналығын, адамгершілікті ту қылып көтерген, көтеріп келе жатқан абзал адам.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры