Еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көпшілігі өз жұмысында экономиканың құрылыс, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріп, ауыл шаруашылығында өңірлердегі тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен ондағы өнімдерді пайдаланудан аспай отыр.
Мәселен, аймақтардың біріндегі ӘКК-де 58 млрд теңгені құрайтын 17 жобаның бар болғаны 5,7 пайызы ғана ауыл шаруашылығы жобаларына тиесілі болса, 70 пайызы құрылыс саласын қамтыған. Бұл туралы Мәжілісте палата төрағасының орынбасары Владимир Божконың қатысуымен «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуда Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі туралы және осы негізде жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін үзіліссіз қамтамасыз ету туралы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Отырыста баяндама жасаған және жиынға төрағалық еткен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысына қатысты бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдалануға қатысты ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Мәселен, тұрақтандыру қорында сақталатын көкөністің жарамдылық мерзімі шектеулі болғандықтан, өнімнің бүлінуіне байланысты шығын қаупі бар. Сондай-ақ бірқатар өңірлерде өнім сатып алуға бөлінген қаражат уақытында пайдаланылмай, корпорациялардың депозиттік есепшоттарында жатып қалған.
– Біздегі мәліметтерге қарағанда, бірнеше облыста тұрақтандыру қоры құрылмаған, бірқатарында шығынды деп есептелгендіктен ӘКК-ды тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағдарламасынан шығару туралы ұсыныстар берілуде, – деді С.Омаров.
Депутаттың пайымдауынша, ауылдық елді мекендердегі шағын және орта бизнес өкілдеріне өндіріс пен өндірілген өнімді сатуда қиямет-қайым
азаяр емес. Олардың коммуналдық базарларға тікелей шығуына да толық жағдай жасалмаған. Осының салдарынан өндіруші мен тұтынушылар арасындағы делдалдардың айы оңынан туып тұр. Оған қоса, ауылдық бизнес өкілдері кәсібінің жоспарын жасап, кіріс-шығысын дұрыс есептеуге қауқарсыз болғандықтан, несиелік ұйымдармен байланыстары шатқаяқтап тұр.
– Шағын және орта бизнес тұрақты азаматтық қоғамның негізі және халықтың әл-ауқаты да соған байланысты болмақ. Бұл жөнінде елдің бағдарламалық құжаттарында және Мемлекет басшысының жолдауларында бірнеше рет атап көрсетілген, – деді комитет төрағасы.
Тақырып бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өз сөзінде елімізде 17 ӘКК жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылғаннан бастап (2007 жылдан) жеке сектормен серіктестік аясында 230 инвестициялық жоба жүзеге асырылған болса, оның 34,6 млрд теңгеге бағаланған 68-і ауыл шаруашылығы өндірісіне тиесілі екен. Ал қазіргі уақытта корпорациялар қарауында ауыл шаруашылығы өндірісі саласының сомасы 100 млрд теңгеден асатын 29 жобасы қаралып жатыр.
Осылай бола тұра, былтыр барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кірісі 32,7 млрд, ал шығысы – 31,4 млрд теңгені құраған.
Отырыста сөз сөйлеген «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов: – Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басым бөлігінде жергілікті бюджетке ағымдағы ақшалай қаражатты қайтару, бұзылған азық-түлікті есептен шығару, үстеме шығынның орнын толтыру сынды проблемалардың болуы жасырын емес. Сондықтан корпорациялар тұрақтандыру қорының мақсаттылығы туралы мәселе көтергені заңды, – деді.
Сонымен қатар басқарма төрағасы заң шығару деңгейінде қарастырылып жатқан «Бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы жергілікті атқарушы билікке Тұрақтандыру қорының ережелеріне өз бетінше өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Астананың ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері қатысты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»