Қостанай облыстық ауруханасында «Эндохирургия мектебі» өтті. Оған сарапшылар – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан хирургтер қауымдастығының, Қазақстан эндохирургтер қауымдастығының құрметті мүшесі, америкалық «SAGES» гастероэнтерологиялық хирургтер қауымдастығының мүшесі, «Alanda clinic» медицина орталығы директорының клиника бойынша орынбасары Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры, Қазақстан эндоскопиялық хирургтер қауымдастығының президенті, АМО эндохирургиялық қызметінің жетекшісі, Ақтөбе қаласындағы ОБКА эндоскопиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, IPEG мүшесі Владимир Котлобовский, жоғары санатты хирург, Репродуктивті медицина институтының бас дәрігері, гинекологиядағы эндовидеохирургия бойынша курс жетекшісі, Қоғамдық гинекологтар-эндоскопшылар бірлестігінің вице-президенті Данияр Жақыпов қатысып, облыс хирургтеріне «Эндохирургиядағы қауіпсіздік негіздері» атты жалпы тақырыпта семинарлар өткізді.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник эндовидеохирургияның дамуымен Қазақстанда медицина тарихының жаңа кезеңі басталғанын айтты.
«Біз денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды барынша енгіземіз, елімізде жоғары білікті мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалуда» деді Вячеслав Юрьевич. Негізі бүгінде эндоскопиялық операция хирургия саласында белең алып келеді. Мұндай операциялар тек облыс орталығында ғана емес, Меңдіғара, Әулиекөл секілді облыстың бірнеше ауданында да жасалады. Дегенмен, жаңа заманауи медициналық жабдықтар, технологияларды енгізу хирургтерге қауіпсіздікті ұмытпауды талап етеді.
Профессор Серік Тоқпанов хирургтердің ғана емес, жалпы дәрігерлердің басын қосатын мұндай шаралар жиі өтуі керектігіне маңыз берді.
«Өйткені қазір аурудың бір-бірімен байланысып жататынына медицинада маңыз беретін кез келді. Сондықтан хирургтер медицинаның бар саласындағы дәрігерлермен жиі араласуы, пікірлесуі қажет-ақ. Мысалы, өттегі тасты УЗИ-ге түсіреді, ол бірде кішкене, бірде зорайып көрінеді. Ол бәрібір еріп, жоқ болып кетпейді, құр әшейін дәрі де, уақыт та шығын болады. Сол сияқты хирургиялық гастероэнтерологияда да көптеген мәселе бар. Диагностиканың дұрыс болмауынан да көптеген науқас аурудың зардабын шегеді. Ал хирургтер мен дәрігерлердің бас қосуы, пікір алмасулары қателіктерді азайтады» деді Серік Имақұлы.
Профессорлар қатысқан семинарларда облыс дәрігерлері, хирургтері бірнеше тақырып бойынша пікір алмасты, медицинадағы жаңа технологиялар туралы сабақтар тыңдады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Egemen Qazaqstan
Қостанай