Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай
Ақпанның ызғарлы күні Аққайнар ауылына келіп, алғашқы пікірлескеніміз түрік этносының өкілі 70 жастағы кейуана Гүлзада Туфанова болды. Мінезі кісі жатырқамайтын жанмен бірден әңгімеміз жарасып кетті. Бұған дейін ауылдың аты сан өзгеріп, шығысы мен батысындағы өзен мен шағын көлге байланысты келімсектер Прудки деп айдар тақса, кейінгі қоғам дамуындағы өзгешеліктерге байланысты Ворошилов, Новая жизнь, Молотов, тағы басқа атауларға ие болған. Сұрапыл соғыс жылдарында тағдырдың тәлкегімен еріксіз жер аударылған түріктер мен әзірбайжан ұлтының өкілдері де осыннан тұрақ тапқан. Солардың бірі Паша мен Мәнәштің отбасы. Әке-шешесі Қазақстанға қоныс аударғанда Гүлзада екі жаста еді. Содан бергі бар ғұмыры осы ауылмен сабақтас. Кейуана осындағы еңкейген кәрі, еңбектеген балаға дейін атын атап, хал-жайын тәптіштеп тұрып жеткізеді. Дерегі мен дәйегі мұрағатқа бергісіз. Кішіпейіл, көпшіл жанның ауылдастарына деген ниеті де кіршіксіз екен. Бұған біз де қуандық.
– Алланың бұйыртқан несібесін теріп, бала-шағаның амандығын тілеп отырмын. Марқұм жұбайым Бинали екеуміз он бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де оқыды, ержетті. Қолымда кіші ұлым Серік екеуміз тұрамыз. Балалардан 26 немере, 1 шөбере сүйдім. Балаларды жеткізу үшін колхоздың қара жұмысына жегілдім. Бақшада, қызылшада, әйтеуір науқандық жұмыстың бәріне де араластым. Көршім Болат Омаров, Талғат Жарасбеков, Көкен Үмбетова, тағы басқалары туған-туыстан жақсы. Аяқ-табақ араласып, күніне бір кіріп, “Не істеп жатырсыңдар?” деп сұрамасақ, көңіліміз көншімейді, – деп таза қазақша сөйлегенде еріксіз риза боласың. Мақал-мәтелдің де майын тамызады. “Түрегеп тұрғандарың не, отырыңдар қыс сендердің бойларыңдай болса не жанымыз қалады”, деп те қояды. Кейуана жоғарғы ауылдағы Жарылғаптармен құда болғанын, келіні Ұлбосынға деген енелік мейірімін де ортаға салды.
–Балалы үй – базар деген ғой. Қазір он баламмен бірге Фарида қызым 5 сыныпта оқиды, – деп айтқаны сол еді, талдырмаш келген қағылез қыз ішке кірді. “Сәлеметсіздер ме”, деп бәйек. Қазақы тәрбие алғаны көрініп тұр. Бұл сырды біз де бүгіп қалдық.
Көршілерімен тату-тәтті тұратын Гүлзада өзінің де, өзгенің де бағасын білетіндей. Өмірге бейім, барын ұқсатып, бала-шағасына жөн сілтеп, бүгінгі қоғамдағы жаңалықтарды қалт жібермейді. Бәрін біліп, көкірегіне түйген. Баласын тастаған қатыгез жандарды түсінбеймін. Әлі де әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған сәбилерді бағар едім, дейді. Біз жасы келген адамға ондай мүмкіндік берілмейтінін түсіндірдік.
– Фаридам аман болсын. Ол Зүлфия, Гүлбахар, Болат, Айдын, Гүлбатон, Гүлбаяз, Шайзада, Зулайха, Ася, Серік бауырлары мен әпкелерінің арқасында бақытты болатынына сенемін. Өзі мектептегі қоғамдық жұмыстан шет қалмайды, үздік оқиды, – деді.
Сыйластық пен тату-тәтті көршілердің арасында дастарқан ғана емес, туғандарда кездеспейтін ізгі қарым-қатынас та орныққан. Құдай қосқан көршілері бір жолғы ат бәйгесіндегі жүлдесі – “Жигули” автокөлігін Серігіне сыйлапты. Есік алдындағы автомәшиненің жайы да осылай ашылды.
Гүлзаданың айтқанымен көшенің аяғындағы Қазыбектің шаңырағына келдік. Жан-жағы қоршалған, жаңа үлгіде салынған құстың ұясындай үйдің табалдырығын аттадық. Сыртта аяз қысқанымен, үй жылы, тап-тұйнақтай. Үй жиһаздары, қалы кілем, балалар сабақ оқитын бөлме ұқыптылықпен жабдықталыпты. Мақашовтар отбасындағы Ғалым мен Марал жасынан денсаулықтары болмай, ІІ топтағы мүгедек ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады екен. Екеуі де әп-әдемі. Алайда тағдырға не шара. Әңгіме барысында Қазыбек тұрмыс түйткілдері жайлы шешіле сөйледі.
– Ауылдың ынтымақ-бірлігі жақсы. Бәрі бірін-бірі жақсы білетіндіктен де шығар, осының арқасында қиындықты көп сезе бермейміз. Жаңа жыл қарсаңында Елбасының тұрғын үй бағдарламасымен салынған жаңа үйге қоныстандық. Зайыбым Үрімхан мен балалар мәз болды. Осыған қосымша жолдастарым бірігіп, мына үй жиһаздарын әкеліп, орнатып берді, – деді салмақты сөйлеп. Балаларын емдетуге де сыныптастарының көп көмегі тигенін жеткізді. Серік, Балтабек, тағы басқа жолдастары үнемі ұмытпай, хабарласып тұрады екен. Бір кездері Ғалымның тағдыры қыл үстінде болып Алматыдағы ауруханалардың есігін ашып, қиналғанда да олар қолұшын беріп, баланың денсаулығының жақсаруына көмектескен.
Бүгінгі қаржы дағдарысына қарамастан, пейілі кең, жүрегі жомарт жандардың әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасына қолұшын беріп, демегені қандай ғанибет.
Аққайнардың жыл өткен сайын сәулетіне сәулет, дәулетіне, дәулет қосылған. Ескі тұрғын үйлердің орнын жаңасы алмастырған шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер де жұмыстарын дөңгелетіп әкеткен. Солардың қатарында “Төре” шаруашылығының жетекшісі Қамбар Сансызбайұлы бастаған шағын және орта кәсіпкерлердің де еңбегі айтуға тұрарлық. Өткен жылдары мұнда мәдениет үйі, ауылдық округтің ғимараты мен екі қабатты амбулатория, мешіт, байланыс бөлімшесі салынып, ел игілігіне ұсынылыпты. Тоқаш Бокин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе, білім шаңырағы ақпараттық технологиялардың соңғы үлгілерімен толық жабдықталған. Оқушылар бір мезгіл тамақтанатын 250 орындық асхана, 200 орындық мәжіліс, спорт залдары мен 25 пән кабинеттері бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі алғышартты орындауға мүмкіндік беруде. Сонымен бірге, интернетке қосылған компьютер сыныптарында шәкірттер әлемдегі жаңалықтардан хабардар болып, білім деңгейлерін толықтыруда. Ұстаздардың кәсіби біліктілігі де жақсы.
Қазіргі кезде елді мекенді 2300 халық мекендесе, ондаған этнос өкілдері мемлекеттік тілге деген құрметімен, дәстүр-салтқа адалдығымен ерекшеленуде. Мектепетегі мұражайда ауылдың тарихы мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, бүгінгі бейбіт заманда туған жерінің абыройын асқақтатқан аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі істері жан-жақты қамтылыпты. Сұрапыл соғыс жылдарында Сталинград қаласын қалпына келтіруге аттанған 88 қыздың бірі – Асина Бегалиева, соғыс ардагері Мұқат Сейдуалиев, І-ІІ дәрежелі “Даңқ” ордендерінің иегері Әбіке Үмбетов, тағы басқаларының ерліктері мен халық шаруашылығын қалпына келтірудегі ерен істерін жерлестері мен бүгінгі жас ұрпақ ұмытпай, үлгі-өнеге ретінде қабылдауда.
Өздеріне жасалған қамқорлыққа риза тұрғындар байлықққа да құмартпайды. Қораларындағы азын-аулақ малы мен шағын жерін өңдеп, қысқа қор жинап, жаздай бір тынбайды. Бұдан балалары да шет қалмайды. Сондықтан да болар, ауылда бұзақылық жасап, елді дүрліктіретіндер жоқ. Күн сайын Алланың бергеніне тәубе етіп, көрші-қолаң жиналып, әңгімелерін әріден бастайды. Қарап тұрсаң, Гүлзада тәрізді ауылдағы бар жаңалықты алақандағыдай айтып беретін жандар жеткілікті. Өйткені, олардың ынтымағы-ырысқа, достық пейілге ұласқан. Адам сыйласқанының құлы деген. Сұрастыра келгенде ұядай ауылдағылардың бір-біріне нағашы, құда, жиен, жекжат екенін білдік. “Мені де қазақ құдаларым ешқашан бөлген емес. Арамызда оралмандар да бар. Үйреніскенше оларға да жөн сілтеп, білгенімізді айтамыз”, деген кейуана кешегі жақсылықты бүгінге жеткізген көненің көзіндей. Әппақ мамыққа оранған айналада тыныштық орнаса, әр үйдің мұржасынан будақтаған бұйра түтін түзу ұшып, тіршілікке жан бітіргендей.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.