• RUB:
    4.85
  • USD:
    444.14
  • EUR:
    477.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2019

Қоғамдық кеңестер «ақсақалдар жиналысына» айналмасын

297 рет
көрсетілді

Елімізде мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы түсіністік көпірі ретінде құрылған қоғамдық кеңестердің жұмысы биыл түбегейлі жаңғыртылады.

Қазір Қоғамдық даму минис­трлігі «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға өзгерістер мен толық­тырулар әзірлеп жатыр. Өйт­кені қоғамдық кеңес институ­ты пайда болғалы олардың жұ­мы­сын ұйымдастыру мен жүр­гізуге байланысты ұсыныстар мен сын-ескертпелер көбейген. Ол ұсыныстардың негізгілері Аста­нада қоғамдық кеңестердің II рес­пуб­ликалық мәжілісінде талқы­ланып, оның нәтижесі мәжі­лістің қорытынды қара­рында көрсетілді.

Елімізде 2016 жылдан бе­рі Елбасының «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспары бойын­ша 229 қоғамдық кеңес құрыл­ған. Атап айтқанда, қазір 16 рес­пуб­ликалық және 213 облыстық деңгейдегі қоғамдық кеңестер жұмыс істеп тұр. Олардың жұ­мысына төрт мыңға жуық адам тартылған. 

Алайда, Қоғамдық даму ми­нис­трлігі Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы­ның сын-ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, қоғамдық кеңестердің жұмысын одан әрі жетілдіруге ниетті. 

Республикалық мәжілісте жасаған баяндамасында Қо­ғам­­дық даму министрі Дархан Кәле­таев қоғамдық кеңестер жұмы­сына талдау жасай отырып, қа­зір­гі қалыптасқан ахуалға байла­нысты сын-ескертпелерін де жеткізді.

Министр, біріншіден, қоғам­дық кеңестер жергілікті мәсли­хат­тардың құзыретін қайта­ламауы тиіс екендігін ескертті. 

Сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мы қоғамдық кеңестердің құра­мын­дағы үкіметтік емес ұйым­дар­дың үлесінің аз екендігіне назар аударған. Қазіргі уақытта олар­дың үлесі 35 пайыздан ас­пай отыр. Оған қоса, кеңес­тер­дің құ­рамын ардагерлер ұйым­дары­ның өкілдерімен, саяси пар­тия мүшелерімен, бұрынғы мем­ле­кеттік қызметкерлермен толық­тыра салу үдерісі бе­лең алған. Сондықтан да халық­ара­лық ұйымдар азаматтық қо­ғам­­ның елдегі қабылданатын ше­шім­дерге ықпалын төмен бағалаған. 

Осы көріністерге байланыс­ты Д.Кәлетаев қоғамдық кеңес­тер­дің «ақсақалдар жиналысына» айналып кеткендігін сынға алды. 

– Қазір қоғамдық кеңестер құдды бір «ақсақалдар жиналы­сына» айналып кетті. Кеңес мүше­лерінің 60 жастан асқан­дарының үлесі 35 пайыздан асады. Оның үстіне мүшелерінің төрт­тен үші – ер-азаматтар. Де­мек, гендерлік тепе-теңдік сақ­та­лып отырған жоқ. Ал жастардың үлесі 5 пайыздан аспайды, – деді Қоғамдық даму министрі.

Сонымен қатар облыстарда қоғамдық кеңестерді құруда халық саны есепке алынбаған. Бұл тұрғыда қоғамдық кеңес­тер­ді көбейтіп жіберген Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары мысал ретінде айтылды. 

Қоғамдық даму министрі қоғамдық кеңестердің шешімі мемлекеттік органдарға тек ұсы­ныс түрінде берілетіндіктен, жұ­мыстың нақты нәтижесі мен орын­далуын бақылау оңайға соқ­пайтындығын айтты. Оған қоса, қоғамдық кеңестердің сайттары тек жалаң ақпараттармен, жеңіл-желпі есептермен толықтырыла салған. 

Алдағы уақытта қоғамдық кеңес мүшелері аймақтың ха­лық санына шақталуы, жұмы­сының тиімділігін анық­тауға бағыт­талған іс-шаралармен қа­тар, әрбір азаматтың, ұйым­ның белсенділігі де талданып, сыйақы төлеу жүйесі енгізілуі мүмкін.

– Қоғамдық кеңес мүшесі үш жиынға қатыспаса, мүшеліктен лезде шығарылады. Сондай-ақ басқа кеңестерге кіруіне шектеу қойылады. Бір сөзбен айтқанда, енді «қара тізім» жасалады, – деді Д. Кәлетаев. 

Жалпы, арада үш жыл салып ұйым­дас­тырылған респуб­ликалық мәжіліске еліміздің бар­лық ай­ма­­ғынан келген қо­ғамдық ке­ңес өкілдері, сарапшылар қа­­уымдастығы, үкіметтік емес ұйым­­дар, мемлекеттік ор­гандар мен ха­­лықаралық ұйым­дардың 300-ге жуық өкілі қатысып, ой­­лар­ын, жоспарларын ортаға салды. 

Осы жиында белгілі бол­ған­дай, қоғамдық кеңестер аза­маттардың құқықтары мен бос­тандықтары, міндеттеріне қатысты 12 мыңнан аса норма­тив­тік-құқықтық актілер жобасын қараған, мемлекеттік қыз­меттер сапасы мен басқа да мә­се­лелерге қатысты 1069 қоғамдық тыңдау ұйымдастырған, түрлі дең­гейдегі 213 әкім мен 16 орта­лық және 1300-ден астам жер­гі­лікті өзін-өзі басқару органының басшыларын тыңдаған.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»