Хоккейден Гагарин кубогының плей-офф кезеңінде бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» Төменгі Новгородта жергілікті «Торпедо» командасымен үшінші кездесуін өткізіп, 1:3 нәтижесімен жеңіліп қалды.
Ойындағы есепті бірінші болып жерлестеріміз ашты. Екінші кезеңнің 29-минутында Мэттью Фрэттин қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Бірақ осы кезеңнің өзінде-ақ «Торпедо» хоккейшілері таразы басын теңестіріп, одан кейін есепте алға шықты. Алдымен 33-минутта Денис Баранцев, 38-минутта Филип Хольм «Барыс» қақпасына шайба соқты.
Үшінші кезеңде қос команда да алға қарай ұмтыла түсті. Ойынның соңында есепті теңестіруге тырысқан «Барыс» мұзайдынға қақпашы Хенрик Карлссонды алтыншы ойыншыға алмастырған-ды. Өкінішке қарай, кезекті бір шабуылда «Торпедо» хоккейшілері бос қалған қақпамызға үшінші шайбасын соғып кетті. Шайба авторы – Денис Баранцев. Қорытынды есеп – 3:1. Ойындар сериясы бойынша «Барыс» әзірге 2:1 есебімен алда тұр. Екі команда арасындағы төртінші кездесу бүгін өтеді.