• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2019

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Атырауға барды

1051 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы шараларды ұсынған болатын. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының Атырау облысына сапары Президенттің осы тапсырмасын – «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіруге арналды.

Кездесуге мұнайлы аймақ халқы ықыласпен жиналды. Партия съезінде Елбасы атап көрсеткен тапсырмалар көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мемлекет қолдауына мұқтаж әлеуметтік осал топтардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы Атырауда да кеңінен жүргізіледі. Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғы­лым министрі К.Шәмшидинова, Ден­саулық сақтау министрі Е.Біртанов, Құ­рылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов, Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің төрағасы Қ.Рыскелдинов және  әлеуметтік блоктың бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы  кездесуде Елбасы тапсырмасын іске асыру жайттарына тоқталды.

– Елбасы «кез келген экономикадағы жетістіктер, геосаясаттағы табыстар әр қазақстандықтың өмірінің оңалуына әсер етпесе, мәні болмайды» деп атап көрсетті. Қазақстанның жаңа даму кезеңі басталды. Бұл әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлумен, мемлекет көмегін қажет ететін отбасыларға қарайласумен басталып отыр, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова. – 2025 жылға дейін еліміз бойынша 40 мың пәтер беріледі. Әр өңірде аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтер мамыр 

айынан бастап беріледі.

«Әлеуметтік қамқорлық» шарасы кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсартуға, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған тапсырмаларды қамтиды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев: «Әлеуметтік реформалар аясында әр отбасының құрамы мен байлығы туралы мәліметтер енгізілетін арнайы әлеуметтік карталар жасалады. Мұнда олар қажет ететін қолдау шаралары көрсетіледі. Көп балалы аналардың өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталады», деп атап өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көп балалы, жұмыссыз аналарды жаңа кәсіпке бейімдейтін «Isker Ana» жобасының басталғанынан хабардар етті. Жаңа әлеуметтік бағдарлама мен Жастар жылының аясында мұнайлы өңірде басқа да көптеген бастама қолға алынады.

Кездесуде тұрғындар тарапынан са­уалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Жұмыс тобының сапары облыс орталығымен шектелмей, Махамбет, Мақат аудандарына барып, халықпен кездесумен, әлеуметтік нысандарды аралаумен жалғасты.

Премьер-Министрдің орынбасары бастаған жұмыс тобы әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған тұр­ғын үй кешені құрылысымен таныс­ты. Жұмыспен қамту орталығы, ха­лыққа қызмет көрсету орталығы, Х.Дос­мұхамедов атындағы Атырау мем­ле­кеттік университетінің студенттер үйіне де Астанадан келген мәртебелі мей­ман­дар ат басын бұрды. Сондай-ақ аудан әкімдерімен, кәсіпорындардың, кәсіп­одақтардың басшыларымен кеңес өткі­зілді. Өндірісті жаңғырту, еңбек қауіп­сіздігі, еңбекақыны уақтылы алу мәсе­лелері көтерілді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

АТЫРАУ