• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2019

Архипов деген ауыл бар

1234 рет
көрсетілді

Жылы үйде жаның шуақ табады

Меңдіғара ауда­нына қа­расты Архипов деген ауыл бар. Өзге ауыл­дар секілді бұл да сырттан қара­ғанда ақ көрпе­сін жа­мы­­лып, бұйығы жатыр. Мұр­­жа­дан шыққан түтін жоқ, от жақ­па­­ған­дай, тым-тырыс. Ауыл шетіне іш­ке­рілей берген­де ұзын көшенің оң жақ қапталынан жап-жаңа су құбыры жете­лей жөнеледі. Ауыл орталық­тан­ды­рылған қазан­дық­тан жылытылады екен. Соңғы жылдары құбырдың ескілігі сыр бергенде, ауылдастардың көңілі қобалжи бастаған. Өткен жылы «Заря» акционерлік қоғамының президенті Александр Климко шаруашылықтан 51 миллион теңге бөліп, Кеңес Одағынан қалған ескі жылу құбырын қайта жаңарт­ты. Негізі, бұл ауылдың әйел­дері Кеңес Ода­ғынан бері пеш­ке от жағып көрген емес.

– Жұмыстан шаршап, даладан тоң­ып келгенде, үй ішінің жылып тұр­ғанына не жетсін. Күндіз-түні бір­қа­лып­ты. Отын, көмір іздемейсің, түн орта­сынан тұрып от жақпайсың, күл шығармайсың. Бұл төңіректе мұндай рахатты архиповтіктерден өзге көріп отыр­ған елді мекен жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Ольга Монахова. 

Қазір ауылдарда мал ұста­май­­­тын тұр­ғын­дардың, сиыр сау­майтын әйелдердің қарасы көбей­ген. Сүт пен сары майды дүкен­нен сатып алады. Мұны басқосу­ларда жұрт кәдімгідей уай­ым етіп айтады. «Қайда бара жатырмыз?» дейді. Ал Архи­пов тұрғындарының мал ұста­май­ты­ны кемде-кем, тіпті жоқ деуге болады. 

– Қорамызда түйеден бас­қа­сы­ның бәрін ұстаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Юрий Тяпкин. – Машина-трактор шеберханасында дәнекерлеуші болып істеймін. Әйелім де жұмыста. Сүтті таңер­тең арнайы машина келіп алып кетеді. Жем-шөпті күзде үйге түсі­ріп береді, қыста жетпей жатса, «колхоздан» жаздырып ала­мыз. Ешнәрсеге жан қиналып, зәру болған емеспіз. Ауыз суы ащы болса да, Архиповтей жер жоқ секілді көрінеді өзімізге. 

– Біздің Архиповте мал ұста­ма­ған күнә секілді, қатардан қал­ған­дық болып көрінеді. 7-8 сиырға дейін ұстайтындар бар, бір механизатор жігіт 12 сиыр ұстайды. Сүттің литрін 90 теңге­ден ауда­н орталығындағы май зауыты алады, әр он күнде ақшасын әкеліп алақанға салып отыр. Одан артық не керек? Қалтамыз ақша­сыз болмайды, бәріне жете­ді, – дейді машина-трактор шебер­ханасының меңгерушісі Дүй­сен­бай Досжанов. 

«Колхоз» – ауылдың қамқоры

Архипов ауылы Кеңес Одағы тұсын­да «Заря» ұжымшарының орта­лы­ғы еді. Шаруашылықта басқа тү­лік­ті айтпағанда, 2500 ірі қара мал ұста­ды. Машина-трак­тор шеберханасы, қойма­лар, орта мектеп, клуб, балабақша, ас­хана, кеңсе – бәрі-бәрі болды. Әдет­те, кез келген ауылдың осылай кешегісін айтқандар сөзінің соңын «бүгін соның бірі де жоқ» деп аяқтайтыны бар. Біздің әңгі­ме­міз олай бұрылмайды, бү­гін­де Архиповте әлеуметтік ны­сан­­дардың шекесі бұзылмай сақ­­талған. Оны айтасыз, тіпті шаруа­­шылық та банкрот болған жоқ, тек малдың саны азайды деме­сең, ол да сақталды. Оның бас­шы­сы да сол күйінде, яғни ке­шегі «Заря» ұжым­шарының төрағасы Александр Петрович Климко – бүгінгі «Заря» акцио­нер­лік қоғам­ының президенті. Ауыл­дас­тар осы «Заря» акционерлік қоғамын сол баяғыша «колхоз» деп атайды. Архипов ауылының тұрғындары да «колхозда» істе­ге­німе пәлен жыл болды» деп әңгіме бастайды. 

– Аудандағы шаруа­шы­лық­тар­дың барлығынан береке кетті ғой. Осыдан он екі жыл бұрын 30 шақырымдай жерде жатқан Татьяновка ауылынан орыс-қаза­­ғымыз бар, отыз шақты үй Архи­повке көшіп келдік. Бір уақытта кәдімгі шегірткенің кө­шіндей, Архиповті басып қал­дық. «Колхоздан» бәрімізге жұмыс табылды. Мен біраздан бері осы машина-трактор шеберханасын басқарамын, зейнет­ке де шықтым. Александр Петрович құрдасым: «Мен кеткен күні кете­сің», деп жұмыстан босатпады. Әзірге денсау­лық, күш-қуатым болған соң, мен де басшы­ның сөзін жерге тастамадым, – дейді Дүйсен­бай ағай.

Машина-трактор шеберха­на­сында үсті-басы май-май жігіт­тер техниканы көк­тем­гі дала жұмыстарына дайындап жатыр. Цех биік, еңселі, жылы. Шаруа­шы­­лық­та техниканың ескі­сі де, жаңа­сы да бар. Механи­за­тор­лар жер жыртылатын күнге дейін бәрін де сақадай сай етеді. Көк­­тем шықты дегенше Архипов ауылын­да бос жүрген бір адамды көрмейсің. Ой да, қыр да дүрліккен еңбек дума­нына айналады. Бүгінде шаруа­шы­лық­тың 6 мың гектар жері, сүт бағы­тын­дағы 800 бас ірі қарасы бар. Оның сыртында шама­­лы жылқы өсіреді. 

– Шаруашылық бұрын ұжым­шар болған­дықтан ғана осынша сақта­лып қалды. Жарғысы ұжым­дық шаруа­шы­­лық­қа ұқсайтын болғандықтан, біз акцио­нер­лік қоғам болуды таңдадық. Сон­­дық­тан жұмысшыға бұрынғы ұжым­шар­дағы секілді айлық жала­қыны саға­ты­на емес, істе­ген ісіне қарай және сый­ақы түрінде төлейміз. Барлық мәсе­ле­ні ұжым­шардағы секілді ак­цио­­­нерлік қоғам мүшелерінің қаты­­с­уымен шеше­міз, – дейді «Заря» акцио­­нерлік қоғамының прези­денті А.Климко. 

– Әр айдың 10-ында айлық жала­қы­мыз беріледі. Жала­қым­ның көлемі әр айда әртүрлі. Оған ешқандай ренішім жоқ, өйт­кені қанша көлемде жұмыс істе­г­е­німді өзім біліп отырамын. Тек жұмы­сы­­ма қарай аламын, – дей­ді дәнекерші Ю.Тяпкин. Тек бір Юрий Алексеевич қана емес, шаруашылықта еңбек ететін 145 жұмысшының барлығы да дәл осы ұстаныммен еңбекақы алады екен.

Архипов ауылындағы клуб, бала­бақ­ша, мектеп, фельдшерлік пункт, асхана секілді әлеуметтік нысандардың барлы­ғы да Кеңес Одағы кезінде бюд­жет­­тің бір тиыны шығын болмай, несие қаржы алу арқылы ұжымшардың ақша­сына салынған екен. Енді бүгін олар­дың барлығы да «Заря» акционерлік қоға­мының балансында, күтіп ұстау шаруа­шы­лық­тың мойнында. Мектептің терезе­лері бюджеттің қаржысына ауыс­тыры­лып беріледі дегенді ауылдастар бір­шама уақыт күтіпті, болмаған соң, шаруа­шы­лық өткен жылы өз қаржысына ауыстырып қойды. Ауыл ішіндегі жолдарды да шаруашылықтың өзі жөндеп алған. 

– Ауылдың әлеуметтік тұр­мы­­сы­на қара­­­масаң, адам тұра ма? Айна­лып кел­­­генде бар­лы­ғын да өзіміз үшін жа­­­сай­­­мыз. Көк­­темде ауылды қо­қыс­тан тазарту да, тұрғындардың жем-шөбін әр үй­дің қорасына түсіріп беру де шаруа­шы­лық­тың мойнында. Тұр­ғын­дар­ға бөлінген жерді шаруа­шы­лықпен бірге пайда­ла­на­мыз. Шабын­дық­қа мала­зықтық шөп, қоспалар еге­міз. Оларды рәсуа болып шашыл­мас үшін тайлап, шаруа­шы­лық­тың жұмысшылары мен тұрғындарға сатамыз. Әрине, жеңіл­дікпен алады. Ал көрші ауыл­дарға қымбатына береміз, он­сыз шығынды өтемейді, – дейді А.Климко.

Басшы сөзін ауылдастар тірілтті

– «Колхоздың» арқасында мал азығын дайын­даудың қиын­ды­­ғын сезінген емес­піз. Күзде үй­ге түсіріп береді. Ал қазір көр­­ші ауылдардың тұрғындары са­­бан сұрап келіп жүр, оны 20-30 шақы­рым­ға жеткізгенше ол қалта­сын қағып түседі. Олар ма­­лын көктемге көтерем етпей алып шығу үшін сабан іздей­ді, ал біздің малдар­дың күйі төмен­де­мей­ді, – дейді ауыл тұр­ғын­да­ры. 

Архиповта ауыз су жоқ. Жер асты суы тым тұзды, оны адам түгіл мал ішпейді. Жылу құбы­ры­на да пайдалана алмайды, қазан­дыққа суды ауылдағы көл­ден ала­ды. Тұрғындар қыс айларын­да малды үйге қазандықтан келіп тұр­ған ыстық суға қар қосып не­ме­­се суытып суарады. Ал ауыз суды аудан орталығынан тасып іше­ді. 

– Осы ауылда құдық жоқ. Өйт­кені оның тұзды суын малға бер­ген обал, бірден азып кетеді. Тұр­ғындар жылудың ақысын төле­генмен, көлден қаншама су тарта­мыз, соның шығынымен кетіп қалады. Осылай біріне-бірін жал­ғаймыз, – дейді Александр Пет­рович. 

«Заря» акционерлік қоғамы­ның 6 мың гектар жерінің жыл сайын жарты­сы­­нан астамына дән­ді дақылдар егі­леді. Өзге­сі пар­ға қалдырылады, жемазық­­тық екпе шөптер егіледі, жайы­лымы, шабын­дығына жұмсалады. Білік­ті басшы мал басын асылдандырды, тұр­ғын­дар қолындағы сиырларды да асыл тұқым­ды бұқа­лармен ұрықтандырып, ауыл­дастардың мал ұстап, сүт өн­ді­руіне жағдай жасады. 

– Қазір ауыл тұрғындарының қо­лын­дағы мал басы шаруа­шы­­лықтың малынан әлдеқайда асып кетті. Біздегі асыл тұқымды қара ала сиырлар сүтті мол бе­ре­­­ді. Соның арқасында ауылды тербетіп отырмыз, – дейді Александр Петрович. 

Архиповте ауыз су мен интернет жылдамдығының тым төмен­дігі ғана білінеді. Бұл енді бюд­жеттен бөлінетін қар­жы­мен іске асатын шаруа. «Нұр Отан» партиясының ХVШ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеу­­меттік ба­ғыт­­тағы берген тап­­сырмасының бірі – өңірді ке­шен­ді дамыту, оның ішінде ауыл­ды көтеру болып табылады. Бұл архиповтіктерді де қуантып тастады. 

– Мемлекет ауылды далаға тас­тап отыр­ған жоқ. Әңгіме сол бағ­дар­­лама­лар­дың ауылда қа­л­ай жүзеге аса­ты­нын­да ғой, – дейді машина-трактор шебер­ханасындағы жұмыс­шы­лар. Облыста елді мекендерді опти­ка­лық талшықты интернет­пен, ауыз сумен қамтамасыз ете­тін бағдарламалар жүзеге асып келеді. Олар­дың Архипов ауылына жететініне ауыл­дастардың үміті мол.

«Петровичке» қол көтермеуге болмайды

Архиповтіктер шаруашылық басшы­­сын осы ауылдың әкесін­дей көреді. Оның әділ­дігі, адал­ды­ғы мен қара­пайым­ды­лығы тұтас ауылды тәрбие­ле­ген­дей.

– Менің анамның бұрынғы кү­й­еуі соғыс­­тан қайтпапты. Ал әкем со­ғыс­тан келген соң, әйе­лі қай­тыс болыпты, сондай тағ­дыр­мен екеуі қосылған екен. Әкем­нің бұрынғы әйелінен қалған, анам­ның соңына еріп келген және екеуінің ортақ балалары – жетеуіміз бір үйде ержеттік. Әкем мен анам балаларды «сені­кі, менікі» деп бөлмеді, өгей­лік көр­сет­пе­ді. Әкем айтқан «әділ­дік» деген сөз менің санамды бала күннен биледі, кейін өмір­лік ұстанымыма айналды. От­ба­сында, шаруашылықта, тіпті мем­лекетте әділдік салтанат құр­са, отбасында балалардан жақсы адамдар қалыптасады, шаруа­­шылық дамиды, ал мемлекет гүл­денеді, – деді қоштасарда Алек­сан­др Петрович. 

– Сіздің шаруашылықтағы әділдігіңіз неден көрінеді?– дей­міз біз басшыдан сөз тартып. 

– Шаруашылық басшысының әділ­дігі өндірген өнімді, табысты тең бөлу емес пе? Мұны біз­дің ұжымнан сұраңыз, – дейді Александр Петрович.

– Қалада тұрасыз ба, ауыл­да тұрасыз ба? – дейміз біз қитұр­қы­лау сөйлеп.

– Сұрағыңызды түсіндім. Қала­да 64 шаршы метр пәтеріміз бар, онда қызым тұрады. Үлкен ұлым осы ауылда, шаруа­шы­лық­ инженері. Кіші ұлым Челябіде тұрады, өзінің жұмысы да, табысы да өзіне жетерлік. Мен қалада бір күн қона алмаймын, шаруа себебімен барамын да, ауылға жеткенше асығамын. Маған коттедж керек емес, бірін­ші­ден оны салу да, ұстау да қаржы­ға түседі. Үйдің бақыты сұлу­лығында, биіктігінде емес, ішкі берекесінде. Ауылдағы үйім 77 шаршы метр, әйелім екеумізге жетеді. Жұрт қатарлы мен де екі сиыр, тауық ұстаймын, – деді Александр Петрович.

Акционерлік қоғам мүше­ле­рі басшыны әр үш жылда сайлап отырады. «Заря» шаруа­шы­лы­ғының ұжымы тек өздерінің «Петровичіне» қол көтеріп келе­ді. Қол көтермеуге болмайды, үміті үзіліп қалатындай көрінеді. Шыны да сол сияқты. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай облысы

Меңдіғара ауданы

Архипов ауылы