• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2019

Некесіз туған балалардың құқығы Парламентте қаралды

1773 рет
көрсетілді

Балалардың құқықтық мәртебесін мойындауға адамзат ғасырлар бойы ұмтылып келеді. Кәмелетке толған, әрекетке қабілетті адамдарға қатысты баланың абсолютті, басым мәртебесінің декларативті мойындалғаны мен белгіленгенін адамзат жетістіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл үрдістен біздің ел де қалыс қалмақ емес. 

Елімізде некеден тыс туған балаға да әкесінің алимент төлеп тұруы міндетті болмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова айтты, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз бөлімі.  

Айта кетерлігі, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында баланың құқықтарын қорғау мәселесі қаралды. Жиында С.Бычкова баланың құқықтарын қорғау мәселесі жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар көзделген заң жобасын таныстырған еді. «2018 жылдың маусымында Конституциялық кеңеске үндеу жолданып, онда ер-азаматпен некеде тұрмаған аналар дүниеге әкелген балалардың бұл тұрғыда құқықтары шектелгені көрсетілген. Егер еркектер оларға алимент төлегісі келмесе, онда балалар алименттен қағылады. Сондықтан түптеп келгенде ондай балалар некедегі әйелдерден туған балалармен теңестірілген еді. Бұл ретте жағдайға байланысты нақты шарттарды сот айқындайды», - деді Мәжіліс депутаты отырыс қатысушыларының сауалына жауап бере келе.

Талқылау барысында Неке және отбасы туралы кодекстің 47-бабына толықтырулар енгізілетіндігі аталып өтілді. Аталған толықтыруларда ер-азамат некеден тыс туған ортақ балаларын асырау үшін оның анасының шығындарын өтейтіндігі көзделген. Сонымен қатар, дәл осы нормада сот ақша қаражатының көлемі мен төлем мерзімділігін тараптардың материалдық және отбасылық жағдайына байланысты айқындайтындығы көрсетілген. 2018 жылы 10 сәуір күні Қарағанды облысы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Конституциялық Кеңеске шағым түсірді. Онда "Неке және отбасы" туралы ҚР Кодексінің 47-бабы, 5-тармағын Конституцияға сәйкестігін тексеруді, әкенің заңсыз туып, сыртта жүрген балаларының құқын заңмен реттеу туралы айтқан. Өйткені Кодекстің 47-бабының 5-тармағы Конституцияның "Ешкімді кемсітуге болмайды, ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады" деген 14-баптың 2-тармағын жоққа шығарады.Конституциялық кеңестің мүшесі Рахмет Мұқашев 2018 жылы сәуір айында БАҚ өкілдерімен кездесуде 2016 жылы 2,9 мың әйелдің әкелікті мойындату мен баланы күтіп-бағуға ақшалай өтемақы төлету талабымен шағым түсіргенін айтқан. 2017 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай шағымдардың саны үш мыңнан асып кетіпті. Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми жарияланған шешімге сәйкес, 2002 жылы қабылданған "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы" туралы ҚР Кодексінің даулы нормасын Конституцияға сәйкес деп танып, заңдық некеге қолдау білдірді. Бірақ қарағандылықтардың талабы да ескерусіз қалған жоқ. "Қолданыстағы заң бойынша некесіз бала көтерген әйел босанғанға дейінгі және одан кейінгі кезең үшін ғана баланың әкесінен қаражат өндіріп алуға құқылы. Ал некеде тұрып, ажырасқан әйел ай сайын күтіп-бағуға қажет қаражатты бала үш жасқа толғанша бұрынғы жұбайынан алып тұруға құқылы. Баланың қалай дүниеге келгені, әлеуметтік жағдайы оның материалдық қамтылуына әсер етпеуі тиіс. Әйелдерге некеде немесе некесіз босанғанына қарамастан, бірдей өтемақы төленуі тиіс.  Бүгінгі Конституциялық Кеңестің шешімі де дәл осыған негізделеді", – деп атап өтті ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Рахмет Мұқашев.

Бұл мәселенің Конституциялық кеңеске, мемлекеттік деңгейге жеткені тоқал балалары шешімін табуы тиіс тақырып екенін көрсетіп тұр. «Күні ертең некесіз туған балалардың аналары да «біздің конституциялық құқымызды қайта қараңдар» деген талаппен шығуы әбден мүмкін», -дейді сарапшылар. Демек, бұл тақырып парламентті тағы бір толқытатын күн алыс емес.  

Гүлбаршын САБАЕВА,

 «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ