• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2019

Балуанның немересі тіршіліктің тауқыметімен белдесіп жүр

1757 рет
көрсетілді

Рәзия апай туралы хабарды кездейсоқ естіп едім. Ұлт мақтанышы Қажымұқан атамыздың немересі жатақхананың жалғыз бөлмесінде күн кешіп жатыр екен. Аядай жерде алты адам тұрады. 

Хабар айтушы ел ағасының көкі­регіндегі өкініш енді біздің кеу­­де­ге көшкен. Сол өкініш же­тек­­­теп әлгі айтқан, Қажымұқан атын­­дағы спорт сарайының сыр­тын­­дағы жатақханаға әкелген. Есік­ті апайдың өзі ашты. Ұзын бойлы, жанары көгілдір аспандай мөлдір, қапсағай денелі адам екен. 85-ке жасы келсе де жүрісі тіп-тік. Сол жақ қанатта 18 шаршы метрлік бөлме, оң жақтағы ас бөлмені екіге бөліпті. Берідегісі анық үш адам айнала алмайтын ас ішетін бөлме. Арғы жағындағы жалғыз кереует сиятын жатынжай апайдың мекені болса керек. Сол жерге өттік. Алдында теле­фон арқылы тілдескенбіз. Екі-үш кітапты айналдыра қарап, ұс­тап отыр екен. Бәрі қазақ хал­қы­­­ның тарихындағы тұңғыш кә­сіп­­қой балуан Қажымұқан ат­а­сы жайындағы жинақтар. Кө­не­леу бір кітаптың бетінде ата­­мыздың суреті басылыпты. Бұл­шық еттері білеу-білеу. Бар ғұ­мы­рын күрес өнеріне арнаған, әлемнің 54 мемлекетінің боз кілемінің үстінде белдесіп, 48 медаль олжалаған, дүние жүзінің чемпион­дары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заи­кин, Георг Лурих, Георг Гак­кеншмидт тәрізді жампоз­дармен қатар жүрген, бел­десу кезінде осы атағынан ат үрке­тін балуандарды шетінен қира­та жық­қан атамыздың бұл­шық ет­тері исі қазақтың мақ­та­ны­­шы емес пе? 

– Атамды жалғыз-ақ рет, со­ғыс басталардың алдында, 1940 жылы ғана көрдім. Бала бол­сам да бейнесі, алып денесі, мейі­рім­ді­лігі есімде, – дейді Рәзия апай, – атам кеңес заманында қудалау да көрді ғой. Бұл патшаның адамы екен, патшаның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы деп түртпектей берген соң отбасын тастап, Түркістанға, одан әрі Өзбекстанға бас сауғалап кетті ғой. Өмірінің соңғы жылдары қасиетті Түркістан топырағында өтті. Сондағы Бөген ауданына қа­расты Ленин туы колхозында қай­тыс болды. Атамның қабірі Темір­лан ауылында.

Қолындағы кітаптарын парақ­тап, асыл атасын есіне алған сәтте Рәзия апай­дың ақсары жүзіне ақ тор­ғын мұң шарбысы шар­­пыған. Жазық маңдайдың әлде­неше же­рі­не жіңішке, ирек-ирек әжім­дер қонақтапты. Атасы көрген азап­тың, өзі көрген қиындықтың маңдайға түскен таңбасы іспетті. 

– Омбы өңірін жайладық, – дейді апай, – мен бүкіл ғұмыр бойы денсаулық сақтау саласында қыз­мет еттім. Фельдшер-акушер бол­дым. Омбы да атамның жай­ла­ған жері ғой. Орыс-қазағы тү­гел сыйлайтын. Өзі­міз­дің адал еңбегімізді әрі ең негіз­­гісі, дүние жүзіне аты жай­­ылған қазақ­тың қайтпас қай­сар пер­зенті Қажы­мұ­­қан атам­ның аруағын сыйлайды. Сол 1940 жы­лы келген сапарында әже­­міз екеумізге үй әперіп кетті. Кей­­ін оңтүстікте жүргенде Қып­шақ­тың Мінәйім деген қызына үйлен­генін білесіздер. Жетпістен асқан шағында атам тағы бір рет шаңырақ көтерген. Өзі тәрізді жасы келген адамның қызы екен. Аты – Бибіжан. Қажы атамның қажып жүргенін көрген әлгі ақ­са­қал бойжеткен қызын арбаға өзі көтеріп салып беріпті де, «мы­на кі­сіні күтетін бол» депті. Міне, ха­лықтың ықыласы. 

Қазір бауырлары Оңтүстік Қа­зақстан өңірінде тұрып жатыр. Қатынасып тұрады. Үнемі жол түсе бермесе де, телефон арқылы. Рәзия апайдың жолдасы Хамзе Сәрсенов мұғалім болған кісі екен. Мектеп директоры, аудан­дық оқу бөлімінің бастығы бо­лып қызмет істепті. Өмірге алты перзент әкелген. Шабдан, Жанайдар, Фарида, Рәзия, Құлым­бет, Әлихан. Осы алтауынан қал­ған Фарида екеуі ғана. Фарида қазір Омбыда тұрады.

Қажымұқан атамыз 1909 жы­лы Надежда Нико­лаевна Чеп­­ков­­­скаяға үйле­неді. Мұсыл­ман ді­ніне енген әже­мізге қазақ­ша Бәтима деген есім бер­іледі. Әже­міз­дің өзі жас кезінде цирк әртісі бол­ған. Ат құла­ғын­да ойна­ған спортшы. Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туа­ды. Халиолла 16 жасқа толғанда Шәпен атты қыз­ға үйлендіріп, жеке отау болып шық­қан. 

Арыдағы тарихтан шым-шым­дап сыр суыртпақтағанда, тіл­ге оралғаны осы. Ал Қажы­мұ­қан атамыздың ғұмырбаянын оқырман қауым жақсы біледі. Сондықтан оны түгел таратып айтудың реті жоқ. Біздің айтпа­ғымыз бүгінгісі. Батыр ұрпа­ғы­ның қазіргі тыныс-тіршілігі. Қарттар айлығы да аяқталды.  – Апай, қарттар айлығында келіп құттықтап, жағдайыңызды біліп тұратын шығар? – деп сұрадық біз.

Әдемі, ақ сары жүзі іштегі өкі­ніш­тің ыстық лебімен алау­лаған апайдың жүзі сәл күреңіткендей. Бірақ тіс жарып өкпесін айтпады. Бұл жайында тіпті ләм-мим демеді. Қайдан айтсын, батырдың тұяғы емес пе?!

Қазір осы ат айналғысыз, аядай бөлмеде жиен-немерелерімен тұрып жатыр. Немерелері жоғары оқу орындарында білім алуда. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дейді біздің қазақ. Күні ертең ат жалын тартып мініп, аза­мат болып кетеріне титтей күмән жоқ. Аталарына тартса қол-аяқты шырмаған қиындық атау­лыны бұзып-жарып, қатарға қосы­ларына көңіл сенімді. 

– Осыдан 12 жыл бұрын пә­тер кезе­гіне тұрып едім. Қазір сол кезек­те үш мыңның үстінде адам бар ғой деймін, – дейді апай, – кезегіміз келгенше біз то­сармыз-ау, жаратқан ие тоса қойса. Жасыратыны жоқ, олай-бұлай болып кетсек жұрттан ұят-ау, тіпті.

Қайран қазақтың көне көз­де­рі-ай, тірі жүргендегі ғана емес, одан кейінгі де ұятын ойлайтын ғажап мінездерін-ай. 

Батыр атамыздың бір белгі­сін­дей ортамызда жүрген Рәзия апайдың шаңырағынан шы­ғып бара жатып, табалдырық көзінде тұ­рып ойладым. Осы қазақ­тың кә­сіп­­керлері қайда екен? Ән­ше­йін­де Қажымұқан тә­різ­ді ұлт алыптарын айтып, көкі­ре­гі­міз­ді соғып, қаз­дай шулат­қан­да сөз­ге қонақ бермейміз. Ал енді осын­да­й­­­­да біреуі емес, бірнешеуі қосы­­лып, асылдың сыны­ғын жерге қа­ра­тып қоймай, бір баспанаға қо­лын жеткізіп жіберсе, елдігіміз кө­рін­бес пе еді. 

Далада көктемнің қара суығы ұйытқи соғып тұр екен. Денем тітір­кеніп кетті. Қара суықтан ба, жоқ әлде қазақтың хас батыры­нан қалған жұрағаттың жайынан ба?!. Тап сол арада, сол күйді өзім де айыра алмадым.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»