10 000 000 000
“Жол картасы” бағдарламасы аясында өткен жылы осыншама теңгеге жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдары жөнделген
Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгіленген “Жол картасы” бағдарламасы аясында өңірде әлемдік дағдарыстың салқынын сездірмеу мақсатындағы кешенді шаралар қолға алынып, дамудың жаңа сатысына бағыт түзелгенін айтуға болады. Соның бірі өңірдегі көп жылдан бері көңіл бөлінбеген автокөлік жолдары қалпына келтіріліп, жол қауіпсіздігі шараларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың тиянағы келтірілгендігі.
Бағдарлама аясында өткен жылы жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдарын жөндеу мен ұстауға 10 млрд. теңге жұмсалып, барлығы 478 шақырым, яғни 1 млн. 214,5 мың шаршы метр жол қалпына келтіріліпті. Олардың қатарында Текелі, Жамбыл, Қаратал, Сарқан, Талғар, тағы басқа аудандардағы алыс елді мекендер арасындағы жолдардың жөнделгенін айтуға болады.
Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы.
2 810 000 000
Тараз қаласындағы 76 нысанға “Жол картасы” шеңберінде осыншама теңге бөлінді
Биыл “Жол картасы” шеңберінде Тараз қаласындағы 76 нысанға 2 миллиард 810 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде инженерлік-коммуникациялық жүйені дамытуға 1 миллиард 429 миллион 650 мың теңге, “Жеңіс” саябағын көріктендіру мен көгалдандыруға 101 миллион теңге, қаланың 44 көшесінің жол өтетін бөлігін қайта жаңғыртуға 699 миллион 924 мың теңге қаралды. Ал №№ 13, 49 мектептер мен ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің мектеп-интернатын жөндеуге 99 миллион 375 мың теңге жұмсалмақшы. Сондай-ақ, 7 аурухана мен 2 емхананың жөндеу жұмысына 430 миллион 53 мың теңге бөлінді.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайын жөндеуге 50 миллион теңге қаралып отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Жамбыл облысы.
123 000 000
Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы шағын ауданында пайдалануға берілген жаңа емханаға әкелінген компьютерлік томография осыншама теңгеге сатып алынған
Америкалық “РІLІPS” компаниясы шығарған бұл аппараттың артықшылығы көп. Қазір қалада жұмыс істейтін төрт компьютерлік томографияның мүмкіндігі әр түрлі. Жаңа аппарат рентген сәулесімен жұмыс істейді. Бұған дейінгі томография адам ағзасын алты кескінде тексерсе, бұл аппарат оны он алты бөліп, ағзаның әр миллиметрінің кескінін компьютерден көрсете алады.
Жаңа компьютерлік томографияда Мәскеу қаласындағы емханалардың бірінде білімін жетілдіріп келген білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда емхана осы заманға сай барлық қажетті медициналық қондырғылармен жарақтандырылған. Жұмысын жаңа бастап жатқан емханада еңбек ететін денсаулық сақтау саласының 286 қызметкері осы аудандағы 10 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.