• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Қыркүйек, 2012

Стратегиялық серіктестік серпіні

316 рет
көрсетілді

Стратегиялық серіктестік серпіні

Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:39

Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак келеді. Ли Мен Бактың бұл соңғы үш жылдағы Қазақстанға үшінші сапары болмақ. Мұның өзі оның Қазақстанға деген ерекше құрметі мен екі ел арасындағы жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастықтың деңгейін көрсетсе керек.

 

Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:39

Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак келеді. Ли Мен Бактың бұл соңғы үш жылдағы Қазақстанға үшінші сапары болмақ. Мұның өзі оның Қазақстанға деген ерекше құрметі мен екі ел арасындағы жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастықтың деңгейін көрсетсе керек.

Оңтүстік Корея басшысының есімінде де терең астар бар. «Ли Мен Бак» қазақ тілінде «шапағат әкелуші адам» деген мағынаны білдіреді екен. Ырымшыл қазақ үшін қонақтың құтты болғаны – нұр үстіне нұр. Жетпісті еңсерген Президент Ли бизнес басқару бойынша бакалавр білімін алып, 1965 жылы «Хенде», корпорациясында еңбек жолын бастап, басқарушылық қабілетін танытады. Саясаттағы қадамы 1992 жылы Парламентке сайлануынан басталады. Жеті жылдан кейін Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің мэрі қызметіне кіріседі. Қала басшысы ретінде ол тұрғындардың әл-ауқатын, тіршілігін көтеру, экологиялық жағдайды жақсарту, Сеул қаласын халықаралық қаржы орталығына айналдыру және әкімшілік басқару жүйесіне ақпараттық жоғары технологияларды ендіру ісіне ерекше көңіл бөліп, нақты нәтижелерге қол жеткізеді. Ли Мен Бак қала басшысы ретінде Оңтүстік Корея астанасының орталығында Қазақстанның аллеясының ашылуына да атсалысқан болатын.

Ли Мен Бак СЕО (Chief Executive Officer – бизнес ортада пайдаланылатын термин, бюрократиялық кедергілерден ада) тәсілін ұстанушы екенін жасырмайды. 2007 жылы республика президенттігіне сайланғаннан кейін мемлекеттік басқаруға корпоративтік басқару қағидаларын енгізе бастады.

Ол өзінің 2008 жылғы желтоқсандағы радиожолдауында барлық мүлкін кедей отбасыларға таратып беру ниетін жария еткен болатын. Ал президенттік жалақысының тек біріншісін ғана өзі пайдаланып, қалғанын ай сайын балаларға көмек қайырымдылық қорына аударып келеді.

Ли Мен Бак елімізге сапары қарсаңында Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекетаралық байланысының бүгіні мен болашағы және әлемдік көкейкесті мәселелер туралы ой бөліседі.

– Қазақстан мен Оңтүстік Ко­­рея арасындағы байланыс бел­­сенді дамуүстінде. Оған жо­ғары деңгейдегі ұдайы ресми сапарлар да дәлел.Дегенмен де, екіжақты қарым-қатынаста ерек­­­ше көңіл бөлетін немесе әліде түрен түспей жатқан ба­ғыт­тар бар ма?

– Екі ел арасында 1992 жылы дипломатиялық байланыс орна­тыл­ғаннан кейін, яғни соңғы екі онжылдықта Корея мен Қазақстан қарым-қатынасы қарқынды дамыды. Ал 2009 жылдың мамыр айын­да екі ел байланысы стра­те­гия­лық серіктестік деңгейіне кө­те­рілді. Қазіргі таңда Корея мен Қазақстан энергетика, табиғи ресурс­тар және өнеркәсіп инфра­құрылымын жетілдіру бағытында біршама жетістіктерге қол жет­кізді. Әрине, өмір қозғалыс десек, замана дамуымен екі ел ара­сын­да­ғы байланыс та әртүрлі бағыт­тар бойынша тереңдей түспек. Мә­селен, біздің елдеріміздің се­рік­тестікті атом электр стансалары, жоғары жылдамдықтағы те­мір жол байланысы, ғылым мен жо­ғары технологиялар, денсаулық сақтау, шағын кеме тұрғызу мен логистика, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша дамытуына мүмкіндіктері мол.

– Ал Қазақстанға бұл жолғы сапарыңыздың мақсаты қан­дай?

– Менің Қазақстанға бұл сапарым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен, яғни менің Балқаш су электр стансасының кірпішін қалау салтанатына қатысуыма бай­ланысты болып отыр. Жаңа электр­ станса – Қазақстан мен Корея мемлекетаралық экономи­ка­лық серіктестігіндегі айтулы жоба. Екі ел арасындағы дипло­ма­тия­лық байланыстың жиырма жыл­дығын биыл мерекелей отырып, біз достық қарым-қаты­насы­мызды мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі сапарымен стра­тегиялық серіктестік ретінде бекемдей түспекпіз.

– Өзіңіз білетіндей, Қазақ­стан­да тарихы өткен ғасырдан бастау алатынкорей диаспорасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл фактор екі еларасындағы мәдени байланыстың да те­рең­деуіне қаншалықты әсеретеді деп ойлайсыз?

– Мен Қазақстанда 100 мың этностық кәріс тұраты­ны­нан және оларды тіпті қазақтың төртінші жүз өкілдері деп айтатынынан да хабардармын. Олар эко­но­мика­ның, саясаттың, ғылым мен мә­дениет, спорттың сан саласында жемісті еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлестерін қосып келе жат­қанын білемін.

Мен кәріс өкілдері­нен тұратын қазақстандық азаматтар елдегі этностық ұлыстар ара­сын­дағы ең үлгілілері болып, Қа­зақ­стан Республикасының дамуы жолында еңбек етеді деп сенемін. Біздің ұлыс өкілдері сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-эконо­ми­калық байланыста «жанды» көпір ретінде қызмет етеді деп үміт­те­немін.

– Мамыр айында Сеулде  Яд­рол­ық қауіпсіздік жөніндегі сам­мит өтіп,оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақстандық делегацияда қа­тысты. Көпшілік білетіндей, 29 тамыз Н.Назарбаевтыңбас­та­машылығымен, БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының шешімімен Ядро­лықсынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жарияланды. ОңтүстікКорея мен Қазақстан ядролық қаруды жа­һан­дық деңгейде таратпаудақан­шалықты рөл атқарады деп ойлайсыз?

– Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандық делегацияның Яд­ро­лық қауіпсіздік бойынша екінші Сеул саммитіне қатысқан­дарына алғысым шексіз. Дәл сол Саммитте Қазақстан пайдала­ныл­ған яд­ролық отынды қауіпсіз­ден­діру бой­ынша шараларды аяқта­ға­нын жария етті. Жасыратыны жоқ, бұл отын 700-ден аса яд­ро­лық қаруды жабдықтауға жететін өнім еді. Алайда, Қазақстан әлем­дік дең­гейдегі тарихи шешім қа­былдады. Қазақстанның бұл тарихи қадамы Сеул саммитінің табысты өтуіне де үлкен үлес қосты.

Қазақстан ядролық қаруды қыс­­қарту және таратпау жөніндегі пікірталасқа белсенді қатысып жүр. Ал ядролық қаруды таратпау жөніндегі аймақтағы көшбасшы мемлекет екені даусыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден өз аумағында ядролық сынақ жүр­гізбейтінін және ядролық қаруға қарсы екенін жария етті. Дәл осы мәлімдемеден кейін Қазақстан  яд­ролық қаруды таратпау және жою бойынша айтарлықтай нәти­жеге қол жеткізіп, халықаралық қо­ғам­дастық үшін үлгі көрсетті. Қазақ­стан Семейдегі ядролық полигонды жауып, Ақтаудағы ядро­лық реакторды тоқтатып, Орта­лық Азияда ядролық қарусыз ай­мақ жасау бағыты бойынша бас­тама көтерді. Мен Қазақстанның мұндай күш-жігеріне тәнтімін.

2009 жылдың 2 желтоқса­нын­да БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамыз Яд­ро­лық сынақтарға қарсы халық­ара­лық іс-қимыл күні деп жарияланды. Бұл да Қазақстан бастамасы еді. Халықаралық айтулы күннің үшінші жылдығына орай, мен Қазақстанды құттықтаймын. Екі­жақ­ты терең байланыстарды не­гізге ала отырып, біздің мемлекеттер бұл бағытта бірлесе жемісті жұмыс істейді деп сенемін.

– Соңғы кезде жиі айтылып жүрген Сеулдің Орталық Азия­дағы«ресурстық дипломатия­сы­на» кеңінен тоқталсаңыз. Оның негізгімақсат-міндеті қан­­дай?

– Орталық Азиядағы мұнай, газ, минералдар сияқты табиғи ресурстарға бай мемлекеттермен Корея энергетикалық серіктестікті дамыта отырып, өзара тиімді әлем­дік экономикалық қауым­дас­тық құруға үміттенеді. Аймақтағы энергетикалық ресурстарды игеруге алдыңғы деңгейдегі технологиялар және Кореяның эконо­ми­ка­лық даму тәжірибесін пайдаланатын болсақ, екі жақ үшін де тиімді серіктестік моделін құруға мүмкіндік болар еді. Ашығын айту керек, Корея энергетикалық ба­ғыт бойынша Таяу Шығысқа өте тәуелді. Мұнайдың 80 пайызын дәл сол аймақтан тасылмалдаймыз. Орталық Азия мемлекет­те­рі­мен энергетикалық серіктестік орнату арқылы Корея аса жоғары тәуелділіктен құтылып, энергия­ның импорт көздерін көбейтіп, барынша тұрақты энергетикалық  ре­с­урстарға қол жеткізеді. Орта­лық Азия мемлекеттері өз кезе­гінде, энергетикалық құрылғылар, жобалау, сондай-ақ Кореяның тә­жі­­ри­бесі мол сала – жол салу жә­не жал­пы экономикалық, әлеу­мет­тік инфрақұрылым бағытында іл­гері жылжиды.

– Сіз кезінде Сеул сияқты ірі қаланы басқарып, мол тәжірибежинақтадыңыз. Сіздің ойың­ыз­ша қазіргі әлемде қалалардың болашағықалай болмақ?

– Мен 2004 жылы Қазақстанға алғаш сапармен Сеул қаласының мэрі ретінде келіп едім. Ал қазір мен Корея Президенті ретінде үшінші рет келгелі отырмын. Қа­зақстанға аяқ басқан сайын елдегі, әсіресе, Астананың іскерлік орта­лы­ғында жүріп жатқан жаңа құ­ры­лыстардың куәсы боламын. Пре­зи­дент Назарбаевтың басшы­лы­­ғы­мен Қазақстан саяси тұрақ­ты­лық негізінде үздіксіз даму жо­лын­дағы ұлтқа айналып отыр деп есептеймін. Мұнымен қоса, Астана аз уақытта бой көтерген сәтті қала ретінде көптеген әкімшілік шаһарлар үшін үлгі болып отыр. Әрине, бұл – Президент Назар­баев­тың аса көрегенді саясатының нәтижесі.

Көптеген дамушы мемлекеттерде қалалар мен ұлт тәуел­сіз­ді­гінің дамуы тұспа-тұс келеді. Корея да бұл үрдістен шет қалмады. Жаңғыртулар барысында еліміз ауыл шаруашылығы аймақтары­нан қалаларға халықтың жаппай көшуін бастан кешірді. Нәти­же­сін­де, Сеул мен оның маңайын­дағы қалалардағы тұрғындардың саны жалпы ел халқының жартысынан асты.

Шектеулі кеңістікте күн сайын көбейіп бара жатқан адамдарды қамтамасыз етіп, сұранысты қа­на­ғаттандыру үшін қалаларда түрлі ғимараттарды барынша кеңейтуге тырыстық. Біз тар аймақта тір­ші­лікті жалғастыру үшін жаңа құ­ры­лыс салудан гөрі, сұранысты тө­­м­ен­детіп, бар ғимараттарды аса үлкен тиімділікпен өзгертуге мәж­бүр болып отырмыз. Эколо­гиялық бәсекелестікте қалалық өнеркәсіп пен шаруашылықты да­мыту мақ­сатында Чхонгечхон газ ағымы жобасын жаңғыртуды бастадық. Бұл жоба шеңберінде Сеул қаласы тұрғындарының тұр­мысы да, қор­шаған орта да бір­шама жақсарды. Президент қыз­метіне кіріскеннен кейін де, атал­ған жобаны іске асыру барысында қол жеткізген тә­жі­рибе негізінде белсенді түрде төрт жобаны жал­ғастырдым. Олар кли­маттың өзге­руі­не күрес бағы­тын­дағы шаралар шеңберінде өзен­дер­ді қалпына келтіру мен көгал­дандыру болып табылады. Қа­ла­лардың келешегі тек эколо­гиялық тазалықта, ауа­ның ластанбауында және көгал­дан­дыруда бол­мақ. Яғ­ни, бола­шақ­тың қаласы тек жасыл қа­ла­лар болу керек.

– Кореяаралық мәселені реттеуде алтыжақты үнқатысу қан­шалықты табысты болады деп ойлайсыз?

– АҚШ-пен 29 ақпандағы ке­лі­сімге қарамастан, 13 сәуірде Сол­түстік Корея құрлықаралық зымыран ұшырды. Осының салдарынан халықаралық қауым­дас­тық­тың Пхеньянға деген сенімі жоғалды. Мұндай кезде алты жақ­ты келіс­сөздерді жалғастыру туралы айту артық болар. Қазіргі таң­да, бастысы – Солтүстік Корея­­ның өз мін­деттемелерін халық­ара­лық келі­сім­дерге және БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесінің қара­рына сәй­кес орындауы маңызды болып отыр. Ең бірінші, Пхеньян ядро­лық қарудан бас тарта отырып, тү­сі­ністік пен қолдау танытып, ха­лық­аралық сенімді қай­таруға тырысуы керек.

– Жақында Солтүстік Корея аймағы арқылы Оңтүстік Ко­реяға құбыр тарту бастамасы кө­терілді. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– 80-ші жылдарың екінші жар­тысынан бастап, Ресейден Сол­түстік Корея арқылы Оңтүстік Кореяға табиғи газ тартуды армандадым. Мұндай жоба Ресейдің Қиыр Шығысы мен Корея арасында экономикалық ынтымақ­тас­тықты дамытумен қатар, Корея түбегінде тұрақтылық пен бей­бітшілікке негіз болар еді.

Ресей мен Оңтүстік Корея арасындағы 2008 жылғы келісімге сәйкес, екі елдің газ өндіретін ком­паниялары арасында жұмыс дең­гейіндегі келіссөздері жүріп жатыр. Президент Путинмен бұл бағыттағы кездесулеріміз бұл жо­баға қарқын береді деп ойлаймын.

– Биылғы жылдың басты оқиғасы Лондон Олимпиадасы болды. Онда оңтүстіккореялық спортшылар аса табысты өнер көрсетті. Спорт бейбітшілік кө­гершіні дейді. Сидней, Афина, Турин олимпиадаларының ашы­лу салтанатында КХДР мен Оң­түстік Корея спортшылары бір тудың астында шыққаны есі­міз­де. 2016 жылғы Рио-де-Жа­нейро Олимпиадасында қос Корея бірлескен команда ре­тін­де өнер көрсетуге әзір ме?

– Бүгінге дейін корей бір­лес­кен командасын 2016 жылғы Олим­пиадаға жасақтау мәселесі қа­рал­ған емес. Дегенмен, Олим­пиа­даға қатысудың өзі аса ма­ң­ызды. Екі Корея да жарыстарда қатар өнер көрсетіп, бейбітшілік фести­ва­лін­де өз қабілеттерін барша әлемге паш ете алады.

Бүгінге дейін Сеул мен Пхеньян арасында басқа сектордан гөрі дәл осы спорт саласында ын­тымақтастық жоғары болып отыр. Екі Корея мемлекеті 2016 жылғы Олимпиада мен басқа да корея­ара­лық мәселені жақсартатын ха­лықаралық шараларға бірлесе қа­ты­суға қадамдар жасайды деп үміт­тенемін. Қазақстан Лондон Олимпиадасында жеті алты медальмен он екінші орынды ие­лен­ді. Шынтуайтында, халық санымен сараланатын болса, қазақ­стан­дықтар бірінші орынға шығар еді. Қазақстан олимпиадада спорт­тағы шеберліктерімен қатар, эко­номикалық мүмкіндіктерін де паш ете алды.

– Сіз өзіңіздің СЕО ұстаны­мын­да екеніңізді ашық айтып келесіз. Сіздің ойыңызша саясат пен бизнес бір-бірімен қан­шалықты байланысты, бір-бі­рін қаншалықты толықтыра ала­ды?

– Қазір Үкімет жұмысында жәй басқарушылық ұғымынан гө­рі, менеджменттік идеясына баса назар аударылады. Әрине, басқа­ру­дың екеуі де бірдей көрінуі мүм­кін, алайда екіншісінде ха­лыққа қызмет ету сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Менің компания басшылығындағы тәжірибем мемлекет басқаруда да көмектесті. Кәсіпкерлік ой-қабілет пен биз­нес­ті дамытудағы іс-тәжірибе мем­­лекеттік деңгейдегі мәсе­ле­лер­ді барынша тиімді шешуге де ықпал етуде.

Дегенмен, мемлекетті басқару бизнес операция жасаудан әлде­қай­да жауапты да ауыр, өйткені үкімет жалпы халықтың әл-ау­қатын жақсартып, елді өркендетуі керек. Қазір біздің Үкімет бай мен кедей, ірі бизнес пен шағын кә­сіп­керлік, қарттар мен жастар ара­сындағы алшақтықты жою бағы­тында жұмыс істеп жатыр. Жа­һан­дық қаржы-экономикалық екі дағдарыстан кейін мен Президент Әкімшілігінде бірыңғай эконо­ми­калық даму қағидатын бекіттім. Менің ойымша, біз жекелеген компаниялар мен акционерлердің жеке мүддесін, пайдасын, табысын ғана ойлау шеңберінен шы­ғуымыз керек. Олар тұтынушылар мен жалпы қоғам мүддесін бірдей назарда ұстауы тиіс. Тек сонда ға­на мемлекет пен бизнес екіжақты тепе-тең даму жолына түседі.

Әңгімелескен Ілияс ОМАРОВ,

журналист, арнайы

«Егемен Қазақстан» үшін.

Сеул.

Сұхбатты ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Республикасының Оңтүстік Корея Республикасындағы елшілігіне алғыс айтамыз.