• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Сәуір, 2019

Бағыт – Бангкок, мақсат – Азияның алды болу

651 рет
көрсетілді

17-27 сәуір аралығында Таиландтың астанасы – Бангкокта ересектер арасындағы Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Барлық мықтылар жиналатын сары құрлықтың басты додасында Қазақстанның ұлттық құрамасы барынша табысты өнер көрсетеді деген ойдамыз. Себебі бұл жарыс биылғы қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін әлемдік додаға даярлық ретінде қарастырылады.

Боксшылардың Азия чемпионаты өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. 1963-1992 жылға дейінгі аралықта айтулы жарыстың жалауы 16 мәрте желбіреді. Сол кездері Оңтүстік Корея оғландарының қарқыны күшті болған екен. Жалпыкомандалық есепте олар 11 мәрте (1965, 1967, 1970, 1971, 1980, 1982, 1983, 1985, 1987, 1989, 1992 жылдары) топ жарып, өздерін осы спорт түріндегі Азияның ең үздік командасы ретінде мойындатты. Сондай-ақ Жапония (1963, 1975) мен Таиланд (1973, 1991) екі реттен және Иран (1977) бір рет теңдессіз деп танылды.

КСРО-ның іргесі сөгілгеннен кейін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан секілді бес республиканың өрендері жеке-жеке команда жасақтап, айтулы додаға қатыса бастады. 1994 жылы Иранның бас шаһары – Теһранда өткен Азия чемпионатында тұңғыш рет бақ сынаған Қазақстанның былғары қолғап шеберлері өздерінің мықтылығын бірауыздан мойындатып, командалық есепте көш бастады. Даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмахановтың шәкірттері арасынан Болат Жұмаділов (51 кило), Болат Ниязымбетов (63,5 кило), Нұржан Сманов (67 кило), Қанатбек Шағатаев (71 кило) және Аркадий Топаев (75 кило) алтын тұғырға көтерілді. Иран мен Таиланд қос алтынды қанағат тұтса, Оңтүстік Корея, Қытай және Индо­незияға бір-бір бас жүлдеден бұйырды.

1995 жылы Ташкентті «талқандап» қайттық. Болат Жұмаділов (51 кило), Бектас Әбубәкіров (54 кило), Бақтияр Тілегенов (57 кило), Болат Ниязымбетов (63,5 кило), Ермахан Ыбырайымов (71 кило) және Василий Жиров (81 кило) қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Осы алты алтынның арқасында жалпы есепте тағы да дара шықтық. Жарыс қожайындары үш мәрте топ жарса, қалған бас жүлделер Таиланд, Моңғолия және Иранның былғары қолғап шеберлеріне бұйырды.

1997 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Нұржан Сманов (67 кило) пен Самат Мұсатаевтың (91 кило) асығы алшысынан түсті. Бас жүлденің кемдігінен командалық сайыс­та төртінші орынды қанағат тұттық. Осы жарыста төрт мәрте жеңіс тойын тойлаған Таиланд құрамасы алға шықса, үш алтыны бар Өзбекстан мен Иран бокс­шылары екінші және үшінші сатыларға тұрақтады.

1999 жылғы Азия чемпионаты қайта Ташкентте өтті. Ол кезде әділдікті белден басқан «жергілікті басшылар» жеті алтынды қоржынға салып, командалық бәсекеде көш бастады. Қазақстан екінші орынға табан тіреді. Отандастарымыздың арасынан Нұржан Кәрімжанов (60 кило) пен Ермахан Ыбырайымов (71 кило) дара талантымен оқшауланса, Бекзат Саттарханов (57 кило), Данияр Мұңайтпасов (67 кило), Олжас Оразалиев (81 кило), Талғат Досанов (91 кило) және Мұхтархан Діл­дәбеков (+91 кило) күмісті иеленді. Бо­лат Жұмаділов (51 кило), Серік Елеуов (54 кило), Батырхан Жақсыбаев (63,5 ки­ло) және Вячеслав Бурба (75 кило) қола­ға қол созды. Ал Оңтүстік Корея, Қытай және Таиландта бір-бір алтыннан бар.

2002 жылы Азияның жуан жұды­рық­ты жігіттері Малайзияның Серембан қаласында сайысқа түсті. Бұл жолы да Өзбекстан құрамасының бағы жан­ды. Олар бес алтын олжалады. Пәкстан мен Таиландтың түлектері екі мәр­те жеңіске жетті. Оңтүстік Корея, Ма­лай­зия және Қытайдың боксшылары да алтын тұғырдан қол бұлғады. Қазақстан құрамасы жоғарыда аталған командалардың барлығынан қалып қойды. Біздің өрендер арасынан ең үздік көрсеткішке Бақтияр Артаев (67 кило) қол жеткізді. Ол күміс медальды мойнына ілді. Тағы төрт жерлесіміз үшінші сатыға жайғасты.

 2004 жылғы Филиппиннің Пуэрто-Принцесса қаласында өткен жарыста Қазақстан құрамасы алтын тұғырға көтерілді. Галиб Жафаров (57 кило), Геннадий Головкин (75 кило) және Бейбіт Шүменов (81 кило) алдына жан салмаса, Павел Сторожук (91 кило) ақтық сында өнер көрсетті. Ал Алмас Асанов (54 кило), Қанат Орақбаев (60 кило) және Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) қола медальды еншіледі. Өзбек­стан, Филиппин және Оңтүстік Ко­реядан қос чемпионнан шықса, Қытай мен Сирия боксшыларының да бір алтыннан алуға күш-жігерлері жетті.

2006 жылы сары құрлықтың сайыпқырандары Вьетнамның Хоши­мин қаласында жиналды. Бұл жолы үш алтынды еншілеген Пәкістан құрамасының өзгелерден көші ілгері болды. Қазақстандықтар арасынан Бақыт Сәрсекбаев (69 кило) пен Елдос Жаңабергеновтің (81 кило) шоқтығы биік болды. Жеңіс Нұрғожин (64 кило) финалда ұтылса, Міржан Рақымжанов (54 кило) жартылай финалға дейін жетті. Осы жетістігіміздің арқасында жалпы есепте екінші орынды иелендік. Филиппин боксшылары қос алтынды қанжығаға байлап, үшінші сатыға тұрақтаса, одан кейінгі орындарды Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Тәжікстан иемденді. Олардың әрқайсысы бір алтыннан иемденді.

2007 жылы Моңғолияның астанасы – Ұлан-батыр қаласында ұйымдастырылған додада Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстан құрамалары көмбеге бірдей жетті. Әрқайсысы үш алтыннан олжалады. Қазақ елінің өрендері арасынан Мират Сәрсембаев (51 кило), Серік Сәпиев (64 кило), Бақыт Сәрсекбаев (69 кило) теңдессіз деп танылды. Осы үш команда арасынан жалпы есепте өзбектердің жолы болды. Олар күміс пен қоланы қос-қостан иеленсе, моңғолдардың тағы екі былғары қолғап шебері ақтық айқасқа дейін алқынбай жетті. Қазақтар қатарынан Елдос Сайдалин (57 кило) финалда ұтылса, Қанат Әбутәліпов (54 кило) пен Хамзат Гелисханов (81 кило) жартылай финалда сүрінді.

2009 жылғы құрлық біріншілігінің жалауы Қытайдың Жухай қаласында жел­біреді. Аталмыш жарыста шар­шы алаң иелері шашаларына шаң жұқтырмады. Қытай елінің апайтөс­тері 3 алтын, 3 күміс және 2 қола­ны иемденді. Екінші орындағы Өзбекстанда 2 алтын пен 3 күміс медаль. Қазақстан қос алтын мен үш қоланы қоржынға салып, үшінші сатыға жайғасты. Айтулы додада Серік Сәпиев (69 кило) пен Василий Левит (91 кило) бас жүлдені олжаласа, Олжас Сәттібаев (54 кило), Ғани Жайлауов (60 кило) және Дәурен Елеусінов (81 кило) қолаға қол созды.

2011 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия чемпио­натында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжалап, командалық есепте екінші тұғырға табан тіреді. Көш бастаған Қытай боксшылары 2 алтын, 3 күміс және 1 қоланы еншіледі. Айдар Әмірзақов (60 кило) пен Досжан Оспанов (+91 кило) – бірінші, Рустам Сыбаев (69 кило) – екінші және Арман Рысбек (81 кило) үшінші орынды иеленді. Қос алтын және бір-бірден күміс пен қоланы қоржынға салған жарыс қожайындары үшінші сатыға жайғасты. Одан кейінгі сатыларға Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Сирия құрамалары тұрақтады. Бұл командалардың барлығына да жалқы алтыннан бұйырды.

2013 және 2015 жылғы жарыс­тар жер­лестеріміздің айқын басым­дығымен аяқталды. Осыдан алты жыл бұрын Иорданияда 7 алтын мен 1 күмісті қоржынға салдық. Теміртас Жүсіпов (49 кило), Берік Әбдірахманов (60 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Жәнібек Әлімханұлы (75 кило), Антон Пинчук (91 кило) және Иван Дычко (+91 кило) дара шықса, Әділбек Ниязымбетов (81 кило) финалда сүрінді. Екінші және үшінші орындарды Үндістан мен Өзбекстан өзара бөлісті. Қос команда 1 алтын, 2 күміс және 1 қоладан еншіледі.

Осыдан төрт жыл бұрын Таиландта отандастарымыз 5 алтын, 1 күміс және 1 қоланы қанжығаға байлады. Екінші орында – Өзбекстан (2 алтын+5 күміс+1 қола). Үшінші және төртінші орындарда – Таиланд (2+0+0) пен Моңғолия (1+0+2). Біздің саңлақтар арасынан Олжас Сәттібаев (52 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Әділбек Ния­зымбетов (81 кило), Василий Левит (91 кило) және Иван Дычко (+91 кило) алтын тұғырға көтерілсе, Зәкір Сафиуллин (60 кило) мен Қайрат Ералиев (57 кило) жүлдегерлер санатынан көрінді.

Соңғы Азия чемпионаты 2017 жылы Өзбекстанның бас шаһарында ұйымдастырылды. Ол жарыстың қалай өткенін жанкүйерлер жақсы біледі. 10 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынған бас жүлделердің тоғызы сол елде қалды. Қазақстанның боксшылар арасынан тек Василий Левит (91 кило) қана жеңімпаз атанды. Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Ерік Әлжанов (81 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 ки­ло) күміс алса, Азамат Исақұлов (52 кило), Қайрат Ералиев (56 кило), Бек­дәулет Ибрагимов (64 кило) және Әбіл­хан Аманқұл (75 кило) қоланы қанағат тұтты.

Соңғы жылдары негізгі бәсекелестік Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өрбуде. Азияның қос алпауыты осылар екенін өзгелер әлдеқа­шан мойындаған. Десек те басқа коман­далардың да дәмелері зор. Сондықтан да санаулы күндерден кейін Бангкокта жалауы желбірейтін жарыста талай «жан алысып, жан беріскен» айқастардың куәсі болатынымыз анық. Ал біздің алға қойған мақсатымыз біреу ғана – Азияның алды болу. Осыдан бірер ай бұрын ғана ұлттық командамыздың бас бапкері болып тағайындалған Ғалымбек Кенжебаев үшін бұл алғашқы үлкен сынақ.