• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Сәуір, 2019

Кәсіпқой боксқа қазынадан неге қаржы бөлінеді?

1194 рет
көрсетілді

Бұл күндері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі әлеуметтік желілерде Қазақ­станның танымал кәсіпқой боксшысы Фируза Шәріпованың IBO және WBC Silver нұсқалары бойынша чемпиондық белбеуден айырылуы және айтулы спортшыға мемлекеттік қазынадан қыруар қаражат бөлінгені жайындағы мәселе қызу талқыға түсуде.
Ұзын-сонар әңгіменің «әлқиссасы» мынадай: бірер күн бұрын Халықаралық бокс ұйымының ресми сайтында жарияланған чемпиондық атақтың иегерлері тізімінен Фируза Шәріпованың есімі сызылып тас­талды. Осылайша, айтулы ұйым жер­лесімізді мәртебелі атақтардан айыру­ды жөн көрген екен. Бұл келең­сіз жайттан боксшының өзі де хабар­сыз болып, барлығын тек бас­пасөз беттерінен білген. БАҚ өкіл­деріне бер­ген сұхбатында: «Бұл жерде таң­дана­тындай еш нәрсе жоқ. Солай болуға тиіс. Халықаралық бокс ұйы­мының ережесіне сай бір жылдың ішінде мен өз атағымды қорғау үшін шаршы алаңға шығуға тиіс едім. Біз WBC нұсқасының толыққанды әлем чемпионы Ева Вальстреммен жекпе-жек өткізуді жоспарладық. Осы орайда әкімдік пен Мәдениет және спорт ми­нистр­лігіне хат жолдап, қаржылай көмек көрсетуді сұрадық. Алай­да, қажетті қаражат табылмады»,  деп боксшы Қазақстанның тарапынан еш қолдау көрсетілмегенін ашына айтты.  Фируза Шәріпованың баспасөз беттерінде осы мәлімдемесі жарық көрген бетте Мәдениет және спорт министрлігі осы жағдайға байланысты ресми түрде жауап қайтарды.     – Отандық спортшыға қолдау көрсету мақсатында Фируза Шәріпова­ның WBC чемпиондық белбеуінің иегері Ева Вальстреммен біріккен жекпе-жегін өткізу үшін Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдың ма­мыр айында 74,8 млн теңге көле­мінде қаражат бөлді. Алайда, оның орнына ол Юлия Куценкомен өз титулын қорғау жекпе-жегін өткізді. Осылайша, аса маңызды бірлескен кез­десуге бөлінген 74,8 млн теңге қара­жат титулды қорғау жекпе-жегін ұйым­дастыруға жұмсалған», деп аталған министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев істің мән-жайын баяндады.   Жоғарыдағы ақпарат тараған бетте бұл мәселе баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде қызу талқы­ға түсе бастады. Шыны керек, «Фи­рузаны қолдайық немесе оған көмек көрсетейік» деп пікір білдір­ген­дердің саны некен-саяқ. Оқыр­ман­дар­дың дені осыншама қаражат­тың бір адамның ғана игілігі үшін жұм­сал­ғанына өкпе-ренішін білдірді. Түрлі посттар мен жазылған пікірлердің көбі  «Кәсіпқой боксшылар мемлекет есебінен күн көруге тиісті емес. Қажетті ақшаны олардың өздері табуға тиіс...», «Айналайындар, осы сіздер кәсіпқой спортты әуесқой немесе бұқаралық спортпен шатастырып алған жоқсыздар ма?..», «Бұл еліміздегі жақсы бір команданың бір жылдық бюджеті ғой...», «Сонда Фируза Шәріпованың осы іске жауапты промоутерлері мен менеджерлері ай қарап отыр ма?..», «Өздеріне керек қаражатты табу мемлекеттің емес, про­моутерлердің тікелей міндеті. Осы мәселені солар шешу керек...», «Осындай мол қаржыны жасөспірімдер мен балалар спортына жұмсаса, әлдеқайда тиімді болар еді...», «500 000 доллар – аз ақша емес. Осы сома құрамында 300-дей балғын былғары қолғап шеберлері бар еліміздегі екі-үш бокс мектебін бір жыл бойы қамта­масыз ету үшін жеткілікті...», «Кәсіп­қой бокс – бұл бизнес. Салық төлеу­ші­лердің қалтасына қол сұға бер­мей, керек ақшаны демеушілердің көме­гімен немесе мықты жарнама жасау арқылы табуға болады...», «Қазақ­станда Шәріповадан басқа да дарынды кәсіпқой боксшылар жетерлік. Со­лар­дың әрқайсысына осындай көп мөлшерде қаражат шашсақ, онда неміз қалады?..», «Канело, Джейкобс немесе Джошуаның алақандарын жайып, үкіметтен ақша сұрап жүргенін көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. Өркениетті елдерде ондай бассыздыққа жол берілмейді...», «Фирузаның өзге­лер­ден не артықшылығы бар. Онда шетел­де жұдырықтасып жүрген барша боксшыларымызға жәрдемдесейік» дегенге саяды.  «Халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Расында да, барлық шет мемлекеттерде кәсіпқой спортшылар өз күндерін өздері көріп жүр. Мемлекеттің аузына қарап, алақан жайып отырған ешкім жоқ. Осы мансап жолында байығандары жомарттығымен де көзге түсіп жүр. Мәселен, филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо мен мысырлық футболшы Мұхаммед Салах өз отандас­тарына мыңдаған баспана, мектептер пен ауруханалар салып, сан миллион халықтың алғысына бөленуде. Аса ауыр салмақтағы ұлыбританиялық бокс­шы Тайсон Фьюри үйсіз-күйсіз жүргендерге және ішімдік пен есірткі дертіне шалдыққан жандарға үй тұрғызып берді. Түрлі ауруға душар болған адамдарға үзбей көмек көрсетіп жүрген спортшылар да жетерлік. Міне, осындай мәрттігімен танылған құшағы кең, пейілі таза саңлақтарды әлемнің әр қиырынан кездестіруге болады. Ал бізде қалай?   Халықаралық додаларда енді ғана таныла бастаған, ірі жеңістердің дәмін әлі де татып үлгермеген қатардағы көп спортшыларды айтпағанда, атақ-даңқтары алысқа жайылған саңлақтардың өздері қит етсе, мемлекетке жалтақтап, ақша сұрауды әдетке айналдырған. Әрине бұл жақсылықтың нышаны емес.  Жоғарыдағы жағдайға байланысты осы спорт түрінің отымен кіріп, күлімен шыққан майталман маман, кезінде Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері және КСРО мен Еуропа чемпионы атанып, бұл күндері Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқарып отырған Виктор Демьяненко мынадай пікір білдірді: «Бұл мәселенің байыбына барғым да келмейді. Десек те менің бір білетінім – кәсіпқой боксшылар мемлекеттен көмек сұрамауға тиіс. Өйткені бюджеттің ақшасы салық төлеушілерге тиесілі. Ал демеушілер мен меценаттарды Шәріпованың өзі мен оның командасы іздеп табуға тиіс. Фируза жақсы боксшы. Енді оны әлемдік рейтингте жоғарылатудың жолын іздеу қажет. Үкіметтен көмек сұрау – бұл промоутердің сауатсыздығы. Біле білсек, мемлекет оларды қолдауға міндетті емес. Қараңыздаршы, Ресейде қаншама кәсіпқой бокс жарыстары өтуде. Солардың бірде-біреуі мемлекеттік бюджеттен қаржылан­дырылмайды. Бұл іске олар меценаттар мен демеушілерді тартады. Біздің елде бұл сала кенже қалған. Сол себепті де кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген боксшыларымыздың дені АҚШ немесе Канадаға кетуге асығады. Айтулы мемлекеттерде өз-өзіңді мойындатуға мүмкіндік мол». Қазынадан кәсіпқой боксшыға бөлінген қаржы туралы жұртшылық­тың, мамандардың пікірі осындай. Қалай болғанда да қазына қаржысын осылайша ысырап ету заңсыздық екені сөзсіз. Әлде Мәдениет  және спорт министрлігі аталған қаржы мем­лекеттің мерейін өсіріп, беделін биіктетуге жұмсалды деп ақтала ма?