• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2019

Халық айтса, қалт айтпайды

2032 рет
көрсетілді

Кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жарияланғаннан бері саясаткерлер мен сарапшылардың уәждерін оқып, теледидар мен радио хабарларына құлақ түріп келеміз. Еліміздің қарапайым тұрғындары да өз пікірлерін жеткізуде. Осындай кезектен тыс президенттік сайлаудың мәнісі туралы жан-жақты айтылған пайымдаулар өз пікіріңді түйіндеуге жол ашады.
Әрине, бүкіл ел сенім артып сай­лаған Президенттің іске білек сыбана кірісері сөзсіз. Бұл өз еліміз­дегі ахуал болса, шетелдердің де заң­ды мерзіміне халық сайлаған Пре­зи­дентпен жұмыс істегісі келер. Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуын жаңа арнаға бас­тау­ды, жаңа бір серпін туғызуды көздеп өз қалауы­мен отставкаға кетсе, Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл сенімге қылау түсірмеуді көздегендей. Демек, уақыт оздырмай, «темірді қызған кезінде соқ» дегендей, президенттік сайлауды шұғыл өткізген әбден дұрыс.  Халық айтса, қалт айтпайды. Бұл – бұл­тарт­пайтын анық сөз, анық тұжыр­ым. Ал халық Елбасы тапсырмасымен елімізде қолға алынған көптеген бағдарламаның жүзеге асуын, тоқырамауын қалайды. Жаңа сай­лан­ған Президент сол бағдарла­малар­ды аяқсыз қалдырмай, жүзеге асырады, одан әрі де жандандыра түседі деп сенеді. Осы күндері эфирге шығып, баспасөз бетіне жазып, пікір айтушылар өте көп, белсенді. Арасында батагөй ақсақал қариялар да, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де, жалындаған жастар да жеткілікті. Әсіресе, көздері ашық, көкіректері ояу студенттердің пікірлері өте сауатты, терең. Құлақ түріп, тыңдасаң, қуанасың. Жастар білімді, сауатты, ел болашағы үшін жан-тәнімен алаңдаулы болса, ол болашағымыздың жарқындығының кепілі емес пе? Бұл – алдағы президенттік сайлауға халық­тың белсене қатысатындығының оң ны­шаны. Әріптестерімізбен, оқырмандары­мы­збен бұл тақырыпқа әр күн сайын пікір­лесіп отырамыз. Сонда туындайтын ортақ пікірге тоқталар болсақ, ең бас­тысы – елдің тыныштығы, бейбіт өмір. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламалық мақалалары бойынша өңірде жүріп жатқан жұмыстар, ол шаралардың тиімді тәрбиелік-танымдық нәтижесіне де жұрт қуанышты. Бурабайда «Ботай-Бурабай» мұражай кешені ашылған, Абылай хандық құрып, Кенесары қол бастаған, Шоқан ойға шомып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ пен Иманжүсіп ән салған бұл өлкеде әлі атқарылар шаруа ұлан-ғайыр. ...Күні кеше ғана Ақмола Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жанындағы об­лыс­тық қоғамдық кеңесінің кеңейтіл­­ген мәжілісіне қатыстым. Онда облыс­тық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Ғос­ман Төлеғұл, «Вайнах» облы­с­тық чешен-ингуш қоғамының төр­аға­сы Герихан Яндиев, «Чуваш этно­мә­дени бірлестігінің» төрайымы Елена Мащинская, Ақан сері атын­дағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова, Зеренді аудан­­дық Аналар кеңесінің төрайымы Күләш Рахымжанова, тағы басқалар кезек­тен тыс президенттік сайлау­ды толық қолдайтындықтарын бірауыз­дан жеткізді. Олардың бәрі де өз еңбек ұжымдары, қауымдастықтары мүше­лерінің сайлауға белсене қатыса­тын­дық­тарын жеткізді. Бәрі де осыған дейін­гі шағын және орта бизнесті қол­дау, көп балалы аналарға қамқорлық­ты жетіл­діру, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері, аудан-ауылдағы мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын көтеру шараларының біртіндеп орындала беруін қалайтындықтарын айтты. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан­ның бейбіт жолмен дамудың сара жолына түскен, сол бағыттан айнымайтын, кімнің болса да сенім арта ала­тын берекелі ел екенін дәлелдеді. Бейбіт өмірді, берекелі тірлікті, дос­тық пен татулықты ту еткен елмен тізе қоса жұмыс істеп, табысқа қол жеткізу­ге құш­тар мемлекеттер саны арта түсері де сөзсіз. Халық ел алдына қойыл­ған ірі бағдарламаларды жүзеге асырар Президентін сайлауға дайын. Ал сай­лаудың Президент үндеуінде айт­ылған­дай, заңға сәйкес әділ өтетінінен үміт мол. Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, жазушы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Ақмола облысы