Жұма, 8 маусым 2012 7:08
Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тергеумен анықталған ақпаратты жариялады. Онда 15 адам қайтыс болған еді. Бұл оқиғаға байланысты осы уақытқа дейін түрлі қауесет таратылып келгені белгілі. Дегенмен, енді тиісті құқық қорғау органдарының тергеуімен келесі мән-жайлар анықталыпты.
Жұма, 8 маусым 2012 7:08
Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тергеумен анықталған ақпаратты жариялады. Онда 15 адам қайтыс болған еді. Бұл оқиғаға байланысты осы уақытқа дейін түрлі қауесет таратылып келгені белгілі. Дегенмен, енді тиісті құқық қорғау органдарының тергеуімен келесі мән-жайлар анықталыпты.
2012 жылғы 10 мамырда Шекара қызметінің 3-ші шекара жасағының 15 адамы, оның ішінде 1 сардар, 3 келісім-шарт бойынша және 11 мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде мемлекеттік шекараны күзету үшін кезекшілікке түседі. Аталған бекет елді мекендерден алшақ әрі 3 мың метрге жуық биіктіктегі тауда орналасқан. Ал аудан орталығы Үшаралға дейін қашықтық 224 шақырым.
Содан 30 мамырда шекарашылар кезекті байланысқа шығу керек еді. Бірақ хабардың үзілуіне байланысты бекетке кезекші құрам жіберіледі. Олар оқиға орнына келгенде өртенген казармаға тап болды. Бұл туралы шұғыл түрде жасаққа баяндалады.
Артынша оқиға орнына тікұшақпен дереу жедел топ ұшып шықты, оның құрамында шекара жасағының басшылығы, әскери прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының өкілдері болды. Олар оқиға болған жерді қарағанда өртенген казармада және офицерлер үйінде 13 адамның жанып кеткен денесі табылды. Бір күйген мәйіт өзен бойында жатқан.
Сондай-ақ, «Арқанкерген» бекетінен 150 метр қашықтықта орналасқан шаруашылық күзетшісі үйінен автоматтан бірнеше рет атылып өлтірілген Руслан Кимнің мәйіті шығарылды. Қазіргі кезде гендік сараптаманы пайдалана отырып, 10 әскерилердің тұлғасы анықталды.
Осы дерек бойынша 30 мамырда Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-тармағының «а» тармақшасы, яғни екі және одан көп кісіні өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс арнайы әскери прокурор басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен тергелуде.
Алғашқыда өртенген жайлардан бекет командирі Кереевке тиесілі бір «Макаров» тапаншасынан басқа марқұм шекарашылардың қолында болған барлық қарулар және шатқалдардың бірінде іздеу тобымен бекеттен жоғалған 5 қызметтік аттар да табылған еді.
Ал 4 маусымда шекара жасағымен жергілікті шопандар қыстағының бірінде 1992 жылы туған, «Арқанкерген» бекеті шекарашыларының бірі Челах Владислав Валерьевич ұсталды. Одан капитан Кереевтің азаматтық киімдері, «Макаров» тапаншасы, ноутбугы және қайтыс болған кейбір әскерилердің ұялы телефондары алынды.
Адвокаттың қатысуымен жауап алу кезінде Челах өзінің әскери қызметтестерін және Руслан Кимді өлтіргендігін мойындады. Челахтың айтуынша, қылмысты жасаудың себебі ретінде ішкі толғаныстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылу жағдайы себеп болған. Қылмысты жасауға көмектескендер мен қатысушылардың бар болғандығын Челах үзілді-кесілді терістеуде.
Оның жауабына сәйкес, қанды қылмыс 2012 жылғы 28 мамырда шамамен таңғы сағат 5-тер шамасында сақшыдан басқа барлық шекарашылар ұйқыда жатқан кезде жасалған. Челах сол түні казармада кезекшілік еткендіктен қару ұстауға мүмкіндігі болған.
Челахтың өзінің түсіндіруі бойынша, ол әуелі бекет аумағынан сақшыны алдап шақырып алып, атып өлтірген. Содан кейін казармаға оралып, ондағы қалың ұйқы құшағында жатқан қалған қызметтестеріне түгелдей оқ жаудырған. Соңында аңшы үйіндегі қорықшы Руслан Кимді өлтірген. Марқұмдардың бәрі де қарусыз болған көрінеді және адам өлтірушінің айтуы бойынша, ұйқыдан оянып кеткен оның кейбір қызметтестері өздеріне Челахтың қару бағыттағанын шынайы қабылдамаған.
Адамдар өлтірілгеннен кейін қылмыс іздерін жасыру мақсатында Челах әрқилы тұстан автоматтан оқ жаудырып, казарма бөлмелерінде оқтарды шашып, жанармай төгіп, бекеттің барлық шаруашылық құрылыстарына өрт қойған. Осындай тәсілмен бекет аумағынан тысқары жатқан сақшы мәйіті де өртелген. Бұдан соң Челах «Макаров» тапаншасын, азық-түлік және қызметтестерінің бірқатар жеке заттарын, яғни ұялы телефондар, ноутбук, ақша алып, капитан Кереевтің азаматтық киімін киіп, оқиға болған жерден тайып отырған.
Қазіргі уақытта Челахтың берген жауаптарының шынайылығы тексерілуде, ал бекетке сырттан шабуыл жасау белгілері тергеумен анықталған жоқ. Сондай-ақ, тергеу барысында барлық қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізілуде, соның ішінде Владислав Челахтың жеке басына қатысты кешенді психологиялық сараптама да жүргізілетін болады.
Сарапшылар 11 әскери қызметкердің жеке бастарын анықтады және сараптама шекарашылардың да, қорықшының да алкогольді ішімдік ішпегенін дәлелдеді. Сол сияқты өрт-техникалық сараптама көрсеткендей, ешқандай жарылыс болмаған және жарылғыш заттарды пайдалану деректері анықталмаған.
Сонымен қатар, «Сарыбөктер» шекара бекетінің бастығы Алексей Фоминге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Фомин үстіміздегі жылғы мамырдың 28-і мен 30-ы аралығында «Арқанкерген» шекара бекетімен байланыстың болмағанын қасақана жасырғаны және оның себептерін анықтау мен қалпына келтіру бойынша шара қолданбағаны үшін айыпталуда.
Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қазіргі күні болған барлық жағдайды анықтауға бағытталған басқа да жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға болған жерге жақын аудандарда жедел-тергеу, іздеу шаралары жалғасуда. Бұл оқиғаның тергелу барысына қатысты басқа ақпарат қосымша хабарланатын болады, деді ресми өкіл.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан.