• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2019

Киелі шаһардың қасиетін арттырайық!

2013 рет
көрсетілді

Жақында Түркістан қаласына барып қайттым. Әйгілі Мағжан ақын: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған өңірдің шырайы кіріп тұр екен.

Күннің шуағы мен көңілдің нұры ауған Түркістан төрі ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп жатыр. Мұнарасы көкке қол созып, күмбезі көз қуантқан қа­­­сиетті шаһарға еліміздің рухани жаңғыруы тағы бір серпіліс әкел­гендей. Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, Оңтүстік Қазақстан облысы – Түркістан болып қайта құрылды. Ежелгі қаланың жаңа мәртебеге ие болуы ескі дүниені жаңғыртып, жа­ңа өмірді жайната түскендей. Не­бір тың бастамалар дүниеге келіп жатыр.

Қазақ даласы қасиетті мекендерге кенде емес қой. Соның бірі және бірегейі – киелі Түркістан жері деп білеміз. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауи мазары тұрған шы­райлы Түркістан шаһары – әсемдік пен сұлулық символы ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани астанасы екені сөзсіз. 

Түркі әлемінің рухани астанасы деген атына лайықты болуы үшін Түркістанды түлетуге әуелгі кезекте барша қазақ халқы, қала берді исі түркі жұрты мүдделі. Түр­кіс­тан қаласы әкімінің қаладағы тойлар мен ойын-сауықтарды, басқа да салтанатты іс-шараларды кешкі сағат он бірге дейін ғана өткізу жөнінде шешім қабылдап, жүзеге асыра бастағанын естіп, аса разы болып қалдық. Қазақ елінің ғана емес, тамырлас, тағ­дыр­лас халықтардың рухани кін­дігі саналатындықтан, адамзат ұр­пағына тән ізгі бастамалардың қай-қайсысы да осы шұғылалы шаһарға жұғысты болып, жараса қалатындай. Қасиетті қала кіршіксіз, таза, пәк, баршаға үлгі болатындай орталыққа айналуы тиіс. Қала, облыс басшылығының осы ұмтылысы қуантады.

Осы тұрғыда ойымызға та­ғы бір ұсыныс оралып отыр.­ Түр­кістан шаһарында алкоголь­дік ішімдік атаулыға тыйым салу керек. Қасиетті орыннан харам сусын мүлде аулақ болғаны жөн. 

Арақ-шарап жүрген жерде адамдықты, тақуалықты пенде­шіл­ік жеңіп, жын-ойнақтың, қыл­мыс пен бұзақылықтың, басқа да жағымсыз әрекеттің орын алатыны белгілі. Сондықтан Түр­­­­кіс­тан қаласын – тазалық алаңы, алкогольсіз аумақ деп жа­рия­­ласақ. Яғни, шаһар шекарасы мұсылман үмбетінің ежелгі ұс­танымына лайық болғанын қалар едік. Осы ереже бұлжымас шартқа айналса дейміз. 

Айта кетейік, бұл орындауға келмейтіндей, шектен шыққан талап емес. Әлем бойынша мұндай мысалдар жеткілікті. Тіпті Қазақ­станның өзінде құмар ойын үйле­ріне тыйым салып, Қапшағай мен Бурабайға көшірдік қой. Бұдан қарапайым халық пайда көрмесе, ешкім зардап шеккен жоқ. 

Сондай-ақ темекі тартатын­дар үшін де Түркістанның қоғам­дық орындарында арнайы алаңқай болғаны жөн. Бұл тұста Токио қаласының тәжірибесін қолдануға болады.

«Екі дүние есігі» атанған Түр­кістан ең әуелі түркі әлемінің ру­хани көсемі – Қожа Ахмет Ясауи­дің және қазақтың хандары мен батырларының асыл сүйе­гі жатқан қасиетті қорым аумағы. Қазақ баласының, күллі түркі жұртының Түркістан қа­ласына құрметі ерекше. Бұл құр­мет Түркістаннан ұшқан құс­тың қанаты талатын Ақжайық өл­ке­сінде де айқын байқалады. Қа­рапайым халық Түркістан ша­һарын ежелден Мекке мен Мединеден кейінгі киелі мекен санап, қадір тұтқан, арнайы зия­рат еткен. Сондықтан қасиетті ай­мақтың осы ерекшелігіне, ата­ғы мен даңқына лайықты болуы­ның толық алғышарттары жасалса дейміз. 

Ғалымдардың дерегінше Түр­кістанда жерленген қазақ хандары мен игі жақсыларының саны 130-дан асады. Олардың 21-і – ел билеген хандар екен. Мұн­дай киелі, қасиетті жерді арақ-шарап, уытты, зәрлі ішімдік тө­ңіректегені мүлде жараспайды. «Әзіреті Сұлтан», «құтыб» атан­ған, тақуалығымен төрт тарап­қа әйгілі Қожа Ахмет Ясауи ата­мыздың мәңгілік мекенінде тек қана имандылықтың самал лебі есіп тұрса, қандай ғанибет?!. Киелі Түркістанға түркі жұртына тән игілік пен ізгіліктің бәрін жи­нақтаған абзал ғой.

Тәуелсіздік жылдарында­ Түр­­кістанға және оның ма­­ңын­­дағы тұтас бір кешенге­ ай­­на­лып бара жатқан киелі орын­дар­ға – «Арыстанбаб» мазарына және басқа зиярат орындарына келуші туристер мен сая­хат­шылардың саны арта түсті. Оларға Түркістанды көрсеткенде, оны түркінің рухани астанасына тән ерекшеліктерімен, ру­­хани тазалығымен және игі дәс­түрлерімен ғана таңдандыра аламыз. Екіншіден, елімізде рухани кие тұтатын бір мөлдір мүйістің болғаны – өз ұрпағымыздың ертеңіне де қажет. «Мәңгілік ел» мұраттарына рухани тазалық керек. Соған үлгі болатын Жерұйық – осы Түркістан болғай!

Бек ӘМЕТОВ,

Орал қаласының тұрғыны