• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2012

Батырбек датқа

471 рет
көрсетілді

Батырбек датқа

Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:34

Генерал Черняевтің құпия хаттары осы тұлға туралы танымымызды түбірінен өзгертіп отыр

Аспанда құдай, жерде архив бар.

(Бауыржан Момышұлы)

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласы территориялық жағынан бөлшектеніп, үш бөлікке бөлініп кетті. Ресей отаршылдары Кіші жүзді бодан­дық­қа көндіріп, саяси орталығы Орын­борға айналып, ел билеу жүйесін өздеріне лайықтап, өзіндік ерекшелігі бар сұлтан правитель билігін ендірді. Билікке тө­ре­лерді отырғызды. Өйткені, олар отар­шы­л­дар­ға аса сенімді сұлтан правительдер болуы себепті де олардың арасынан бес қазақ генералдарының шығуы жат құбылыс емес еді. Қашан қазақ даласын бауырына тұтас басып, Түркістан өлкесін түгел жаулап алғанша,

Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:34

Генерал Черняевтің құпия хаттары осы тұлға туралы танымымызды түбірінен өзгертіп отыр

Аспанда құдай, жерде архив бар.

(Бауыржан Момышұлы)

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласы территориялық жағынан бөлшектеніп, үш бөлікке бөлініп кетті. Ресей отаршылдары Кіші жүзді бодан­дық­қа көндіріп, саяси орталығы Орын­борға айналып, ел билеу жүйесін өздеріне лайықтап, өзіндік ерекшелігі бар сұлтан правитель билігін ендірді. Билікке тө­ре­лерді отырғызды. Өйткені, олар отар­шы­л­дар­ға аса сенімді сұлтан правительдер болуы себепті де олардың арасынан бес қазақ генералдарының шығуы жат құбылыс емес еді. Қашан қазақ даласын бауырына тұтас басып, Түркістан өлкесін түгел жаулап алғанша, Кіші жүз бен Орта жүзде ел билеу тізгінін сұлтан правительдер мен аға сұлтандарға ұстатқанда уақытша «ұзын арқау, кең тұсау» саясатын ұстанды. Осы құбылысты сезінген жауынгер ақын Мәделіқожа:

Аузымен хан қараны тең қылып тұр,

«Ұзын арқан – тұсауды кең қылып» тұр.

Зұлымның мәртебеге қолы жетіп,

Арада момын жатқан ел құрып тұр,

– деп ел билеуге ендірілген отаршылдық мүдденің ашық көрінісінің шындығын дәл аңғартады.

Орта жүзде де ел билеудің аға сұл­тандық жүйесі бойынша ол орынға әуелі төрелер тізгін ұстаса, Кенесары ханды­ғынан кейін қара халық өкілдері билікке қол артуы – отаршылдардың төре­лерге сенім­сіздікпен қарауынан еді. Бұл кезде оңтүстік өлкесіндегі билік тізгіні Қоқан хандығы тарапынан қойыл­ған датқаларға берілді. Мұндағы ерекшелік ірі ру басшысы датқалық билік тізгі­нін ұстады.

Әскери экспедицияны басқарған генерал Черняев алдымен Әулиеата қаласын күшпен басып алып, артынша Шымкент, Ташкент қалаларына шабуыл жасаған тұс­та қазақ датқаларымен тікелей араласа бас­тады. Оңтүстік Қазақстандағы қазақ дат­қалары Байзақ, Батырбек, Шоқай, Сапақ төртеуі де беделді, заман ағымын жақсы се­зінген ру басылары болатын. Бұл дат­қа­лар ішінде Байзақ датқа мен Батырбек датқа өз заманындағы саяси-әлеу­меттік мәсе­лелерге қызу араласып, халық тағды­рына ара түскен қоғам қайраткері ретінде де ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелердің желісіне арқау болып өрілген кейіпкерлерге айналған. Екеуі де сол заман шындығының суреткерлері болған аузы дуалы атақты ақындар жырында көбірек орын алып, сөз болуы жай нәрсе емес. Өйткені, генерал Черняевтің «Бұл кісі­лер­дің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қа­рағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды» деп соғыс министріне мінез­деме бере хабарлайтыны бар. Генералдың ресми бағалауы мен сол заманның атақты ақындары Шөже, Сүйінбай, Майлықожа, Мәделіқожа жырларында суреттелген Батырбек датқа бейнесін танып-бағалауы бір жерден шығып жатуында мән бар. Біздер танып-біл­меген саяси-әлеуметтік жағ­дайдың көп­теген астары белгі беруін­де беймәлім сырлар қабаты жатқандай әсер де қалдырады.

Арқаның атақты айтыс ақыны Шөже оңтүстік аймағын аралап, ел танып, жер танып, ел иесі датқаларды жырға қос­қан­да, Батырбек датқаға ерекше тоқталып:

Сиқымның болған баласы,

Дулаттың болған панасы, –

деп пікір өрбіткенде Батырбек датқаны ел қорғаны болған, халық үшін бар күшін аянбаған қоғам қайраткері деңгейіне көтере бағалауынан Шөже ақынның дуалы аузымен берілген тарихи шындықтың болмысын көргендей боламыз.

Жетісу ақындарының алтын діңгегі деп аталған атақты Сүйінбай – датқалар тұлғасын сомдауға айтарлықтай үлес қос­қан саңлақ ақын. Сүйінбайдың сүйе­гіне біткен шыншылдық пен сыншылдық өнер датқалар тұлғасын сомдау жолында да өз ой таңбасын қалдырып отырады. Сүйін­бай Батырбек датқаны жақсы білген, сан рет бетпе-бет кездескенде дат­қаның елге сыйлы, халқының мүдде­сіне жегіле қыз­мет еткен әрекетін жырлаумен бірге, кем­шілігін де бетіне баса айтқан қайсарлығы да, бұлт ішінде ойнаған найзағайдай шарт ететін тұс­тары да белгі беріп жатады.

Ресей отаршылдарының қазақ елін жау­лауда қолданған әдіс-амалының негізі елді, ондағы руларды бір біріне айдап салып, ағайын туыстарды өзара араздастырып, отаршылдық саясатын бірімен бірі қырқысқан қазақтардың өз қолымен жүзеге асырып отыратын дәстүрлі жы­мыс­қы саясаты болатын-ды. Оңтүстік өлкесін жаулау кезінде де осы саясатты қолданған генерал Черняевтің, яғни отаршыл орыстар «Орта Азияның Ермагы» деп мақтан тұтқан қолбасшысының соғыс министріне жазған хатында: «…Сол­түс­тік өңірді мекендеген қырғыз-қай­сақ­тар көсемдерінің алауыздығы өршіті­ліп, Ресей қарамағына өтулері қам­та­масыз етілген жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақсатында сіздердің қамқорлықтарыңызбен тезде­тіп іске асыру керек», деп көсемситіні бар.

Черняевтің осы саясатына ілік болған Батырбек датқа мен Байзақ датқа ара­сын­дағы жерге байланысты туындаған өзара тартысты пайдаланудан тартын­ба­ған айла-тәсілін өзі айтып, өзін-өзі артын аша­тын әрекетін де осы ресми соғыс министріне құпия хатынан танып білеміз.

Екі датқа арасындағы кикілжіңді ел аузында айтылып жүрген әңгімелерден құлағымыз шалып, хабардар да болатынбыз. Бұл әңгіме, әсіресе, Мәделіқожа мен Майлықожа өлеңдерінде ащы шындыққа ара түскен, елге деген жанашыр сөздері де біздерге жетіп отыр, мысал ретінде атап өтер болсақ, Мәделіқожа «Тастама жұртқа шала көшеріңде» деген ара ағайын ретінде айтылған өлеңінде:

Дұшпандар тың салмай ма шабысыңа,

Тұлпардай әрбір шыққан дабысыңа.

Байзақ, Батырбекпен екі нусың,

От салма өзді өзіңнің қамысыңа,

– деп ескертуінде генерал Черняевтің ішкі арамза саясатын сезгендей тап басып айтатын жанашыр ескерту сөзінде сезінген көп сырдың ашылмаған қабаттары жат­қандай. Өйткені, «бір дұшпан екеуіңді жанып жүрме» деуі арқылы генерал Черняевтің соғыс министріне: «Бай­зақ­тың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәлі­мет­тер бойынша, Байзақтың кейбір туыс­тары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда» – деп қуана хабарлауынан қандыбалақ генералдың бар ішкі дү­ние­сінің сырын, екіжүзділігін ашық тани аламыз. Біздер, яғни Байзақ өліміне Батырбек датқа кінәлі деген өтірік, айлакер сыбысына бір жарым ғасыр бойы нанып келген ұрпақтар, отаршылдар сая­саты­ның, жауыз­дық өзек тамырына алданып, Қазақ­стан­ның Ресейге қосылуы ілгерішіл құбылыс деп санамызға сіңірген компартияның өтірігіне де нанып келдік емес пе?

Генерал Черняев Байзақ датқаны саналы түрде өзі өлімге айдап, өз кінәсін бас­қа датқалар мойнына артқанына елдің есті кісілері нанбағанын және датқалар қанша араздасса да бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтынын мойындайтыны бар.

Генералдың мақсаты өзіне қолұшын берген Байзақ, Батырбек, Сапақ, Шоқай датқаның төртеуін де қоқандықтардың қолымен өлтіртіп, жергілікті халықты кө­сем­сіз қалдыру болатын. Осы жауыздық ниетті сезген датқалар генералдың күмән­ді шақыруына келмей қалады, тек Байзақ датқа ғана елінің қонысы орыс әскері қол астында болуы себепті лажсыз келеді. Черняев Шымкенттегі Қоқан қорғанын бейбіт жолмен, келісіммен алу үшін шарт қойып, Байзақтың жанына орыс емес татардың екі унтер офицерін қосып, елші ретінде жібермек болғанда Байзақ «қо­қан­дықтар барысымен олар мені өлтіре­ді» деп қарсылық білдіреді. Бірақ генерал Черняев оған «сен орыс қолының елшісі ретінде барасың, жаныңа орыс офицерін қосып беремін» деп бір жағынан сес көрсетіп, бір жағынан сөзбен нандырып, күштеп отырып жібереді. Ол Байзақтың Қоқан қолынан өлетінін біліп отырып, әдейі қазақ рулары арасында от жағып, бір-біріне араздық тудыру мақсатын көздеген арам пиғылын жасырмай, соғыс министріне: «…Байзақ датқаның келіс­сөзден тірі қалмайтынын білдік, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қос­па­дым, татар тілмаш пен екі татар унтер офицерін қостым, барлығы мұсыл­мандар ғой (мұғамедтандар)» – деп ішкі сырын ақтара жазатыны бар.

Майлықожа ақын Батырбек пен Бай­зақ датқаға арнаған өлеңдерінде ерекше көңіл бөліп, олармен бір заманда жасауы себепті көзбен көріп, оймен білген өмір шындығын қаз қалпында суреттеуге мән береді, мысалы: «Елге қоныс әперген» деп аталатын жырында былай дейді:

Жуалыда Батырбек

Келмеген жауы қасына,

Арыстан онда жатыр деп.

Арғы атасын сұрасаң,

Ырысбек, Шінет – асылтек,

Сиқымға қоныс әперді,

Аямай күшін әзірлеп,

Соңына ерген халқына,

Не десе соны мақұл деп.

Өз ордасын Теріс өзенінің бастау кезіндегі сазға орнатып осы ордада Кенесары, Құнанбай, Шорманның Мұсасы мен Тезек төре, Шоқан Уәлиханов, т.б айтулы тұлғалар қонақта болып ел тағдыры жайлы сыр шерткен күндер де өткен.

Генерал Черняев экспедициясында бол­ған Ш.Уәлихановты Батырбек датқа ордасында арнайы сыйлы қонақ ретінде қа­былдауы, орыс отаршылдарының сая­си-идеологиялық мақсаттары мен келешекте жерге, дінге қол салып, миссио­нерлік әрекеттердің өріс алып, халықтың рухани қыспаққа түсетінін сезінген датқа Шоқанға көп сырдың астарын ашқан болса керек. Өйткені, генерал Черняев «Батырбек датқа жөнінде барлық ақпарат­ты замандастары Байзақ, Шоқай, Са­пақ­тардан біліп алған соң екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақыртып сөй­лестім. Бірінші кездесуімде әңгімеге ротмистр Шоқан Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізде ротмистр қатысқан жоқ, ол маған ренжіп, экспедициядан кетіп қалған. Ротмистр­дің маған ренжіп кетуіне, естуімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі, екеуі оңаша кездескен, рот­мистр­ді ол жат дінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Оларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті», – деп жазуы арқылы бізге көп мәселенің астарлы сырын жаңа қырынан қарап ашуға нақтылы ой желілерін беріп отыр. Мысалы, Ш.Уәлихановтың экспедициядан ке­тіп қалуын бұрындары Әулиеата бе­кінісін алғандағы орыс солдаттарының қаланы тонауға салып, қастандықпен жасаған зорлық-зомбылық істеріне наразы болуы себепті дейтін. Ал генерал Черняевтің хатында Батырбек датқа мен Ш.Уәлихановтың арасындағы болған әңгі­ме­нің барысында ұлттық, дүниета­нымдық түсініктен туындаған себептің нәтижесі екендігіне мән бере баяндауы біздер үшін жаңа танымның саңлауын ашуы – зерттеушіні жаңа тың ойларға, сыншыл көзқарастарға бастайды.

Ата-бабадан қалған ел билеу мен шалқыған дәулетті, елі үшін жасаған ерлікті ата дәстүрін жалғастырып дамыту салты ақын жырында Байзақ, Батырбек ұрпақтарын суреттеу арқылы көз алды­мызға әкеліп, олардың тәлім алу ұрпақ парызы екендігін еске салып өтетіні бар. Алдыңғы қатарлы датқалардың ел үшін еткен ерліктерін мадақтай отырып, олардың арасындағы орын алған көптен бергі ағайын арасындағы кикілжің талас-тартысқа да Майлықожа өз пікірін жан­ашырлықпен білдіре отырып, ара ағайын­дық бітімгершілік ой пікірін ортаға тас­тап отырады:

Шінет батыр, Ырысбек

Олар да өткен соғыстан.

Одан бергі Батырбек

Байзақпенен тоғысқан.

Кесірінен көп дулат

Қобалжыған қоныстан, –

деген жыр желісінде сиқым мен шымыр руының арасындағы қонысқа таласы тарихынан сөз қозғайтыны бар. Өйткені, отаршыл Ресейге қазақ рулары арасын­дағы араздық, бір-біріне алакөздік жасап тартысқа түсуі – олар үшін көктен ізде­гені жерден табылатын ұтыс кілті болып табылады. Генерал Черняев Ресей им­пе­рия­сының Орта жүзде қазақ ру басылары­ның алауыздығын өршіту сияқты олардың Ресей қол астына өтуіне қолайлы жағдай жасаған саяси тәжірибеден сабақ алып, осы саясатты оңтүстік қазақтарына да қолданатынын жасырмайды. Осы астарлы саясатты орталықтағы патша саясат­кер­ле­рі жоспарлы түрде қолдануға себепті де генерал Черняев: «…Оңтүстік өңір халқы­ның көсемдерін араздастыру мақсатында сіздердің қамқорлықтарыңызбен тездетіп іске асыруым керек», – деп осы қатерлі саясатты жүзеге асыруға қызу араласқан. Қазақ руларының басшысы датқаларды бір-біріне араздастырып, өзара талас-тартыстың отын үрлеп қаулатуға орта­лық­тан берілген саяси айла-тәсілдің нұс­қауы барлығын да аңғартып өтуінде.

Оның қандықол әрекетін әрбір іс-қимылынан көреміз. Қазақтардың осы мақсат тұрғысынан датқаларды өзіне тартып, олардың бәріне әскери майор атағын бергенде, бәрі разы болып, тек қана Батырбек датқаның ол атақты алмағанын, алдын ойлайтын саяси қайраткер екен­дігін мойындап жазатыны бар.

Генерал Черняев патша ағзамнан Батырбек датқаға полковник шенін беріп, арнайы өз атына қылыш жасатып, сый ретінде ұсыну саясаты да оны басқа дат­қалардың араздығын қоздырып, өзара тар­тысқа түсіру үшін «Жергілікті халық­тың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы араздастырып, біртіндеп өзімізге тәуелді етеміз» деп өзінің ішкі есепке құрылған қулығын, құрық бойламайтын айласын жасырмайды, қайта мақтаныш көреді. Бұл аса жо­ғары сыйлықты Батырбек датқа бәрібір алмайтынына айта отырып мойындайды да. Бірақ осы айла-амалы арқылы датқа­лар арасында араздық отын жағу үшін осы әрекетке бару мақсатын өзі ашып беретіні бар. Екі датқа арасындағы араз­дықты пайдаланып әрі қоқандықтарға қарсы жорықта оларға өш қазақ қолын пайдалануды да мақсат етіп қойғанын генерал Черняев жасырмайды. Соғыстағы зеңбіректі пайдаланып, екі мыңдай қазақ сарбазын қорған ішіндегі қанды қасап соғысқа салып жібереді. Қорғанды алуда екі жақтан адам қырғыны көп болып, екі мың қазақ қырылып, үш жүздейі ғана аман қалғанынан хабар бере кетеді. Мұ­ның баяғыдағы қазақ-қалмақ соғысын­дағы қалмақтарды жақтап қару-жарақпен жабдықтап, қазақтарды алдап салған яғни жабайыларды жабайылардың қолымен қыру саясаты Черняев Шымкентті алу соғысында қолданғанын жасырмайды. Бұл әрекетін соғыс министріне мақтана жазған құпия хатынан толық ұғына аламыз. Тіпті, оңтүстік датқаларын түгелдей қоқандықтар қолымен өлтіруге әрекет етуі де осы қанды қысым саясатының жемісі болып табылады.

Біз бір жарым ғасыр бойы, яғни алты ұрпақ алмасқанға дейін Байзақ датқаны Батырбек датқа қоқандықтарға ұстап берген деген генерал Черняев таратқан жалған сыбысқа алданып келдік. Бауыржан Момышұлы«Аспанда құдай, жерде архив бар» деп айтқандай, бұл құпия сырдың шындығын тарихшы ғалым Д.Даниярбековтің Ташкент архивінен ұшы­ратқан дерегінен – генерал Черняевтің Ресей империясының соғыс министрі Бори­совқа жазған құпия құжатынан танып-біліп отырмыз. Бұл құпия құжат патша үкіметінің Түркістанды отарлау саяса­тындағы көптеген саяси-әлеуметтік мәсе­лелердің астарлы сырларын ашты.

Міне осы саясаттың бәрі де халықтың текті әулетін, яғни ұлттың генефондын жоюға бағытталды. Мысал ретінде алар болсақ, Батырбек датқаның әулеті, одан тараған ұрпақтары тұтас қуғындалып, ұл атаулы ұрпақ жоқ боп кетуінің сыры да осы ұстанған саясаттың нәтижесі бола­тын-ды. Құдайсыздар қоғамы ұйымдас­ты­рылған соң Батырбек датқаның өз кесенесі, салдырған мешіті, медреселері түгел жойылып, талқандалды. Байзақ дат­қаны ұстап берді деген жаланың жабылуы Батырбек датқаға деген теріс көз­қарасты қалыптастырып, ұрпақ санасынан өшірді.

Енді бүгінде генерал Черняевтің Ресей империясының соғыс министріне жазған құпия хаты тарихи шындықты білу жолында көзімізді ашып, ой-танымымызды түбірімен өзгертіп отыр. Орта Азияның, яғни Түркістанның Ермагы атанған Чер­няевтің Байзақ датқаны өз қолымен өлімге айдап, жаласын Батырбек датқаға жапқан, астыртын таратқан сыбысына нанып келген Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысының әкім-қаралары енді қозғалса керек. Уақыт келді, ескі наным өзгерді. Осы жағдай Батырбек датқаның тарихи орны мен оны халық санасына жаңа таным тұрғысынан насихаттап, Жуалы, Сайрам ауданы мен Тараз қаласында мектеп, көше аттарын қою, датқаның кесенесі тұрған аймаққа (жерге) Батырбек датқа атын қою, кесенесін бұрынғы қалпына келтіру әрекетін қолға алу – бүгінгі саналы ұрпақ атаулының тарих жүктеп отырған парызына айналуда.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

ТАРАЗ.