• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2012

Бас сардардың бірі

1497 рет
көрсетілді

Бас сардардың бірі

Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:25

Абылай ханның жаужүрек батыры, мемлекет қайраткері, шебер дипломат шанышқылы Бердіқожа батыр жөнінде жаңа тарихи деректер

Үстіміздегі жылдың шілде айының ортасында Арқаның кең жа­зық­ты даласының Қарқаралы аумағына қарасты Темірші ауылының жерінде, Дағанделі өзенінің бойында қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдарды, көпшілікті елең еткізген ерен оқиға болып өтті. Оның ерекшелігі – хан Абылайдың бас батырларының бірі шанышқылы Бердіқожа батырдың сүйегін қайта жерлеу рәсімі болатын. Иә, қазақ батырының сүйегін қайта жерлеу шарасы ұйымдастырылды. Неге?

 

Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:25

Абылай ханның жаужүрек батыры, мемлекет қайраткері, шебер дипломат шанышқылы Бердіқожа батыр жөнінде жаңа тарихи деректер

Үстіміздегі жылдың шілде айының ортасында Арқаның кең жа­зық­ты даласының Қарқаралы аумағына қарасты Темірші ауылының жерінде, Дағанделі өзенінің бойында қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдарды, көпшілікті елең еткізген ерен оқиға болып өтті. Оның ерекшелігі – хан Абылайдың бас батырларының бірі шанышқылы Бердіқожа батырдың сүйегін қайта жерлеу рәсімі болатын. Иә, қазақ батырының сүйегін қайта жерлеу шарасы ұйымдастырылды. Неге?

Себебі, осыдан бір жыл бұрын Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология инс­ти­туты­ның директоры Б.Байтанаев же­тек­шілік еткен ғалымдар батыр жатқан бейітті қайта аршып, ондағы сүйекті арнайы жәшікке салып, Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропология институтына ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге жіберген еді. Осы институттың профессоры Татьяна Балуева жетекшілік ететін зертхана бір жыл бойы қажымай-талмай еңбек етіп, апарылған сүйектің шын мә­нісінде Бердіқожа батырдікі екендігін анық­тап қана қоймай, сонымен бірге бабаның антропологиялық бейне­сін ре­кон­с­трук­ция­лап, жасап берген еді. Бір қара­ған­да екі ауыз сөзге сыйып кететін бұл жұмыс­тың артында қаншама төгілген маңдай тер, ұйқысыз өткізген түндер, сарп етілген күш-жігер жат­қа­нын екінің бірі біле бермейді.Сонымен, осыншама құрмет көрсе­тетін Шанышқылы Бердіқожа батыр кім? Оның қандай ерліктері мен игілікті істері тарих бетінде қалды?Бұл ретте біз қазақтың көрнекті жазушысы, тарихи деректерді терең білетін Мұхтар Мағауиннің «Шанышқылы Бер­діқожа батыр» атты мақаласынан үзінді келтірсек артық болмайды. «Ақын әрі ойшыл, қазақтың ескілікті сөзін жинақтап, хатқа түсіруші шежіре Мәшһүр Жүсіптің жазуынша және ел аузындағы әңгіме­лердің ыңғайына қара­ғанда, шанышқылы Бердіқожа батыр – Абылай хан зама­нындағы ең атақты батырлардың бірі.Абылайдың туы астынан табылуы – ХVIII ғасырдың 50-жылдары деп шама­лауға болады. Абылай ханның епті саясаты мен көрегендігі, ең бастысы, же­ңіс­ті жорықтар нәтижесінде дүрбіт-ойрат бір­жола талқандалды. Ізінше, Қазақ ордасы абыроймен аяқтаған шүршіт-қазақ соғы­сы басталды. Бердіқожа бұл ұрыс­тарға қатысты ма, қатыспады ма, тап басып айту қиын. Алайда, Абылай ханның Қоқан­ға қарсы 1766-1768 жылдардағы, оңтүс­тікті түбегейлі тазартып, Ташкентті қай­тарып алған жорығы кезінде оқиға­ның бел ортасында жүргені анық. Әл­бет­те, бұл тазарту соғыстары бүкіл қазақ мүд­десінен туындады десе де, дәл осы өңірді қоныстанған қаңлы, шанышқылы, сіргелі рулары үшін өмірлік маңызы айрықша болатын. Бұдан соң Абылай ханның 1770 жылғы қырғыз ұлысын қиратқан соғы­сына белсене қатысқаны анық. Үш алаш бірдей май­дан­ға түскен «Шаңды жорық» – 1771 жылғы торғауыт соғысынан да тыс қалмауға тиіс».Жазушы Мұхтар Мағауин ағамыз осылай деп пікір білдірген.Жарайды, бұл біздің заманда туған қаламгердің ой-ұстанымы болсын делік. Ал, батырдың өз заманында оны өз көзі­мен көрген әрі араласқан, ерлігіне қанық адам­дардың тарихи жазбалары бар ма? Бар!Нақты жазба дерек батыр өмірінің соң­­ғы кезеңі – 1783-1786 жылдарға тұс­па-тұс келеді. Орыс әскерінің офицері, тарихшы әрі этнограф Иван Григорьевич Ан­дреев «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзі­нің сипаттамасы» деген еңбегінде батыр туралы кеңірек тоқталып кетеді. «Ша­ныш­қылы руының ағасы Бердіқожа 1783 жылдың 13 июлі күні алғаш рет Семей қа­ласына келді, – деп жазады И.Андреев. – Орыс шекарасына алғаш шығуы екен, бұрын қонысы шалғай болған. Орыс қол­басыларының лайықты қабыл­да­ғаны­на риза болды. Қамалға келіс мақсаты – Ресей шекарасын көру, орыс әс­кербасы­ларын, жалпы орыстарды көру екен…»Орыс офицерінің тарихи жазбаларында батырдың бірқатар ерлік шайқастары, сол кездегі істері жан-жақты қамтылған. «Бердіқожа бастаған шанышқылы малға бай, жылқысы көп, ұзын саны үш жүз ша­ңырақ», – деп жазады И.Андреев. Шы­ған­дап көшу себебі – сырт жаулармен со­ғыста үлкен беделге ие болған батыр өз руының тоғышар байларымен бірлікке келе алмаған сияқты. Немесе, басқа да салдары бар болуы мүмкін. Мәшһүр Жүсіптен қалған әңгіме осыған меңзейтін тәрізді, бірақ арғы түбінде шайқастан әб­ден шаршап, кезінде хан Абылайдың шүр­шіттерге қарсы соғысқа дайындалу үшін таңдаған Арқаның ең бір шұрайлы жері – Қарқаралы мен Аягөз, Шұбартау шектесетін жайылымға келіп қоныстан­ғанға ұқсайды. Қалай десек те, қазақ халқы үшін бар күшін сарп еткен батырға алаштың кез келген жері мекен-жай болатыны айдан анық.Осы орайда ХVIII ғасырдың 80-жыл­дарындағы қазақ даласының саяси ахуалына тоқтала кетсек. 1781 жылы көк­тем­де Абылай хан қайтыс болды. Сол жылы күзде болған үш жүздің өкілдері қатыс­қан құрылтайында хан сайланған Уәли, шыны керек, Орта жүздің ханы ретінде ғана танылды. Ал қазақ елінің шығысын билеп отырған Әбілфейіз дүниеден озып, оның орнына келген Ханқожаның қо­лын­да нақты билік болмағаны рас. Батыс жақ­та да ер мінезді Нұралы ханды патша өкіметі жақтырмай, ақыры орнынан тайдырып, Ералы атты қуыршақ ханды отыр­ғызған еді. Осылайша біртұтас Қазақ елі жеке-жеке ұлыстарға бөлшектене бас­тады. Ел билеген ханынан көз жазып қал­ған халық дағдарысқа түсті. Дегенмен, әлі де болса ұлттық намыс, ұлттық рух жоғары болатын. Сондықтан, әр ру­дың билігі жекелеген сұлтандар мен мінезді батырлардың қолына көшкен-ді. Бердіқожаның бір топ елді бастап, соның мүддесімен Семейге келу сапары да сол бір заманның ауыртпалығын көрсетсе керек.Осы ретте шанышқылы руы туралы аз-кем мағлұмат бере кетейік. Қазақтың елдік мұратын түгендеп кеткен шежіре-жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ­тың ауызша тарихы» атты құнды кіта­бын­да мынадай мәлімет көрсетілген: «Ұлы жүз құрамындағы іргелі рулардың бірі шанышқылы. Шежіре деректердің бірінде Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұр­пақ­тарының бірі Кейкі би, одан – Төбей тарайды, Төбейден – Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдыр туған, осылардың Қо­ғамынан – Қаңлы мен шанышқылы туып еді дейді» (247 бет). Бұл рудың қонысы Арыс пен Талас өзендерінің бойы, Қа­ратаудың мал жайылатын шұрайлы жер­лері, әрі кетсек, Ташкент пен Шыршық айналасы. Тарихи дерек Бердіқожаның туған жылы 1708 жылдары деп шамалайды, яғни, ол Шыршық маңында Сырдария мен Келес өзендерінің аралығында дүниеге келген. Әкесі Арық өз заманның дуалы ауызды шешені әрі сұрмергені болып, дүйім жұртты жаудан да, жұттан да қорғап отырған деседі.Жоғарыда айтып кеткендей, батыр сүйегін егжей-тегжейлі зерттеп, ғылыми қорытынды жасаған, әлемге әйгілі антрополог М.Герасимовтың шәкірті, ресейлік ғалым Татьяна Балуеваның пікірінше, «Оның бойы шамамен 177 сантиметр құ­райды, өзі замандастарынан денелі бол­ған». Ол кең иықты, жауырынды, де­не­сінде артық еті жоқ, бұлшық еттері білемді және оң қолы өте мықты болған, яғни үнемі жорық үстінде қылыш пен найза ұстаған. Жамбасы мен бел сүйектерінің ірілігі атқа мығым отырып, күшті шабатынын, анау-мынау соққыға шыдас бе­ре­тіндігін айғақ­тайды. Ғалымның сөзінше, ол жастайынан садақ пен суық қаруларды мейлінше меңгерген. Мойны жуан әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тас­тай қатты болыпты. Көзі өткір, шашы қалың болған екен. Бұл батыр бабамызға бүгінгі орыс ғалымның берген ғылыми түсініктемесі.Біздің алдымызда Бердіқожаны қа­пия­да өлтірген қырғыздардың шежіресі жатыр. «Алымбектің шежіресі» атты кіта­бында олар былай деп жазыпты: «Есен­құл, Қашыке, Кебек жарлық шығарып, дүйім елге: «Қазақтар мұнымен тоқ­та­майды, қарап қалмайды, сақ жүрелік. Өзгесі болмаса да, қазық мойын қазақ тыныш жатпайды дейсің бе?» – деген екен. Есенқұл батырдың «қазық мойын қазақ» дегені шанышқылы Бердіқожа батыр екен деседі, оның мойны ұзын екен. Есенқұл батыр айтқандай, Бердіқожа аттанғанын алмай қоймаған деседі бұрынғылар. Тағы бір дерек Бердіқожаның оңай шағылатын батыр емес екенін көрсетеді. Жауының өзі оның сыртынан, атынан зәресі қалмай қорқып отырған. Демек, Бердекең қазақ­тың көп батырының бірі емес, бірегейі десе де болғандай…«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында берілген мәліметте: «Бердіқожа (шамамен 1690-1770 ж.ж.) – жоңғарларға қарсы шайқаста қол бастаған аға батыр. Ұлы жүз қолбасылары Бердіқожасыз кеңес өткіз­беген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүз­де Төле биден кейінгі үлкен саяси қай­раткер, ұлы қолбасшы мәрте­бе­сін­де құр­меттеген. Бердіқожа Ұлытау өңі­рін­дегі, Бұланты, Білеуті және Бал­қаш­тың оңтүстік жағасындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға ұрыс­та­рында, т.б. шайқас­тар­да Ұлы жүз жасақ­тары­на басшылық еткен», деп жазылған.Ту ұстап, қол бастаған әйгілі батырлар Абылайдың айналасына топталып, қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен аман алып қалуға айрықша атсалысқан, жанкешті ерлігімен көзге түскен, «ту түбінен ту алған, жауды көріп қуанған» ердің бірі – шанышқылы Бердіқожа батыр еді. Қаракерей Қабан­бай, қанжығалы Бөгенбай, керей ер Жәні­бек, көкжарлы Барақ сынды әйгілі батырлармен үзеңгілес серіктес болып, қазақтың жерін басып алған қалмақтарға, шүршіт­терге, қырғыздарға бүйідей тиген.Халқымыздың шежіре-дариясы Мәш­һүр Жүсіп:Тауының Арқар деген аты Құлжа,Жігіттер, атқа түйе тегін олжа«Хан Абылай аттанды», дегенді естіп,Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа! –деген қас батыр осы!..Қазақтың тарихын ақтарып отырсаң Бердіқожа секілді батырлар тек жерді қорғаған батыр емес, сондай-ақ, шекаралас Қытай, Жоңғария мемлекеттерінің басшыларымен келіссөз жүргізген мәмі­ле­гер не елшілік қызметтерді қоса атқар­ған. Белгілі ғалым, профессор Клара Ха­физованың Бердіқожаның біз білмейтін басқа тұстарына түрен салғаны қызық­ты­рады. Қытай дереккөздері мен мұрағат құ­жаттарына сүйене отырып, Цинь империя­сымен келіссөз жүргізіп, алғаш рет байланыс орнатқан «Хоцзи – Боэргэн» атты батырдың осы Бердіқожа екенін дәлелдеп береді. Қазіргі Пекин /бұрынғы аты – Ханбалық/ қаласының мемлекеттік орталық мұражайында Цинь императорына қазақтардың елшілікпен келуі және оған мол сый-сияпатпен қоса қазақтың сәйгүлік жылқыларын сыйлаған сапары қылқаламмен бейнеленген картинасы ілулі тұр. Міне, сол полотнодағы алдың­ғы кезекте тұрған әрі Абылайдың аманатымен бір топ қазақты бастап барған Бердіқожа батыр екендігі айқындалып отыр.Қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Абылайдың ақырғы батыры» көлемді мақаласында бабамыздың Қытайға барған елшілік сапары баяндалады: «…1758 жылы Абылай хан атынан Қытайға елшілікке бара жатқанда тіпті анық көрген-ау. Қытай императорына сый­лыққа деп: елу ақ боз ат, елу меңсіз қара ат алып, жүйрік тазы мен қыран бүркіттің неше түрін қолға қондырып, қымбат аң терілері мен тағы басқа сыйлықтарды неше түйеге артып, сауын биелері мен сойыс малын қоса айдап, өздері бір салқар көштей болып, аса зор салтанатпен аттанып еді-ау!»Оның үстіне 1743 жылы Абылайды қалмақтың қолынан тұтқыннан шығарып алуға атақты Малайсары батырмен 35 жастағы Бердіқожаның ере баруы көп жайтты айғақтайды. Демек, бұл оны жас­тайынан елшіліктің қыр-сырын еркін меңгерген кәнігі дипломат деп айтуы­мыз­ға толық дерек. Қытай тарихшысы Уан Чилуннің көрсетуіне қарағанда, Пекинге 1757-1809 жылдар аралығында 27 қазақ елшілігі келген. Елшіліктер жер, шекара, сауда-саттық мәселелерін қозғаған. Сондай тамаша елшінің бірі Бердіқожа батыр болған. Тіпті, Бердіқожа қазақ дипло­ма­тиясының негізін қалаған тұңғыш ел­ші­лердің бірі ретінде терең зерттелуі қажет. Бұл – зерттеушілердің еншісіндегі шаруа десек те, батырдың халық білмейтін бей­мәлім тұстары әлі де жеткілікті. Оны алда­ғы уақыттың еншісіне қалдыра тұралық…Бердіқожаның 100-ден астам жорыққа қатысқаны дәлелденіп отыр. Мәселен, 1723 жылы Қазақ елінің басына күн туған ауыр кезеңде батырларымыз өз руластарынан жасақ құрып, отан қорғауға аттанады. Сол кезде хан ордасы – Түркістан­ды қорғауға шыққан Елшібек, Өтеген, Ті­леуке, Шінет, Рысбек, Бөгенбай, Қабан­бай, Барақ, Малайсары, Ер Жәнібек, Сәмен батырлардың қатарына Ташкент маңында тұратын Қойгелді, Бердіқожа сияқты жас арландар жасақ алып, ұрысқа келешек батырлармен қатар соғысады.1723-1725 жылдар аралығында қазақ жерінің Шығысы мен Жетісуды, Сырда­рия­ның орта ағысына дейінгі жерді басып алған жоңғарларға қарсы күресте Берді­қо­жаның жасақтары ерлігімен көзге түседі.1726 жылы Ордабасы тауында халық құрылтайы үш жүздің өкілдері: хандар, билер, батырлар, рубасылары бас қосқан ұлы жиын өтеді. Осы жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би халықты бірлікке шақырып, жерімізді жаудан тазартуға ұран тастайды. Бас қолбасшы болып Әбіл­қайыр сұлтан сайланады. Осы шай­қаста Қойгелді, Бердіқожа өз жасақ­тары­мен Шұбар теңізі маңында қалмақтармен шайқасып, жеңіске жетеді.1729 жылы мамыр-маусым айларында Балқаштың оңтүстік жағасынан 120 ша­қырым жерде Аңырақай шайқасында Әбілқайыр қолбасшылық еткен қазақ қолы жауды ойсырата жеңеді. Бұл жолы да Бердіқожа жасағымен көзге түседі. Сондай-ақ, 1735 жылы Жетісу, Шу, Талас, Арыс бойларындағы ұрыстарда, 1739 жылы Қаратау мен Алатау өңірін жайлаған жоңғарларға қарсы шайқаста, 1740 жылы Ташкентті азат етуде, 1741 жылғы қазақ пен қалмақ арасындағы кескілескен майданда, 1745 жылы жоңғарлармен ақырғы ұрыстарда Бердіқожаның батырлық бей­не­сі тұлғалана түседі. Хан мен халық батыр екендігін шын мойындай бастайды.1750 жылдары қазақ батырлары қал­мақ­тардан өз жерін тазартуға кіріседі. Хан­гелді бастаған жасақтар тобы Іледен қалмақтар­ды Шелек пен Шарын өзен­дерінің арғы бетіне қуып шығады. Ал одан кейін Наурызбай бастаған мүйізді Өтеген, Бердіқожа батырлар Үшалматы, Үшқоңыр және Қордайдан арғы жерлерді азат етуге күш салады. Әрине, әр ру өзінің қол бастаған батырларын мақтан еткен. Дегенмен, батырлар жауға қарсы қай кезде де тастүйін болып, бірігіп, жұмыла қимылдаған. Албан Райымбек бастаған қол Кеген, Нарынқол, Сүмбеге дейін жоңғарларды ығыстырып тастаған. Айталық, «Қабанбай – халық батыры» деген ұзақ толғаудағы:Қабанбай, ер Бөгенбай батыста еді,Олар да қалмақпенен атыста еді.Шайқасып Жетісуда жатыр еді,Айқасы барлығының қатысты еді.Қазыбек, Бердіқожа, Райымбек,Осылардың барлығы әр тұста еді, – деген жыр жолдары сол кезеңдегі шай­қас­тың, ондағы батырлардың жанкеш­ті­лі­гін көрсетеді.1752 жылы Орта жүздің және Ұлы жүз­дің батырлары бірігіп, Шымкент, Сайрам және Сыр бойындағы басқа да қала­лар­ды жаудан тазартып, Ташкентке Төле бидің билік басына келуіне көмектеседі. Осы ұрыста да Бердіқожа ерекше көзге түседі.Ғалым Жандос Әубәкір жинап, құ­растырған Абайдың замандасы, ақын Көкбай Жанатайұлының «Абылай хан» дастанындағы:Керейден жолдас қылды Жәнібекті,Шетінен осалы жоқ бәрі мықты.Ол қолда күші басым еш адам жоқ,Тас жүрек бота қара Тыныбектен.

Не қылса тұрады екен ханға қарап,Аң аулап кетеді екен тарап-тарап.Шанышқылы Бердіқожа тағы да бар,Қалмаған хан артынан көкжал Барақ, – деген жолдар да батырдың бір қырын көрсетеді.Үлкен жүректі өлкетанушы, тарихшы-ғалым Үміткен Бүркітбаеваның жазуына қарағанда, қалмақтар қазақ жерінен кетке­сін қыр­ғыз­дармен жер дауы басталады. Қырғыз­дар қалмақтар сүрілгенге дейінгі заманда жайлап жүрген Іленің басын, Үшаралды бер десе қазақтар көнбейді. «Та­ластан Шым­кентке дейін бұрын қыр­ғыз жайлап жүрген» десе, қазақтар: «Ол біздің көне Үйсін жері», деп келіспейді. Олар енді қа­зақтармен соғысу үшін Таластың ая­ғын­дағы Қапқа деген жерге қол жинайды. Қырғыздың Садыр батыры қол құрап, сол жердегі қазақтарды шауып, Шымкентке ығыстырады. Қырғыздар Іленің басын­дағы қазақтарға тиісе бастайды. Шу мен Талас, Қаратау мен Жетісудің көп бөлігін қырғыздар шауып, халыққа ойсырата қырғын әкеледі. Бұл туралы қырғыз­дар­дың «Алымбектің шежіресін­де» толық жазылған. Садырдың: «Көк­жар­лы Барақ­ты алдым, жалғыз көзді қа­рақ­ты алдым», деп мақтанған сөзін ше­жі­реде айтып кеткен. Қазақ батырлары зы­ғыр­даны қайнап, Абылайға ұрыс бастау үшін келісім беруін өтінеді. Ботбай – Қо­ра­лас – Жауғаш ба­тырды басшы етіп ханға жібереді. Көк­жал Барақ, шапырашты Қау­мен, Жәпек, ботбай Жайсан ба­тырлардың қырғыздың қолынан өлгенін айтып, атыс-шабысты тоқтатуын сұрайды. Ел ара­сын­дағы даулар мен барымтаға араласқысы келмей хан көнбей отырып алады. Ақыры ру басшылары ақылдасып, Бұқар жырауды ортаға салады. Сонда Бұқардың:Ей, Абылай ханым,Қырғыз көкжарлы Барақты алды,Сартбек қазақты алды,Шолаққорған, Созақты алды,Сені алмағына аз-ақ қалды», – деп салмақ сала, жан батыра жыр төгеді. Осылайша Абылай Арқадан 4 мың әскер жиып, Сарысу бойымен келеді де Ташкент, Түркістан, Шымкент жақтағы қазақ­тар­дың жерлерін қырғыздардан босатады. Қырғыз шежіресінде Абылайдың әскері үш қанатқа бөлініп, соғысқа кіргені айтылады. Абылайдың жалпы қолын басқар­ған шанышқылы Бердіқожа, тарақты Бай­ғозы, қаракесек Жарлығап, Жауғаш батырлар. Бірінші қолға басшылық еткен Бердіқожа сойқан, қаныпезер Садырды бірден басып алады. Байғозы Әулиеатаны босатады. Қырғыздың көп батырлары мен сарбаздары қолға түседі. Осы со­ғыс­та шейіт болған қырғыздардың сүйектері Жайыл мола­сы­ның жанына жерленіп, бұл қорым «Жайылым мазары» деп аталады. Қырғыздар осылайша жеңіліс табады. Сол жолғы соғыс­тың сұрапыл болғаны сонша, қазақ пен қырғыз арасында «Жайыл қырғыны» деген атпен сақталған. Абылайдың әмірімен тұтқынға түскен көп қырғыздарды ел қазақ руларымен сіңістіріп жібереді.Қырғыз-қазақ шайқасы аяқталған соң, екі елдің шекара мәселесі бойынша 1780 жылы келіссөздер жүргізіледі. Екі жақ ортақ келісімге келеді. Абылай ханның қырғыздармен арадағы бітімі бойынша қазақтар – Алатаудан Ілеге дейін, қыр­ғыздар – Ыстықкөлден Шуға дейінгі жерді алатын болады. Осыдан кейін қыр­ғыздар Іле бойын қалдырып, көшіп кете­ді. Абылай ханның қырғызға қарсы 1765-1779 жылдардағы жойқын жорық­та­ры ата­­лас болса да, аруағы бөлек қырғыз ағай­ынды Алатаудан қайта асырып, екі елдің бүгінге жеткен шекарасын белгілейді.Бердіқожа бастаған бір қауым ша­нышқылының Шыршықтан Жетісуға өтуі­не (Аягөз бойына) осы жорық се­бепші болса керек. Балқаш көлінің шы­ғыс жағын қыстап, жаз айларында Жидесу маңайын жайлаған. Ал кейін, 1911 жылы Лепсі оязының жеріне статистикалық зерттеу жүргізген орыс офицері әрі ғалымы П.Румянцев дерегінде: «Жылды тау (Жыланды тау) жотасының оңтүстік беткейін айналса, «Бердіқожа қонысы» деп аталатын шатқал бар», деп жа­зыл­ған. Бұл дерек Бердіқожа қонысының Аягөз маңында болғанын растайды. 1964 жылы Алматыда Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының баспасынан шыққан Шоқан Уәлихановтың 5 томдық шығармалары­ның 3-ші томында қазақтың атақты ға­лымы Бердіқожа батырдың қоныс тепкен жері Аягөз бен Қарқаралының ортасы екенін сипаттап кетеді. Қазақтың ежел­гі жер-су атауларын, тау-көл аттарын көп жылдан бері зерттеп, соған сәйкес жеке аймақтың картасын жасап жүрген ғалым-геолог Молдияр Серікбаевтың зерттеуі бойынша Аягөз өзенінің бойында Бер­ді­қожа тоғайы және Марқакөл маңайында Шанышқылы асуы, Зайсан жанында Бер­ді­қожа қыстауы деген аттар әлі күнге халық арасында айтылып келеді. Оған қоса Қазақстан Республикасының Жер ре­сурстарын басқару агенттігі дайындап, 2004 жылы Алматыдағы бас­падан шы­ғарған «Географиялық атаулар мемле­кеттік каталогының» Шығыс Қа­зақ­стан облысына арналған 5-ші то­мы­ның 118­-­бетінде Аягөз аумағында Бер­ді­қо­жа моласы мен Бердіқожа аңғары бар деп тайға таңба басқандай анық көрсеткен.1781 жылы Абылай хан қайтыс болады. Хан өлгесін Іле бойында отырған қырғыздар Әділ сұлтан иелігіндегі қазақ жеріне қайтадан көз алартып, жерін, малын тартып алып, халықты қырғынға ұшыратады. Міне, осы орайда шау тартса да Аягөз маңында отырған Бердіқожа батыр қолына қару алып, қайтадан атқа қонады. Ол кезде үлкен ұрыс болмаған, тиіп, қашқан, қытыққа тиер шайқастар өтіп жатқан. 1785 жылы Тыз сұлтан мен шанышқылы Бердіқожа батырдың қолы қырғыздарға жорық жасап, көптеген қырғызды тұтқынға түсіреді. Осыдан соң батыр Аягөз маңында отырған руларға қол ұшын бермедің деп өкпелеп, ауылын қазіргі Қарқаралы мен Шыңғыстау, Шұ­бар­таумен түйісер тұс Дуана тауларының жанына көшіріп келеді. Орыс офицері И.Андреевке жолығып, әңгімелесетін кезі  осы кезең. Алайда өштескен қырғыздар батырды қолға түсіріп, кегін алуды ойлас­тыра бастайды. Ақыры дегеніне жетеді. Араға жансыз жіберіп, соның көмегімен шағын қолмен қапысыз жатқан батырды сарбаздармен қоса шабады.И.Андреевтің «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы» еңбегінде батыр­дың өлімі былай суреттеледі: «Қыр­ғыз­дың жасағы, шамамен 80 адам, қос тігіп бейқам жатқан қазақтардың үстінен тү­седі. Олар Бердіқожаны ұстап, басын шауып, аяқ-қолын кесіп, қарнын жарып, осы бөлшектенген мүшелерін ішіне тығып, кең далаға тастап кетіпті. Мұндай сұм­дықты көрген қазақтардың артынан келген бөлігі қырғыздардың соңынан қуа шығып, ұрыста оның қарымтасына Есен­құл манаптың ұлын тұтқынға түсіріпті. Батырдың сүйегін алып, елге қайтады. Бердіқожа батырдың қазасы – 1786 жылы қаңтарда, яғни мәйіті бұзылмайтын қыс кезінде екен. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң, боршаланған денені көрген Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түс­кен Есенқұлдың ұлын пышақтап өлтіреді. Батырдың артында інісі Секлоян және төрт ұл қалды, үлкені Лепес, енді бірі – Шоқ, қалғанының есімдері белгісіз…»Қазақтың көрнекті мемлекет қайрат­ке­рі, жазушы Әбіш Кекілбаев өзінің «Та­лайғы Тараз» кітабында батырдың өлімі туралы да жүйелеп баяндайды: «Қырғыз ағайындар Абылай қайтыс болысымен-ақ өш алуға кіріскен. Сарыарқаға қолы жет­пегесін іргедегі Ұлы жүзге қол созған. Малын айдап әкетіп, жанына да зақым салыпты. Шабылған жақ та қарап қал­мап­ты. Олардың басшылары 2500 жылқысын айдап кеткен Бердіқожа батыр жарты мың­дай өз жігіттерін ертіп, үстіне қытай­лар­дың 1500 әскерін сұрап алып, 1785 жылы қырғызды шапқан. Оған бұрын­ғы­дан да өшіге түскен қырғыздар 1786 жылы Бердіқожаның ұйқыдағы ауылына тиісіп, өзінің қол-аяғын байлап елдеріне алып кеткен. Жол-жөнекей Бердіқожа өзін өңгеріп бара жатқан адамды мерт еткен. Бұл қылығы үшін оның басын, аяқ-қолын кесіп, қарынын қырнап, әлгінің бәрін сонда тыққан».Батырдың сүйегін бір жыл бойы осы заманғы зертханада зерттеп, оған ан­тро­пологиялық реконструкциялау жүргізген ресейлік ғалым Т.С.Балуеваның пікі­рін­ше, Бердіқожа ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған. Зиратта жатқан сүйектің басы, екі қолы, аяғы денесінен бөлінгені анық байқалады. Сүйек өткір қылышпен шабылған. Иығы мен басында ауыр соқ­қының ізі сақталған. Сондықтан, антрополог ғалым батырды азаптап, қинап барып өлтірілген деген тұжырым жасайды.Батыр өлгеннен кейін оның соңынан ерген шанышқылы руының бір бөлігі қазіргі Шығыс Қазақстан облысының же­рінде қалып, найман, керей руларымен іргелес өмір сүреді. Солардың бүгінгі кейбір ұрпақтары өздерін аруақты Берді­қожаның әулетіміз дейді екен. Бір тобы Қытайға көшсе, ал бір тобы байырғы қонысы Ташкент, Арыс пен Келес өзен­дерінің бойына тұрақтайды.Жазушы Мұхтар Мағауин батыр туралы деректерді көз майын тауысып, іздеп жүріп, ақыры жерленген жерін табады. Бұл 1999 жылдың іші. Ол батырдың күмбезін өз көзімен көріп былай деп сипаттайды: «Күмбез доғал төртбұрышты екен. Бұл өмірде мен көрмеген үлгі. Қа­быр­ғаларының ұзындығы шамамен 8 метр­дей. Заманында аса зор болған сияқты».Кейінгі жылдары батырдың тікелей ұрпағы, ұлттық тарих, этнография, археология салаларын зерттеуші ғалым Бақтыбай Қасымбеков Бердіқожа батыр туралы көптеген деректер мен мағ­лұ­мат­тар жинап, соны бір ізге түсіріп, ғылыми сараптамадан өткізіп, тарихи дәйектілігін іздестіріп жүргені үлкен іс. Ол Мәшһүр Жүсіп жазып кеткен батырдың бейіті тұр деген жердің азаматтарына сұрау салып, іздестіре бастайды. «Егемен Қазақстан» газетінің 2007 жылғы 25 шілдедегі нөмі­рінде жарияланған «Алаштың алдаспаны» атты мақаласында былай деп жазады: «Бердіқожа бабамыздың ескі мазары Қарқаралыдан 250 шақырым қашық­тық­тағы Темірші ауылынан 45 шақырым жер­де, Мәшекең жазған Көкшетау мен Дуана таулары аралығын­дағы Дағанделі өзенінің жағасында биік жерінде тұр екен. Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұр­ғызылған батыр бейітінің қабырғасы құлап, кесектері жан-жаққа шашылып жа­тыр. Күмбездің жартысы ғана сақта­лыпты… Кезінде бұл маңайда іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.Батыр жерленген жердің ерекшелігі – бұл жай ғана жер емес. Тарихи мекен! «Тауарих хамсада» жазылғанындай, Абылай хан жоңғарлар мен шүршіттерге қарсы қол жинап, соғысқа аттанарда дәл осы өзеннің бойына ордасын тігеді екен. Көз ұшында мұнартып тұрған Көкше­тау­дың етегінде Құнанбай қажы әкесі Өс­кен­байға үш жүзге сауын айтып, ұлан-асыр ас берген. Қозы-Көрпеш – Баян сұлу жы­рындағы Жорға тауының аралығындағы Ащы мен Көкше суларының құйылысы Дағанделі өзенінің бастауы, оң қабақ жерде тұр. Сарыарқаның осындай шұрайлы, кең алқап төсін алаштың хас батыры, қазақтың қайсар ұлы Бердіқожа да те­гіннен-тегін таңдамаса керек», – деп өз ойын түйіндейді.*  *  *…Тәуелсіз еліміздің кешегісі мен бүгінгісіне көз жіберсек, қалың қазаққа қорған болған, өскелең ұрпақты отан­шылдыққа, мемлекетшілдікке бастайтын Бердіқожа секілді ұлттық батырлардың өмірін, ісін, мұрасын, жасаған тірлігін үнемі жаңғыртып, заманның талаптарымен ұштастыра жүргізуіміз қажет. Сонда ғана ұрпақтар арасындағы байланыстың алтын жібінің арқауы үзілмей, беки түседі…

Марат ДӘДІКБАЙ,журналист.