• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2010

ЕРЕУІЛШІЛЕРДІҢ ОЙЛАҒАНДАРЫ НЕ?

862 рет
көрсетілді

– Кенжебек Ниязұлы, сіз жаңа ереуіл басталған алғашқы күннен бастап қарсылық акциялары таң­ғаларлықтай жиі болып жатқан Жаңаөзен қаласында тұрып ке­лесіз. Қазір онда не болып жатыр? – “Өзенмұнайгаз” ӨФ-нің 20-30 адамынан тұратын топтың бастамасымен 1 наурызда ауы­сымды жұмысшылардың мұнай өндірісіне шығуы бір сағатқа дерлік, 2 наурызда – 20 минөтке, 3-і күні тағы бір сағатқа кешік­тірілді. 4 наурызда ауысымдағы жұмысшылардың жартысынан астамы және 800 бірліктен астам арнаулы техника жұмысқа шық­қан жоқ. 4 наурыз бен 8 наурыз аралығында күн сайын филиал­дың негізінен ұңғы қорларына қыз­мет көрсетумен және көлікті қамтамасыз етумен айналысатын бір жарым мыңнан үш мыңға дейінгі жұмысшылары күн сайын жұмысқа шықпай қалып отырды. Сонымен бірге “Өзенмұнайгаз” ӨФ-те мұнай өндіру ісінің тоқ­та­мағанын атап өткім келеді. Үзі­ліссіз мұнай өндірісін қамтамасыз ететін инженер-техник қызмет­кер­лер мен кезекші персонал өз жұ­мыс орындарында болды. Таяу­да ӨМГ жұмысшыларына өзге де жергілікті мердігер кәсіп­орын­дар­дың өкілдері қосылды. – Ереуілге қатысушылардың талаптары қандай? – Қарсылық акциясын ал­ғашқы күні де, заң талап ететіндей алдын ала да ешкім нақты та­лап­тар қойған жоқ. Дегенмен, кәс­іп­орын әкімшілігі әрине, мәселенің мән-жайын түсінуге тырысып бақты. Сөйтсе, ереуілге шығуға осы­ған дейінгі ереуілдерде жұмыс­шылардың өздері талап еткен ұжым­дық келісім-шартқа енгі­зіл­ген өзгерістер себепкер болыпты. Таңғаларлық жәйт, бірақ шынын­да да солай және акцияға қатысу­шылардың өздері де оны түсіне бастады. Осының бәріне қол қою үшін жұмысшыларға ұсынылған құлақ­тандыру түрткі болған. Онда пер­со­налға компанияда үш айдан ас­там уақыттан бері талқыланып ке­ле жатқан еңбекке ақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізілетіндігі ескертілген. Бұл жаңалықтар еңбек заңдылығындағы өзгеріс­терді бейнелейді және жұмысшы­лардың материалдық жағдайларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, ең бір “сақалды” проб­лема – еңбекақының тұрақты және өзгермелі бөліктерінің ара-қатынасы шешімін тапқан. Егер бұрын ол шамамен 45 пайызға 55 пайызды құраса, енді 23 пайызға 77 пайызды құрайтын болды. Еңбекақының өзгермелі, яғни сый­ақылық бөлігі өндірістік жос­пардың орындалуына байланысты болғандықтан, бұл, сөз жоқ, жұ­мысшылар үшін тиімді. Кейде мә­селен, қолайсыз ауа райы жағдай­лары сияқты объективті себеп­тер­ге де байланысты жоспар барлық уақытта бірдей орындала бер­мей­ді. Бұрын мұндай кезде жұмыс­шылар өз еңбекақыларының бір бөлігінен қағылатын. Оның сыртында “аумақтық коэффициент” және өсіруші коэф­фициенттер деп аталатын мә­се­лелер шешімін тапты. Еңбек­ақы­ға үстеме қосудың бұл түрі со­нау кеңестік кезден қалған бо­ла­тын. Олар қазақстандық еңбек заң­намаларында қарастырыл­ма­ғандықтан бұл коэффициенттерді жекелей төлеу бүгінде мүмкін емес. Жұмысшылар үшін осы тө­лемдерді сақтау мақсатында олар ай сайынғы окладқа, яғни жұмыс­шы өндірістік жоспардың орын­дал­ған-орындалмағанына қара­мас­тан алып тұратын еңбекақы бөлігіне қосылған. Іс жүзінде ок­ладты ұлғайту есебінен жұмысшы­ның орташа жылдық еңбекақысы орта есеппен 1-3 пайызға өседі. Бірақ осы өзгерістерден хабар­дар екендіктерін өз қолдарымен куәландыру жөнінде өтініш жа­сал­ған кезде мұнайшылардың ай­тарлықтай бөлігі қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартып қана қоймай, сонымен бірге жұмысқа да шықпай қалған. Мұндай мінез-құлық, сыпайы­лап айтқанда, таңғалуға тұрарлық. Біріншіден, олардың өздері осы­лай болғанын қалады және 2008 жыл­дан бастап орын алған қарсылық акцияларының бәрінде де осыны талап етіп келді. Бұл өзгерістерді ұжым атынан енгізуге “Өзенмұнайгаз” ӨФ қызметкер­лерінің кәсіподақтары бастамашы болды. Сөйтіп, 2009 жылдың 10 қарашасында бұл өзгерістер ұжымдық келісім-шартқа енгізілді. Қараша айынан наурыз айына дейін еңбек ұжымдарында, кә­сіподақтарда, барлық бөлімше­лер­де талқылаулар жүргізілгендіктен, жұмысшылардың бәрі де мұндай өзгерістердің дайындалып жатқан­дығынан, олардың мәнінен ха­бар­дар болатын. Екіншіден, аталған өзгерістер әрбір жұмыскер өзінің еңбек келісім-шартына қосымша келісімге қол қойғаннан кейін ғана күшіне енетіндіктен, жоға­ры­да айтылған қол қою оларды ештеңеге міндеттей алмайды. – Сіздер оны акцияға қаты­сушыларға түсіндірдіңіздер ме? – Ереуілдің бірінші күнінен-ақ біз бұл өзгерістер туралы бірнеше рет айттық, жаңа жүйенің ӨМГ-нің әрбір қызметкері үшін артық­шылықтарын нақты мысал­дармен көрсеттік. Біз оларға ереу­ілші­лер­дің, іс жүзінде өздерінің 2009 жыл­дың күзінде қойған талаптарын орындау тұрғысында қабылданған шешімдердің күшін жоюды талап етіп отырғанын түсіндірдік. Енді акцияға қатысушылар бас­қа талаптар қоюда. Жалпы, өт­кен күндерде ол тізімдердің үнемі өзгеріп тұрғанын, сол сияқты ак­цияға қатысушылардың сындарлы келіссөздер жүргізуге болатындай олардың мүдделерін білдіретін “стачком” деп аталатын ресми топты құра алмағанын атап өткім келеді. Бүгінде акцияға қатысушылар басқа талаптармен бірге филиалға 1997 жылғы “Өзенмұнайгаз” АҚ мәртебесін қайтаруды, өндірістік филиал мен ҚМГ БӨ басшылы­ғын ауыстыруды, ӨМГ кәсіподақ­тары төрағасын қызметінен бос­а­туды талап етуде. Осының бәрі де­мократияны үстірт түсінудің және еңбек ұжымдарындағы жалпылама биліктің салдарынан көптеген кәсіпорындар ереуіл жағдайында тоқтап қалған горбачевтік қайта құру дәуірін еске түсіреді. Бүгінде олар еңбекке ақы тө­леудің жаңа жүйесіне көшуді және жұмысқа қабылдаудың конкурс­тық жүйесін жоюды, жылдық өндірістік жоспарды төмендетуді, аумақтық коэффициенттің жеке­ле­ген төлемін заңдастыруды талап етуде. Бұл мәселелердің көбі өт­кен жылдың қарашасы мен биыл­ғы жылдың ақпаны арасында бі­тістіруші комиссияда талқыланды, комиссия бірқатар талаптардың ең­бек дауы ретінде қаралмай­тынын атап көрсетті. – Еңбек кодексінде ереуіл жариялаудың арнайы тәртібі қарастырылған. Бұл еңбек даула­рын бітістіру процедуралары арқылы шешудің реті келмеген жағдайда ғана жұмыскерлер бара алатын ең ақырғы шара. Ереуіл туралы ол басталардан кем дегенде он бес күн бұрын хабарлау керек, сондай-ақ оның ұзақтығын және ереуілді жариялау туралы шешімнің мазмұнын да заң реттейді. ӨМГ-дегі қарсылық акциясына қаты­сушы­лар осылай жасады ма? – Осы жолы да, бұған дейінгі ереуілдерде де бұл айтылған­дар­дың бірде-бірі жасалған жоқ. Әри­не, дағдарыс алаңдатқан адамдар­ды өз соңдарына ерткісі келген жасанды “көсемдердің” заңның бұл талаптарын білмеуі мүмкін емес. Бірақ олар бұл жөнінде Жа­ңаөзен мұнайшыларына хабар­лауды қажет деп таппайды. Және әкімшілікпен ешқандай келіс­сөздер, ешқандай жиналыстар, ешқандай талқылаулар болған жоқ. Бірден ереуілдің басталғанын білдіретін жұмысқа шықпай қалу жағдайлары орын алып отыр. Осындай ахуалда оған мұрын­дық болушылардың өздерінің жазаланбайтындықтарын сезінуі де өте маңызды фактор. Осыған дейінгі ереуілдерде компания қарсылық акциясына қатысу­шы­лар мен еңбек тәртібін бұзу­шы­ларға қарсы бір рет те әкімшілік шаралар қолданған жоқ. Бірақ мы­надай жағдайда жасалған ереуіл заңсыз әрі кез келген оған қа­ты­сушыны жауапкершілікке тартуға болады. Мәселе тек акцияны ұй­ымдастыру тәртібінің бұрмала­ну­ын­да ғана емес. ҚМГ ӨБ фи­ли­алдары төтенше жағдайлардың туындау тәуекелі жоғары өнер­кәсіптік кәсіпорындар қатарына жатады, ал төтенше жағдайлар тәу­екелін және үшінші бір адам­дарға зиян келтіру қатерін туын­дататын ереуілдер заңсыз болып танылады. Іс жүзінде әкімшілік осындай заңсыз ереуілдерге қатысушылар­мен арадағы еңбек келісім-шарт­тарын бұзуға дейінгі тәртіптік жазалау шараларын қолдануға құқылы. Бірақ біз бұл жерде ахуал анағұ­р­лым күрделі деп ойлаймыз. ӨМГ жұмысшылары Жаңа­өзен­дегі әлеуметтік шиеленісті үнемі ушықтырып жүретін жауапсыз адамдардың ықпалына түсіп отыр. Жаңа қарсылық акциясының пайда болу тарихына талдау жасай отырып, әлдекімдердің жұмысшы­ларды мейлінше шатастырғанын, оларды ешқандай себепсіз заңсыз акциялар өткізуге шақырғанын түсінесің. Сөйтіп, ереуіл тек ереуіл үшін ғана болып отыр. – Сіздің бұлайша ойлауыңызға не себеп? – Таза экономикалық талап­тарға тез арада экономикадан тыс сипаттағы, еңбек шарттары шең­берінен тым алыс жатқан талаптар араласқан кезде мұны түсіну қи­ын­ға түспейді. Құрамына “Өзен­мұнайгаз” өндірістік филиалы кіретін “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-ты мемлекет мен­ші­гіне қайтарасыздар немесе біз шексіз ереуіл мен аштық жария­лай береміз деген талап Жаңа­өзенде осымен екінші рет қойылып отыр. Басқаша айтқанда, әңгіме біз­дің мемлекетіміздің бүкіл эко­но­микалық саясатын қайта қарау, еліміз жиырма жылға жуық уақыт бойы ұстанып келе жатқан ба­ғытты ревизиялау жөнінде болып отыр. ҚМГ БӨ-нің 63 пайыз акция­сы “ҚазМұнайГаз” ұлттық ком­па­ниясының қолында болғандықтан, компанияда қатаң мемлекеттік ба­қылау орнатылған, демек оны на­ционализациялау туралы талаптың өзі өрескел. Жалпы, ереуілдеушілер бұл үде­рісті көзге қалай елестетеді? Арасында қазақстандық зейнетақы қорлары, төрт миллионнан астам артықшылықты акциялары өзде­рі­не жататын 30 мыңға жуық ҚМГ БӨ-нің бұрынғы және қазіргі өз жұмыскерлері бар акционерлерге ақшаны қай баға бойынша қай­тару керек? Ашық рынокта сатып ала отырып БӨ-нің акцияларына өз ақшаларын салған шетелдік инвесторлардың жағдайы қалай болмақ? Егер оларға құнды қа­ғаздарды кері қайтару туралы ұсы­ныс жасар болсақ, үлкен сот про­цестері басталып, Қазақстанның төңірегінде халықаралық жанжал бұрқ ете түспек. Ереуілшілер мұндай жағдайдан шығудың жолы қандай деп ойлайды екен? Бұл риторикалық сауал, өйт­кені олар бұл туралы ойламайды да. Ойлауы мүмкін де емес. Өйт­кені, олар “бөгденің дауысына үн қосып”, тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да айтқанда еңбек дауларын ушықтырып, оған саяси реңк беру арқылы өз дивиденттерін алуға талпынып жүргендерге еріп әлек. – Енді не істеу керек? – Біз қайткен күнде де сын­дарлы ойдың салтанат құратыны­на, біздің әріптестеріміз – өн­дірісшілердің еңбекке ақы төлеуге тікелей қатысы жоқ қиялдан талаптардан бас тартатынына бұрынғыша сенімдіміз. Оның үстіне ҚМГ БӨ басшылығы еңбек ұжымының ұстанымдарын қарауға және оларға қолдау көрсетуге дай­ын екенін әлдеқашан айғақтаған. Біз тек біздің кәсіпорнымыз әл­декімдердің саяси ойындары­ның аренасына және кәсіби ере­уіл­шілердің пайда болар орнына айналып кете ме дегеннен қауіп­тенеміз. Ахуал бұлайша өрбіген жағдайда ҚМГ БӨ ғана емес, бүкіл Жаңаөзен қаласының дамуына қатер төнеді. Сондықтан біз өн­дірістік филиал ұжымын жауап­кер­шілік танытуға, ахуалды сындарлы арнаға ауыстыруға, сөйтіп, барлық проблемаларды келіссөздер жолы­мен шешуге шақырамыз. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ