Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:42
Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін бокстан ересектер арасында өткен дүбірлі дода аяқталды. Он салмақтың жетеуінде қанжығаға алтын байлаған біздің жігіттер жақсы көрсеткішпен алға озды.
Екі жылда бір рет өтетін бұл халықаралық турнир бұған дейін 2006, 2010 жылдары Астана қаласында ұйымдастырылған еді. Бұл жолғы жекпе-жектердің басты ерекшелігі, Лондон Олимпиадасы қарсаңында ұйымдастырылуы болып отыр. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы мен Алматы қаласы жеке командамен қатысты. Алты күн бойы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын керемет жекпе-жектермен думанды еткен халықаралық жарыстың жеңімпаздары да анықталды.
Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:42
Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін бокстан ересектер арасында өткен дүбірлі дода аяқталды. Он салмақтың жетеуінде қанжығаға алтын байлаған біздің жігіттер жақсы көрсеткішпен алға озды.
Екі жылда бір рет өтетін бұл халықаралық турнир бұған дейін 2006, 2010 жылдары Астана қаласында ұйымдастырылған еді. Бұл жолғы жекпе-жектердің басты ерекшелігі, Лондон Олимпиадасы қарсаңында ұйымдастырылуы болып отыр. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы мен Алматы қаласы жеке командамен қатысты. Алты күн бойы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын керемет жекпе-жектермен думанды еткен халықаралық жарыстың жеңімпаздары да анықталды.
Біздің боксшылар 10 салмақ бойынша күш сынасып, оның жетеуінде алтын алқаға ие болса, қалған жүлделерді Куба мен Сирия спортшылары бөлісті. Біздің ойымызша, Президент кубогын сарапқа салған осы сайыс Олимпиада қарсаңында өте сәтімен ұйымдастырылып отыр. Күні ертең төртжылдықтың басты бәсекесінде кубалықтармен қолғап түйістіретініміз тағы да анық жәйт. Яғни, Бостандық аралы боксшыларының қарым-қабілетін тағы бір байқап көруге таптырмайтын мүмкіндікке ие болды біздің спортшылар. Бәсекеге он ел қатысқанымен, Украина мен Ресей қосалқы құрамын жіберген соң, басты назарымыз Куба боксшыларында болғанын жасырмаймыз. Әуелден қаракөз қазақ баласына қара түсті қарсыластың шаршы алаңдағы нағыз бәсекелеске айналғаны рас.
Жарыстың соңғы күні, финалдық кездесудің шымылдығын 49 кило салмақтағы Куба боксшысы Йосвания Вейтиа мен үндістандық Девендро Сингхтың арасындағы жекпе-жек ашып, 4:4 есебімен тең түскен екі жас перінің арасында кубалықтың бағы жанды. Ұпай санымен Йосвания Вейтиа жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Айта кету керек, үнді Сингх өзінің болашағы жарқын боксшы болуға лайық екендігін әбден дәлелдеп үлгерді бұл турнирде.
52 кило салмақтағы қос қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменов пен Мирас Жақыповтың арасындағы кездесу де мейлінше тартысты өткен ойын болды. Жартылай финалда Куба боксшысын қуалап жүріп сабаған Мирас финалда екі раунд бойы Ілиястан соққы жеді. Тек шешуші раундта ғана тынысы ашылғандай болғанымен, алдыңғы ойын есебі бойынша Сүлейменов жеңісті олжалап кетті.
56 кило салмақтағы Қанат Әбутәліпов – Лазаро Альварес Эстрадо арасындағы кездесу жанкүйер біткеннің делебесін қоздырып, намысты жаныған нағыз майдан болды. Бакуде өткен әлем чемпионатының алтын жүлдегері Лазаро Альварес Эстрадоны ә дегенде Әбутәліпов қарша бораған соққының астына алды. Сөйтіп, бірінші раундта Қанат 7:3 есебімен алға шықты. Алайда, соңғы екі раундта Эстрадо ес жиып, біздің жігітте кеткен есесін еңсере қайтарғаны рас. Электронды тақтадағы ұпай саны 17:17 болған кезде бәріміз жеңісті кубалық шеберге беріп қойғандай едік. Бірақ компьютердің есептеуі бойынша Қанат жұмсаған дәл соққылары бойынша алға шығып, жеңіске жетті. Бұл шешімге риза болмағандай Эстрадо да сұқ саусағын аспанға кезеп, басын шайқай берді.
60 кило салмақта Ғани Жайлауов пен Ясниер Толедо Лопес кездесті. Бұл жолы да біздің Жайлауов Лопестен 8:12 есебімен жеңіліп қалды. Бакудегі жеңіліс өз алдына, туған жердің топырағын басып тұрып жеңілістің ащы дәмін тату қиын болды біздің жас боксшыға. Келесі 64 кило салмақта тағы да қос жерлесіміз Әсет Қасымов пен Алмазбек Әлібеков күш сынасты. Алғашқы раундта көп терлемей-ақ алға озған Алмазбекті соңғы раундтарда Әсет айқын басымдықпен ұтты. Есеп – 10:7.
Ұлттық құраманың капитаны, екі дүркін әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Серік Сәпиев өзінің 69 кило салмақта дара боксшы екендігін тағы бір дәлелдеді. Қарсыласы Бақытжан Қожабековті үш раунд бойы ес жидырмай, 16:5 есебімен жеңіп, тағы да ел алдында мерейін асырды.
75 кило салмақта Олимпиадаға жолдама алған Данабек Сужанов пен Нұрдәулет Жарманов кездесті. Данабектен дене бітімі ірі Нұрдәулет алғашқы айналымда үш ұпай айырмасымен алға шыққан. Екінші раундта есеп теңестірген Данабек соңғы раундта жеңіске жету үшін көп тер төккені анық байқалды. 12:9 есебімен жеңген Сужановтан алда да үмітіміз зор.
Әділбек Ниязымбетов пен Хулио Лакруз арасындағы жекпе-жек 81 кило салмақтағы кездесулердің ішіндегі ең бір тартысты өткені болды десек, әсте қателеспейміз. Алғашқы екі раундта ұпай санымен алға озған Әділбек соңғы раундта біраз соққының астында қалғандай болып еді, алайда қорғаныста тұрып-ақ діттеген жерін дәл көздеген екен. 16:10 есебімен таза жеңіске жетті.
91 кило бойынша шаршы алаңға шыққан Мохаммед Гассоун мен Арбек Әбдіғаниевтің арасындағы кездесу Сирия боксшысының есебіне жазылды. Үлкен рингтерде пісіп-жетілмеген Арбек үшін бұл да сабақ. Финалдың ең қызық та шешуші айқасы қос алып Иван Дычко мен Эрисланди Савон арасындағы кездесу болды. 91 килодан жоғары салмақтағы екі дәу бірін бірі сұлатып салмаса да, көп аңдысып жүріп соққы жұмсағандарының өзі көрер көзге бір қызық.
Үшінші мәрте өткізіліп отырған Президент кубогына нүкте қойған бұл жекпе-жекте Иван Дычконың бабы да, бағы да озды. Жеті алтынға ие болған біздің боксшыларымыз қазақ бокс мектебінің абыройын сақтап қалды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.