Сенбі, 9 маусым 2012 8:13
Кеше Польша мен Украинада футболдан XIV Еуропа чемпионаты басталды
Төрт жылда бір айналып келетін бұл дүбірлі дода кеше кешке Польшаның екі қаласында басталды. Алдымен елдің астанасы Варшавада Польша мен Грекия құрамалары жасыл алаңға шығып, біріншіліктің шымылдығын ашып берді.
Сенбі, 9 маусым 2012 8:13
Кеше Польша мен Украинада футболдан XIV Еуропа чемпионаты басталды
Төрт жылда бір айналып келетін бұл дүбірлі дода кеше кешке Польшаның екі қаласында басталды. Алдымен елдің астанасы Варшавада Польша мен Грекия құрамалары жасыл алаңға шығып, біріншіліктің шымылдығын ашып берді.
Иә, Кәрі құрлықтың осы циклдағы ең әлеуетті деген 16 командасы тағы да өз іштеріндегі нағыз күштіні анықтау жолындағы жан алысып, жан берісетін кезекті шайқастарын бастап кетті. УЕФА эгидасында ұйымдастырылып отырған бұл аламан ресми түрде «UEFA EURO 2012 tm Poland-Ukraine», ал ауыз-екі тілде «Евро-2012» деп аталады. Ресми атаудың жоғарыдағыдай мазмұнға ие болуына оның осы қос мемлекетте қатар өтетіні себеп болды. Бұл, әлбетте, алғашқы мәрте қолға алынып отырған үрдіс емес. Құрлық біріншілігінің екі елде өту дерегі бірінші рет 2000 жылы тіркелді. Сол жылғы құрлық бәсекесі Бельгия мен Нидерланды (Голландия) елдерінде керуен түзіп еді. Келесі жолғы мұндай дәстүр 2008 жылы Австрия мен Швейцарияда өз жалғасын тапты. Енді, міне, араға үзіліс салынбай, сол сабақты иненің сүңгісі Польша мен Украинаға жол тартып отыр.
Чемпионаттың ашылу салтанаты Варшаваның Ұлттық стадионында Польша – Грекия құрама командалары арасындағы матчтың алдында қанат жайды. Жалпы құны 600 млн. АҚШ долларын құраған аталмыш арена осы біріншілік үшін арнайы салынған болатын. Ол биылғы қаңтарда пайдалануға берілді.
Бұл күні ауқымына 58 мың адамды сыйдырған Варшава Ұлттық спорт аренасында ине шаншарлық бос орын болған жоқ. Солардың арасында бас мейман ретінде Украинаның президенті Виктор Янукович пен Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан отырды.
Бұл жолғы чемпионатты ұйымдастырудың тағы мынадай ерекшеліктері бар. Біріншілік маусымның 8-і күні поляк жерінен қанаттанып ұшқанымен, тап сол күні оның басталуына арналған шаралар украин аумағында да қолға алынды. Атап айтқанда, ол жұма күннің жүлгесінде Киевте президент ұлттық оркестрінің қатысуымен чемпионаттың ресми фан-аймағының салтанатты жағдайда ашылуы түрінде көрініс берді. Оған 16 елден келген 20 мыңнан астам жанкүйер қатысты. Бұған қоса, чемпионаттағы әрбір матчтың алдында оның шағын ашылу салтанаты өткізіліп тұрмақшы. Ол бар-жоғы бес-жеті минуттың айналасында ғана уақыт алады. Бұл туралы осы аламанның қарсаңында Польша Ұлттық олимпиялық комитетінің жетекшісі, Евро-2012 ұйымдастыру комитетінің төрағасы Маркиян Лубковски мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шаралар тек Украина мемлекетінің аумағында ойналатын ойындарда ғана орын алмақшы.
Жалпы, бұл оқиғаға Польша мен Украина табаны күректей бес жыл бойы дайындалды.
Чемпионат екі елдің 8 шаһарында ойналады. Олардың қатарында Польшаның Варшава, Познань, Гданьск және Вроцлав, Украинаның Киев, Харьков, Львов және Донецк қалалары бар. Матчтар саны да олардың әрбіріне теңдей бөлініп берілген. Біріншіліктің ашылуы және жабылу салтанаттарын да екі ел өзара бөлісіп алған. Айталық, доданың басталуы мен тұсаукесер ойыны кеше Польшаның астанасы – Варшавада өтсе, жабылуы мен финалдық кездесуі 1 шілде күні Украинаның бас қаласы – Киевте орын алады.
Әзірге футбол мамандары бас жүлдеден негізгі үміткерлер ретінде Германия және Голландия құрамаларын, сонымен қатар мұның алдындағы біріншіліктің, сондай-ақ 2010 жылғы әлемнің чемпионы Испания командасын атап отыр.
Соңғы мәлімет: Газетіміздің осы нөмірін жарыққа шығаруға қол қойылғалы жатқанда, испан арбитры Карлос Веласко Карбальо қазылық еткен Польша және Грекия құрамалары арасындағы кездесудің соңғы ысқырығы естілді. Бұл матч 1:1 есебімен аяқталды. Ал Ресей – Чехия құрамалары арасындағы ойын өте кеш біткендіктен, оның нәтижесін келесі жолы хабарлаймыз.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».