Батыс Қазақстан облысының Бітік кентінде туып-өскен қарапайым ғана ауыл баласы ғылымның нәріне тереңнен бойлап, осы салада орасан зор табысқа қол жеткізді. Орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған ол Ресейдің Саратов қаласындағы Механикаландыру және электрлендіру институтына оқуға түсті. Студенттік шағында да алғырлығымен оқшауланды. Ленин стипендиаты атанып, айтулы білім ошағын қызыл дипломмен аяқтады.
Өз қатарластарының алды болған Анвар Ғафурұлы 1970 жылы техника ғылымдары бойынша кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады. 1976 жылы 32 жасында техника ғылымдарының докторы атанды. Сол кезеңде елімізде отыздан енді ғана асқан шағында дәл осындай биік дәрежеге жеткен техника саласының ғалымдары ілуде біреу ғана еді.
А.Акчурин көптеген ауқымды еңбектер жазды. 1975 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар КСРО өнертапқышы (1983), Қазақстанның құрметті жол қызметкері (1989), КСРО Жоғары мектебінің үздігі (1990), академик (1998), ЖОО-ның ең үздік оқытушысы (2007), «Қазақстанның ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалінің иегері деген атақтары тағы бар.
А.Акчурин 1979-1983 жылдар аралығында Республикалық ғылыми еңбекті ұйымдастыру және өндірісті басқару орталығына жетекшілік етті. Одан кейінгі уақытта Қазақтың автожол институтының ректоры, Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының оқу-әдістемелік жұмыс орталығының директоры, Басқару институтының проректоры қызметтерін атқарды. Бір сөзбен айтсақ, айтулы азаматтың отандық ғылым мен көлік саласының дамуына қосқан үлесі орасан зор.
Өзінің саналы ғұмырын толықтай білім мен ғылымға арнаған Анвар Акчуриннің жетекшілігімен 800-ден аса маман дипломдық жобаларын ойдағыдай қорғады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған шәкірттердің дені республикамызда жол көлігі, халық шаруашылығын басқару, құрылыс және басқа да салалардың дамуына сүбелі үлес қосуда. Бүгінде ел экономикасын өркендету жолында А.Акчуриннің шәкірттері тынбай еңбек етуде.
Міне, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз осындайда айтылса керек.