– Уағалейкумсалам, рахмет қарағым. Тәуірленіп қалдым.
– Ендеше, әңгіме өрбіте отырайық ағасы, қазақтың жақсы ақындарының бірісіз. Бұл өнер бойыңызға қайдан дарып жүр?
– Мен туған Торғай өңiрi ұлт руханиятына өте бай өлке. Оң-солымды танып, ес бiлiп, өлең-жырға деген iңкәрлiк сезім оянған сәттен бастап, айналамдағы адамдардың шын мәнінде, ақын, жыршы, керемет өнерлі халық екенiн анғардым. Бала кезімде көзім көрген кез келген қария өлеңдетiп сөйлейтін, тілі шешен, ойы көсем, сөздерi жүйелi, керемет еді. Сөйтсем мұның түп-тамыры тереңде жатыпты. Сонау Шақшақ Жәнiбек батырдан бастап, бер жағындағы Досбол би, атақты Бірімжановтар, алаштың ақтаңгер тұлғалары Ахмет мен Міржақып, дала батырлары Аманкелдi мен Кейкi... деп кете береді. Бұл адамдарға қатысты мен естіген аңыз-әңгiмелердің өзi бір-бір дастан. Соның бәрiн жастайымыздан құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстiк. Менің ақын болуыма, сөз өнерінен несібе іздеуіме, жоғарыдағы саф алтындай қазақы қайнары суалмаған ортаның әсері болғаны анық.
Одан кейін мектепке барып, хат танығаннан кейiн аңғарсам, біз туған өлкеде небiр дүлдүл халық ақындары мен жыршылары бар екенiне көзiм жеттi. Осылардың ұшар басында Нұрхан Ахметбеков деген алапат дастаншыл үлкен ақын тұрды. Оның «Ұры Қарға», «Есiм серi», «Жасауыл қырғыны», «Жұпар ханым» секiлдi дастандары ойпырым-ай, бiрiнен-бiрi өтедi. Кез келген әншi, жыршы қолына домбырасын алып, отыра қалып осы дастандарды жатқа жырлайтын. Осы жырларды тыңдап, тамсанып өстік. Бір сөзбен айтқанда, біз Нұрхан рухымен ауыздандық.
Есейе келе бұдан да бөлек, тағы бiр керемет көркемдiк барын аңғардық. Ол Сырбай мен Ғафудың жырлары. Шіркін-ай, бiрiнен-бiрi өтедi. Нағыз кәсіби заманауи өлең үлгiлерi. Ауылдың бүкіл бала-шағасы екі ақынның қолымызға тиген өлең-жырын жатқа айтамыз. Кейiн ол кiсiлердi елге келгенде көзiмiз көрдi.
– Сырағаң мен Ғафекеңді тұңғыш көргендегі әсеріңіз қазір есіңізде ме?
– Есімде. Оқиға былай болды. 1963 жылы атақты Нұрхан ақын алпысқа толып, Торғайда толағай теңіз той өтетін болды. Бұл хабарды естіген марқұм жан досым Кеңшiлiк Мырзабеков екеумiз туған ауылымыз Ақшығанақтан ауданға жаяу тарттық. Екі орта 80-90 шақырым. Мақсатымыз – Алматыдан келетін Сырбай мен Ғафуды тірідей көру. Сөйтсек, Нұрхан тiл-аузы байланған сырқат, күрмеліп сөйлей алмайды екен. Ақынды халық тік көтерiп әкелiп, сахнаға шығарды. Жас балапан секiлдi екi көзi жәудiреп отырды. Құлағы естиді, көкiрегі сайрап тұр, тек тіл жоқ. Өз қолымен жазып берген өлеңiн баласы Мәлiкзада халыққа оқыды. Сендермен бiр мәжiлiс құра алмадым, Орнымнан аяқ басып тұра алмадым, Денсаулық басқа қайта оралмаса, Iшiмде кеткенi ғой мұң-арманым. Қайратым кемiген жоқ қай тұста да, Жүлде алдым талай-талай айтыстарда, Жалғыз-ақ бар арманым мына саусақ, Жан бiтiп домбыраны қайта ұстар ма. Ортаңда үнсiз бүгiн отырамын, Сырымды осы хаттан оқы бәрiң, Сүйемiн өздерiңдi аялаған, Жас Торғай, кәрi Торғай топырағын. Алпыс жас болғанменен асу биiк, Әлде де, әкете алмас басы биiк, Айтамын тағы да алғыс өздерiңе,Алпыста қырау шалған басымды иiп.
Осы өлең сол жерде, айтқан бойда есiме жатталды да қалды. Күні бүгінге дейін бір сөзін ұмытқан емеспін. Осылай той басталды.
Содан... Бiр кезде күндей күркiреп, бұлттай буырқанып, жөңкiп шапқан даланың тағы тарпаң жылқысы секілді, шаш деген адам баласына ұқсамайды, ормандағы жабайы арыстанның жалы сияқты, әжімі де тарам-тарам Торғайдың тарғыл даласынан аумайды, аузынан жалын шашып, найзағай жарқылдап сахнаға Сырбай шықты. Құдай сақтасын, сілтідей тынып біз тұрмыз. Содан бастады: «Бұл Нұрхан, алпысқа алқынып келген жоқ, шарқ ұрып келдi. Бұл Нұрхан, алпысқа еңбектеп келген жоқ, еңбекпен келдi. Нұреке, саған не сыйласа да артық емес. Бiрақ көңiлiң көктемдей болсын деп көк шапан жабуға рұқсат етiңiздер!» деп зорға іркілді.Екінші болып ойпырмай, өмірі жүген-құрық тимеген бесті асау секілді ауыздығымен алысқан, топқа түссе еті қызып, еліріп кететін қанқызыл тұлпар сияқты, аузынан ақ көбігі бұрқырап, тұмсығымен жер сүзіп, тұяғымен қара тасты қақ айырып жіберетіндей, ауыздығын қарш-қарш шайнап сахнаға Ғафу көтерілді. «Жазуға жаман өлең, жасық жырды, Нұрханның аруағынан әлi қорқам» деп бастап, күркіретіп, күрсінтіп, шарықтатып, шамырқантып өлең оқыды.
Не деген сұмдық ақындар! Екеуінен көз алмаймыз. Күн ыстық еді... Сырағаң қалтасына қолын салды да, салақұлаш орамалын суырып, бетiн сүрттi. Орамалының бір жартысымен бетін сүртіп жатса, қалған жартысы қалтасынан шыққан да жоқ. Умаждап қайта салып қойды. Бұл да бiр ерекше қасиеті болар дедік...
Айтпақшы, бір ай бұрын Назарбек Бектемiсов деген ақынжанды ағамыз аудандық газетке «Он бес жасар ақын» деген мақала жазып, менің тұсауымды кесіп, басылым бетіне өлеңiмді шығарған-тын. Осы ағай: «Серiк, сенің газетке өлеңдерiң шықты емес пе. Сен тұра тұр, мына Кеңшiлiк сахнаға шығып өлең оқысын!» дедi. Екеумiз де Нұрханға өлең арнап келгенбiз. Өзімізше ауыздығымызды қарш-қарш шайнап жұтынып тұрмыз.
Кеңшiлiк сахнаға шығып өлең оқыды. Сол жолы Сырбай мен Ғафу «мына балалар жақсы екен!» деп арқамыздан қақты.
– Ағаларыңызды алғаш көргендегі әсеріңіз керемет екен. Осылардай болсақ деп сіздер де еліктедіңіздер ғой. Солай ма?
– Алғашында елiктеу болды. Біз түгіл Ғафу да Сырбайға елiктеген. Өзі айтатын: «Бiрде Сырбайша дауылдатып өлең оқып едiм. Сырбай тыңдап тұрды да: «Өз қалпыңа түс бала, үйренсең де ұқсама!», деді. Содан кейін өз жолыма түсiп кеттiм» дейтін.
Сол секiлдi бiз де өз жолымызды таптық. Ғафу – дастаншыл ақын. «Дастаншыл болуым Нұрханнан алған әсерiм», дейтін. Өзі Нұрханның эпикалық дастандарын жатқа айтатын.– Әдеттегідей арман қуып Алматыға келдіңіз, алғашқы кiтабыңыз қалай жарық көрдi?
– Алматыда қаншама жыл пәтерсiз жүрдiк. Алдымыздағы аға буын өкiлдерiнiң бәрінің басынан өткен жағдай екен. Мұнда 10 жыл қаңғырмай пәтер алмайсың. Қалаға тұрақты тiркелудiң өзi қиямет. Бiз де қиналып жүрiп, пәтер алдық. Кейін тұрмысымыз да ел қатарлы жақсарды. Балалы-шағалы болдық.
Өлеңдерім газет-журналдарда бұрқырап жарық көре бастады. Абыз ақын Әбділда Тәжiбаевтан бастап жырларыма жақсы лебiздерiн бiлдiрдi. Мұқағали ағам бiр күнi: «Әй бала, сен Алматыға келгелi бiраз уақыт болды. Кiтабың шықты ма?», дедi. «Кiтабым шыққан жоқ». «Ол қайда?». «Баспаға тапсырғаныма 4-5 жыл болды». «Кітабыңның аты не?». Кітабымның атын Қадыр Мырзалиев «Қобыз» деп қойып жоспарға кiргiзіп қойған болатын. Жоспардан бір-екі рет түсiп те қалғанын білемін. Мұқағали менің бас-аяғыма шолып бір қарап алып: «Қадыр сенің кітабыңның атын «Қобыз» деп қалай қойған. Ол өзi алғашқы кiтабын «Домбыра» деп шығарып едi, соған қосақтап қоя салған ғой. Қобыз болса, қобыз болсын» дедi. Мұқағали ертеңінде Қадырға барыпты. Қолжазбаны алыпты. «Серіктің кітабына мен пiкiр жазам. Одан кейін шығармай көр, Мырзалиев» дептi. Екеуі құрдас. Бiр-бiрiмен қатты ойнайтын. Мұқаң өлеңдерiмдi оқыпты. Кейбiр түрткен жерлерi де бар. Кейiн кітапқа жазған пікірін көрдiм. «Серiк ақындық тұсауын кесуге тұратын жігіт. Мұның жырлары алып-жұлып тұрмайды, тоқырап та жатқан жоқ, бойында қаны бар, бабымен жазылған байсалды дүниелер» деген екен. Мұқаң басқа ешкiмге бұлай iлтипат бiлдiрген емес. Жарықтық менен үлкен үмiт күттi. «Әй, қызталақ, сен түбiнде бәрін басасың!», дейтiн. Осылай алғашқы кiтабым жарық көрдi. Қадыр ағам «Мұқағали саған жақсы пiкiр жазып бердi», деп құттықтап, қолымды алды. Бiрақ кiтаптың iшiндегі қобыз туралы өлеңім алынып қалды. «Құлаққа естiледi сенiң үнiң, Қаңқылдап бара жатқан қаз даусындай»деген жолдар бар еді. Осыдан ескiлiктің сарыны көрініпті.
– Сiз «әдебиет алыптары» атанған ағалардың көзiн көрдiңiз. Олардың бiтiм-болмысы, адамгершiлiк қасиеттерi туралы сөз қозғасаңыз?
– Бiз әдебиетке келгенде Жазушылар одағын Әди Шәрiпов басқарды. Бірақ Ғабит пен Сәбитті сырттай да, іштей де көрiп жүрдік. Ғабеңді алғаш рет Целиноградта көрдім. Онда тың өлкелік жас ақын, жазушылар кеңесi өттi. Сейiт Кенжеахметов, Таңатқан Сәтбаев үшеуіміз Торғайдан келдiк. Ғабең «Есiл» қонақ үйiнде жатыр екен. Барып сәлем бердiк. Ғабит аға болмысында Сәкен Сейфуллинге елiктеген адам. Таза киiнедi, шашын майлап қояды. Бетiн әрлендiрiп, иiссуды көп себедi. Бипаз, биязы, сал-серiлiктi, тектiлiктi бойына сiңiрген жан.Ал Сәбең қарапайым адам еді. Сұрағымызды еркін қойып, жатырқамай әңгiмелесiп жүрдiк. Ғабеңнiң қасында анталап, ентелеп кету қиын. Паң тұрады. Сөйлесе бiлсең – қазына.
– Кезінде сіз Сәбең жайлы жап-жақсы радио-хабар дайындаған жоқсыз ба?
– Дайындадым. Ол кезде Қазақ радиосында жұмыс iстеймiн. Радионың әдебиет редакциясын белгiлi балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев басқарды. Әнекең бір күні маған «Сәбиттің хаттары» деген бағдарлама жаса», деп тапсырма бердi. Жазушының үйiне хабарластым. Арғы жақтан қарлығыңқы дауыс шықты. Аты-жөнiмдi айттым. Уақытын белгiлеп, келiстiк. Үлкен «ЗИМ» машинасымен студияға келдi. Жарты сағаттық хабарда көп әңгiмелер шертiлдi. Халықтан хат өте көп алатын адам екен. Ғабиттің 40-тан астам хаты, Әбдіжәміл Нұрпейiсовтің майдан даласынан жазған хаттары туралы айтты. Iшкi мұңдарын таныстырды. Осы таспаға жазылған хабар қазір Сәбең мұражайында әлі сақтаулы тұр.
Сәбең дүниеден өткенде басы-қасында болдым. Бiр кiсiдей атсалыстым. Бейiт басында Ғабит тебiренiп сөйледi. «Бiр өзi, бiр библиотека кiтап жазған адам. Сәбит Мұқановтың сөйлемдерiн шашыратып, тiркестiрiп жазып жiберсе бүкiл әлемдi орап алар едi», деп айтқаны әлi есiмде. Екеуі бала жастан бiрге өскен құдандалы адамдар, пенделiк тiрлiкте кейде табысып, кейде тақасып та жүрген. Бiрақ өнер мен әдебиетке келгенде мүдделерi бiр болған.
– Басқа кімдердің алдын көріп, өнегесін үйрендіңіз?
– Бауыржан Момышұлының үйiнде болдым. Әңгiмесiн тыңдадым. Ол үйге батырдың iнiсi, ақын Жақсылық Сәтiбеков ертiп апарды. Ғажап батыл адам едi. Сахнаға шығып әдiлетсiздiктердi айтып-айтып салады. Баукең сөйлегенде бiр жасап қаласың. Серке Қожамқұлов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсiпбек Елебековтердi көрдiм. «Серағаң туралы сыр» деген естелiк жаздым. Серағаң бір жарым жылдай Торғай қаласында тұрған екен. Тіпті, Әлiби Жангелдиннің отрядына мүше болыпты...
– Секе, сiздiң бала кезіңізде ауылда үлкен қариялар болды. Олар кешегi Амангелдi, Кейкi, Ахаң мен Жақаңдар жайында не айтушы еді?
– Ауылымызда Амангелдi батырдың сарбазы болған Жақия және Назар деген көшелі қариялар бар еді. Сол кiсiлердің әңгiмесін көп естідім. Олар: «Шiркiн, нағыз батыр Кейкi еді» деп тамсанатын. Еркiндiк желi ескен тұста бала кезде естіген дүниелерім iшімде буырқанып «Кейкi батыр» деген дастан жаздым. Бұл дастан жоғарыдағы шалдардың айтуы бойынша, халық аңыздарына құрылған. Жыраулық үлгiде жазылды.
Ал Ахаң мен Жақаң туралы әңгiменi аз естiдiк. Бiрақ ақсақалдар күңкiлдеп оңаша қалғанда үнемі айтып отыратын. Ауылда Асқар деген ақсақал болды. Осы кісі кезінде Міржақып басқарған 4-ші Алаш полкының сарбазы болған. Бұл әрекетіне бола Кеңес заманында 10 жыл жаза алып, түрмеге отырып қайтыпты. Осы атамыз айтатын: «1918 жылдың күзінде Қызбелдiң Күзеулiк деген жерiнде Алаш әскері 2-3 ай дайындық жасады. Ақыры басқа барар жері болмай әскер осында қыстап қалды. Әскер қатарында, Асылбек Сейiтов деген алаштың дәрiгерi және жазушы Бейiмбет Майлин болды», деп. Биағаң жарықтық Кеңес өкiметiне бiр ауыз артық сөз айтпаған адам. Бірақ алдынан Алаш әскерінің маршын жазғаны, әскер сапында болғаны шыға берген. Ақыры атылып тынды.
– Торғай топырағында үрдісі үзілмей келе жатқан үлкен ақындық мектебi болғаны туралы жоғарыда айттыңыз. Осы мектептің белді өкілдері кімдер?
– Бұл өлкеде уақ Жұмабай деген керемет ақын болған. Нұрханның өзi содан үлгi алдым деген. Күдерi, Әбiқай дейтін тұяғына шаң тимес дүлдүлдер өткен. Ахаң мен Жақаң осы мектептің өкілдері. Екеуі де өлең жазған. Мысалы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің Абай туралы жазбасында: «Абай өлеңдерi Жұмабай, Күдерi секiлдi ақындардың жырлары сияқты болар деп ойлағанмын. Қолжазбасын қолыма алғаннан кейiн қарасам, мүлде бөлек, өзi де, сөзi де ұқсамайтын ақын екен», дегені бар.Ахмет өзі шығарған «Қазақ» газетiне Жұмабай мен Әбiқайдың өлеңдерiн басып тұрған. Оларды үлгi тұтқан. Содан Нұрхан, Сырбай, Ғафу, Қайнекей, Шәмiл шықты. Қайнекей қазақ поэзиясындағы балладаның озық үлгiсiн жасаған, аса бiлiмдар адам. Көп адамдарға шапағаты тиген. Осы iзбен Қойшығара, Төлен, Қоғабай, Кеңшiлiк, Сейiт, Қонысбай, Нағашыбай, Әбжандар шықты. Осының бәрi «Торғай ақындық мектебiнiң» үзiлмей келе жатқан сабақтастығы.
– Марқұм Кеңшiлiк Мырзабеков екеуіңіз тай-құлындай тебiсiп, бiрге өскен бір ауылдың түлегі екенсіздер. Аяулы досыңыз туралы не айтар едiңiз?
– Кеңшiлiк екеумiз бiр ауылда өстiк. Бір партада отырдық. Бiр мектептi бiтiрдiк. Университетте де бiрге оқыдық. Өле-өлгенше жұбымыз жазылмады. Біздің алдымызда мықты ақындар болды. Кейiнгi толқыннан да мықты ақындар шығып келедi. Өз басым Кеңшiлiктi бәрiнен биiк қоямын. Жан досымның жасындай жарқылдаған жырлары өлмес мұра. Ғасырдан-ғасырға жалғасатын ақын. Өлеңдерiнiң терең құпия сырлары уақыт өткен сайын ашыла бередi. Ол көркемдiктiң көкжиегiне жеткен ақын. Оның тентектiгi – тектiлiгi болатын. Кеңшiлiк екеумiз талай төбелестiк. Ашуымыз 5-10 минуттан аспайды. Артынан ұмытып, құшақтасып кете барамыз. Кеңшiлiк жас кезiнде бір жыл бiздiң үйде тұрды. Анам Кеңшiлiктiң жақын апасы едi. Егiз қозыдай бір шешенiң тәлiмiн алдық. Мiнезi қызық. Аттап басқан қадамы «нарушение». Сондай бiр қызық адам. Ол отырған жерде төбелес, даусыз тарқамайды. Артынан бәрi дұрыс болады. Оның бәрiн әдейi жасамайтын.Кеңшілік үшін оқудан шыға салу, жұмысын тастап кету деген түк емес еді. Адамдармен тез тіл табысады. Көңілінде реніш деген ұғым мүлде болмайтын, күліп қана жүретін кешірімшіл жан еді. Барлық жанрда қалам тартты. Журналистикада менмін деп жүргендерден асып түсетін. Аударма саласында да ерек тұлға. Орыстың Евтушенкосын аударды. Қысқасы, ол қай жанрда, қай салада қалам тартса да замандастарынан биік тұрды.
– Соңғы жылдары сіз жырды жинай тұрып, драмаға ойыстыңыз. Бұл жанрдан да ойып орын алған жайыңыз бар...
– Сонау 90-жылдардың басында танымал көсемсөзші Камал Смайылов мені Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасына жұмысқа шақырды. Маған тапсырылған дүние – театрларда қойылатын спектакльдерді сұрыптап, қабылдау. Осында жүріп қалай драматург болғанымды да байқамай қалдым. Бұл жанрдың ішіне кіріп кеткен болуым керек, Абайдың 150 жылдығы кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы негізінде «Абай-Біржан» драмасын жаздым. Бұл – драматургия саласындағы алғашқы еңбегім. Одан кейін жас күнімнен сөзінің құнарына қанып өскен Н.Ахметбековтің өмір-тарихына қатысты «Нұрхан» пьесасын жаздым. Ол Арқалық қалалық театрында қойылды.
Жаңа ғасырдың жиегінде Астанаға көшіп келдім. Келсем атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов елорда өнерін көтеруге кіріскен екен. Әзаға мені шақырып алып «Анау-мынауыңды қой, бірге жұмыс істейік», деп театрдың әдебиет бөліміне басшы етіп қойып, «Мұқағали туралы драма жаз», деп бұйырды. Тез жазып шықтым. Біраз жыл болды, бұл қойылым театр репертуарынан түспей келеді...
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Еgemen Qazaqstan»