• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2019

Баһадүр баба ұлықталды

1241 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облы­сының Ақсай қаласында «ХІХ ғасырдың бірінші жар­ты­сын­дағы Батыс Қа­зақ­стан облысының әлеу­мет­тік-экономикалық жағ­­дайы және Жолбарыс Торы­ұлы батырдың өмірі» ат­ты халықаралық ғылыми кон­­ференция өтті.
Осы шара аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шыққан «Жолбарыс батыр Торыұлы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Ғылыми жиынға елі­міздің Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қос­танай, Қызылорда және Ресейдің Астрахань қаласынан кел­ген ғалым тарихшылар қа­тыс­ты.

– Жолбарыс батыр – бар ғұ­мы­рын туған жерінің тұтасты­ғын сақтауға арнаған тарихи тұлға. Жолбарыс Торыұлы 1785 жылы туған. Ол – белгілі Есет Көті­бар­­ұлының бөле аға­сы. Батырдың әділет үшін ішкі және сыртқы жау­ларымен кү­ре­сі халық арасын­да ауыз­дан-ауыз­­ға таралып, күні бүгін­ге дейін жеткен. Оның есімі орыс мұрағат құжаттарында жиі кез­деседі. Жолбарыс батыр XIX ға­сырдың әлеуметтік-саяси оқи­ға­ларына белсене қатыс­қан. 1823 жылы Жоламан Тіленші­ұлы­­ның басшылығымен бол­ған көте­ріліс кезінде Ресей бекі­ніс­теріне шабуылға қатысқан. Елге беделді, ықпалды тұлғаны орыс билеушілері де түрлі сый-сия­патпен өз жағына тартуға ты­рыс­қан, – дейді осы конференцияны ұйымдастырушы «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев.

Осы конференцияға астанамыз Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев өз сөзінде бүкіл Қазақстан бо­йын­ша 25 мыңнан аса тарихи ескерткіш бар екенін айтты.

– Соның ішінде елімізде 185 жалпыұлттық қасиетті нысан, 463 жергілікті нысан тіркелді. Яғни, елімізде 700-ге жуық сакральды нысан бар. Бүгінде біз Кеңес Одағы кезінен өзгер­мей келе жатқан тарихи ес­керткіштер туралы заңға өзге­ріс енгізу үшін Парламентке ұсын­дық. Ол бойынша «Қасиетті нысан» тізіміне енген киелі нысандар болашақта арнайы реестрге тір­келіп, мемлекеттің ерекше қорғауына алынады, – дейді Батырхан Жұмабаев.

Осы жиында батырдың ұрпа­ғы, Жолбарыс батырдың сауы­тын бүгінге сақтап жеткізген Жолды­ға­­ли ақсақал Батырханов Бөрлі өңі­­рінде батырдың есімімен, өмір жолымен байланысты жер-су атаулары көп екенін айтып берді. Бүгінде Ақсай қала­сында ұлттық ат спорты мен басқа да ұлттық ойындар өте­тін алаң Жолбарыс батырдың есі­мі­мен аталады. Бір қызығы, бұл шынымен де батырдың тұлпарының тұяғы ти­ген жер екен. Одан бөлек, Қар­ғалы, Шиелісай, Үшағаш, Жол­барыс сайы, Бақтыарал мен Түйеші сынды орындар Жол­ба­рыс Торыұлының қонысы болған, түрлі тарихи оқиғалар өткен киелі топы­рақ екен.

Махамбет Өтемісұлы атын­да­ғы БҚМУ-дың магистранты, жас ғалым Уәлихан Сағидуллин Жол­ба­рыс батыр Торыұлына қа­тысты Орын­бор мұрағатынан та­был­ған жаңа құжаттарды ортаға салды. Ұйымдастырушылар Ақ­сай қала­сы­ның іргесінде жатқан Жол­барыс батыр Торыұлының зираты басы­на болашақта еңселі ескерт­кіш белгі тұрғызуды жос­парлап отыр. Сондай-ақ кон­фе­ренцияның қара­рына тарихи тұлғаның атына орта мектеп пен Ақсай қаласынан көше атауын беру туралы ұсыныс енгі­зіліп, жергілікті мәслихат пен әкім­дікке жолданды.  Батыс Қазақстан облысы