• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Мамыр, 2019

Қазақ тілін жүрегімен үйренетін ғалым

1312 рет
көрсетілді

Қостанайдың зиялы қауымының ара­­сында Денис Качеевтің жас та болса өзіндік орны бар. Жас ғалым, философ ретінде оны көпшілік жақсы біледі. Еліміздің саяси-экономикалық өміріндегі маңызды оқиғаларға, қоғамдық-мәдени өзгерістерге қатысты дер уақытында айтқан айшықты пікірлері көңілден шық­қан соң, көпшілік оған құлақ асады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік универ­ситеті оқытушысының соңғы жыл­­дары студенттерге философия пәнін ағылшын тілінде жүргізетіні туралы еститінбіз. Әрине сабақтың ағылшын тілінде жүргізілуі қазір көптеген білім ордасында таңғаларлық та оқиға емес. Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай педа­гогикалық универ­ситетінде біраз жылдан бері көп тілді мұғалім мамандары дайындалады. Қазақстанды екінші Отаным деп білетін өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуі соншалықты даурығатын оқи­ға емес. Облыстағы қазақ мект­ептерінде білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің балалары да кездеседі. Қазақ ауылында өсіп, бала кезінен қазақ тілін ана тілін­дей меңгерген «торғайлық орыстар» да жүйе-жүйесімен сөйлейді.

Қазақ тілі – Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік тілі, біз­дің мемлекеттілігіміздің бір рәмізі бол­ғандықтан, оны әрбір қазақстандық білуі керек емес пе? Облыстағы тіл үйрену орта­лығының партасына жыл сайын мем­лекеттік қызметте жүрген, полицияда қызмет ететін, басқа салалардағы талай адам отырады. Олар курсты бітірген соң қолына «қазақ тілін үйрену курсын бітірді» деген сертификат алады. Егер ақиқатын айтсақ, тіл үйрену орталығын бітіргендердің арасынан қазақ тілінде сайрап кеткенін кездестіре қоймадық.

Д.Качеевтің қазақ тілін үй­ренуге талпынысы солардың барлығынан бөлек. Ол Қостанай қаласында өсті. Қазақ тілін мектеп бағдар­ламасынан оқыды, бірақ өзге сыныптастары секілді ол кезде бұл да мемлекеттік тілді үйренуге ден қойған жоқ.

– Менің әкем – орыс, анам – татар ұл­ты­ның өкілі. Үйде наға­шы әжем болды. Анам мен әжем өз­ара тек татар тілінде, әкем­мен орыс тілін­де сөйлесетін. Мен орыс тілі мен татар­ тілінің, мұ­сыл­мандық пен хрис­тиан ді­нінің арасында ер­жеттім. Әжем мен анамның әң­гімесінен татар тілін әжеп­тәуір түсінетінмін, бірақ сөйлеген емес­пін. Шынымды айт­сам, бала кезде орыс тілінен ба­с­қа тілге аңсарымыз ауған жоқ, өйткені тәуелсіздік алғанға дейін­гі сая­­­саттың ағымы басқа және Қостанайдағы ортада орыс тілінің мысы басым болғанын айтып жатудың өзі артық шығар бүгін, – дейді Д.Качеев.

Денис – қарапайымдылығымен қа­тар, өте белсенді. Ғылым қуды, филосо­фия ғылымдарының кандидаты атанды, доцент. Об­­лыс­тық меценаттар клубының сыйлығын 2015 жылы «Ғылым» аталымы бойынша жеңіп алды. Кеудесіне «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалін тақты. 2013 жылдан бері «Қа­зақ­стан философтарының құрыл­тайы» қоғамдық ұйымы­ның Қа­зақ­­станның Солтүстік өңірі бо­йын­ша бөлімшесінің төрағасы. Алматыдан шығатын «Әл-Фа­­раби» ғылыми жур­налының 2018 жылдан бері редакция ал­қа­сының мүшесі. Ғалым және аза­маттық белсенділігі бар адамға ақпараттардан қалыс қалуға болмайды. Жиындарда қазақ тілінде үлкен ғалымдар, сая­саткерлер, айтары бар жастар сөйлеп жатады. Осындай сәттерде Д.Качеевтің жүрегінде қазақ тілі­не деген ын­ты­зарлық оянатын.

– Қазақстанда менің ата­­ларым ғұмыр кешті, өзім туып-өс­­тім, өмі­­ріме бар керегімді ал­дым. «Мем­­­лекеттің мемлекеттік тілін, жал­пы, түркі әлеміндегі үлкен тілдің бірін неге білмеймін?» деген сұрақ туды. Қазақ тілін бәрінің де білгісі келеді, бірақ бойында «бәрібір үйрене алмаймын» де­ген қорқыныш бар. Мен осы қор­қы­ныш­ты жеңемін, – дейді Д.Качеев.

Мектепте ағылшын тілін оқы­ды. Орыс тілділерге ағылшын тілінің тез «бағынатынын» ол да жасырмайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң, ғылым жолына түсті. Бұл кезде де ағылшын тілін білу керек болды. Ол өз бетінше ізденуінің арқасында философия пәнін ағылшын тілінде дәріс оқитын дәрежеге жетті. Бір жа­рым жылдан бері қазақ тілін үйренуге ықылас қойып, аудиторияда студенттерден тек қазақ тілінде сөйлесуді өтінген. Бізге WhatsApp арқылы таза қазақ тілінде және қатесіз жазғаны сүйсіндірді.

– Мен бір-екі жылда қазақ тілін үйреніп аламын деп уәде бермеймін. Түпкі нәтиже боларына сенемін. Маған студенттер «сіз түсінбей қалады деп орыс тілінде айтып тұрмын» дейді. Мен «түсінбесем, ол менің шаруам, маған тек қазақ тілінде айт» деймін. Ағылшын тіліне қарағанда, қазақ тілінің тілдік ортасы бар, бұл да жақсы мүмкіндік екенін біліп жүрмін, – дейді ол.

Д.Качеев қазақ тілі тура­лы өзінің барлық сұрағын уни­­вер­ситеттің гуманитарлық-әлеу­­­мет­тік факультетіндегі аға оқы­­­тушы Бақыт Әділбекке қояды. Қазақ тілінен ол жүргізген әр сабақтан кейін тілдің иіріміне батып бара жатқандай, тіл үйренуге деген ынтасы күшейе түскенін айтады.

– Бақыт Тұрсынбекқызы ұстаз болып жаралғандай әсер береді. Сол кісінің әдістемесі ар­қылы тіл үйренудегі қамалды ал­ғандаймын. Айтпақшы, «ұстаз» сөзі «ұста» сөзінен шықты ма екен деп ойлап қоямын. «Адам тәрбиесінің ұстасы» деген ғой? – дейді Бақыт Тұрсынбекқызының шәкірті ойлы жүзбен.

– Қателеспейтін шығарсың. Қазақ тілінің болашақ зерттеу­шісімен кездесіп тұрған болармын? – деймін мен.

– Рахмет! Бәрі де болуы мүм­кін, – дейді Денис те күліп. Ол әр сөз­­ді таза айтуға, WhatsApp-та қате­­сіз жазуға ұмтылады. Ға­лым­ның соқпағы әлден білініп тұр­ғандай.

ҚОСТАНАЙ