Әрине, ғылым, инновация, білім, бизнес бірлесіп жүзеге асырылғанда ғана кәсіпкерлік университеттің дамуына жол ашылатыны сөзсіз. Қазір әлемде түрлі инновациялық идеялар пайда болып, өмірімізге дендеп енуде. Мәселе, жаһандық бәсекеге бейімделіп, ілесе алуымызда. Дамыған елдердің кәсіпкерлік, орта және шағын бизнес саласындағы жаңашылдық үрдістерінен үйренеріміз аз емес. Дамыған елдерде кәсіпкерлікке баулу мектептен басталатыны белгілі. Қазір кәсіпкерлік білім берудің қазақстандық жолы мен әдісін қолға алған жоғары оқу орындары қалыптасып келеді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гауһар Ахметова сұранысқа ие кадрларды дайындау білім беру қызметі сапасының басты индикаторларының бірі екенін айтты. Соңғы жылдары жергілікті оқу орны өңірдегі 278 өндіріс орнымен келісімшарт жасады. Техникалық жоғары білім берудің жаңаша мазмұнын кәсіпорындардың сұранысына сай лайықтау барысында оқу бағдарламасының 40 пайызын өндіріс орындарында өткізу қарастырылды. Нәтижесінде, былтыр түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызға жетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапарында университеттегі Startup академиясының тұсауын кескен еді. Бұл студенттер мен оқытушылардың кәсіпкерлігін дамытуға, жобаларды коммерцияландыруға бағытталған орталық. Бүгінде Startup академиясында резиденттер тәжірибе жинақтап, бизнес жүргізу дағдыларын меңгеруде.
М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, студенттерді кәсіпкерлікке баулуда негізгі мамандықпен бірге шағын және орта бизнеске дайындау ерекше орын алады. Қазір Таразда студенттердің, магистранттардың инновациялық бизнес-идеяларының жүзеге асуына қолдау көрсету үшін «Инновация және кәсіпкерлік орталығы» ашылған.
Сонымен бірге оқу-тәжірибе алаңында тамшылатып суару әдісі арқылы жеміс ағаштарын өсіру басталды. Биология кафедрасының жанынан ашылған «Жылыжай» тәжірибе алаңы оңтүстіккореялық компанияның технологиясымен жасалыпты.
– Мен Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлікті дамыту басқармасы жанындағы бизнесті қолдау комиссиясын бес жылдан бері басқарып келемін, – деді Махметғали Сарыбеков. Комиссия шешімі бойынша кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік гранттар бөлінеді. Өкініштісі сол, көптеген қатысушылардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екені байқалады. Олар өз жобаларына байланысты ашқан жаңалығын, бизнес-идеясын жеткізе алмайды.
Жергілікті кәсіпорындардағы маман тапшылығын, білімді техникалық мамандар, инженерлердің жетіспейтінін өңірдегі «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ президенті Валерий Гриненко жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, түлектердің оқу бітіргеннен кейін өндіріске келгені, тұрақты еңбек жолын қалыптастырғаны екі жаққа да тиімді болар еді. Алайда көпшілігі бір жылдан соң келесі бір кәсіпорынға кетіп қалуға бейім екен. Осы тұста жиынға қатысып отырған облыс әкімі Болат Бақауов:
– Сіздер түлектерге арналған әлеуметтік пакет жеңілдіктерін қарастырыңыздар, – деген ой қосты.
Жалпы В.Гриненко басқаратын «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ дуалды оқыту жүйесі бойынша оқу орындарымен байланыс орнатқан өңірдегі бірден-бір өндіріс орны екенін айта кетейік. Серіктес кәсіпорын – жергілікті университеттің маманға тапсырыс берушісі әрі түлектерге жұмыс беруші.
Айта кетерлік мәселе, бүгінгі таңда Павлодар облысынан Ресейдің көршілес Омбы, Новосібір, Том қалаларына барып оқитын қазақстандық студенттер аз емес. Шамамен өңірден жыл сайын мектеп түлектерінің 20 пайызы шетелдерге оқуға кетеді. Тіпті солтүстік өңірлерде жергілікті түлектерге Ресейде білім алу туралы кеңес беретін орталықтар да бар. Былтыр облыс орталығында түлектерден емтихан алуға ресейлік жоғары оқу орны өкілдері келгені де есімізде. Ал «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын тиімді жүргізу жолдарын жергілікті билік әлі де атқара алмай келеді.
С.Торайғыров атындағы университетте де технопарк болды. Бір кезде технопаркте қызмет еткен Жұмабек Омаровтың айтуынша, студент кездерінен технопаркте ғылыми жұмыс жобасын жазып-сызып жүрген түлектер қазір Атырауда, Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс істейді.
Отырыста сөз алған еліміздегі Erasmus ұлттық кеңсесінің директоры Шайзада Тасболатова Erasmus+ бағдарламасының мақсатына, байқау талаптарына, еуропалық бағдарламалардың маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталды.
– Университеттерде кәсіпкерлік білім берудің басым бөлігі – академиялық сағаттарда емес, Startup-тарды жетілдіруге жұмсалуы қажет. Көшпелі отырыста айтылған кәсіпкерлік университет құру және оны дамыту жайлы пікір алмасу алаңы пайдалы болғаны сөзсіз, дейді Г.Ахметова.
Отырыс аясында жоғары оқу орындарының ректорлары «Арт-garagе» бен DemoDayа Startup академиясымен танысты. Қонақтардың назарына 20-ға жуық стартап-жоба, оның ішінде Омбы және Новосібір университеттерінің де жобалары ұсынылды, Spin-off projects инновациялық жобаларының тұсаукесері өтті, С.Торайғыров атындағы университеттің «Кәсіпкерлік және кәсіпкерлік білімді дамыту» жөніндегі экожүйесі таныстырылды.
Павлодар облысы