• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Мамыр, 2019

Теректіде «Туған жер – тұнған тарих» атты конференция өтті

1771 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының орталығында «Туған жер – тұнған тарих» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар Теректі өлкесінің арғы-бергі тарихына тоқталып, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов бұл өңірдің арғы-бергі тарихы елеулі оқиғаларға толы болғандығын, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап және 1950 жылдардағы тың игеру кезінде сырттан келгендердің себебінен жаппай орыстанғанын, бірақ тәуелсіздік алғалы төл тарихты түгендеу, жоғалғанның орнын толтыру ісі қолға алынғанын айтып өтті. Бұл бағытта әсіресе елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көмегі зор. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енген Тақсай ханшайымы – тек Теректінің емес, барша қазақтың мақтанышы. Былтыр сармат ханшайымы табылған өлке – Долинный ауылында жергілікті кәсіпкерлердің күшімен кесене бой көтерді.

Теректі аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырған конференцияға аудан аумағындағы барлық 15 ауылдық округтің мектеп ұжымдары арнайы көрме дайындап, белсенді қатысты. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен арнайы әкелінген «Тақсай ханшайымы» экспозициясы осы өңірде табылған сармат әйел абызының белгілі реконструктор Қырым Алтынбеков қалпына келтірген бейнесімен танысты.

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, мектеп басшылары мен мұғалімдер, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, қыпшақ-оғыз жазба ескерткіштері бойынша мықты маман Мұрат Бөкенбайұлы «Ұлт тарихын түгендеуді тілдің маңызы» атты баяндама жасады. Ғалым бүгінгі қолданыстағы тіл астарынан да талай тарих табуға болатынын айтып, қазіргі қазақ тілінің көне түркі – Орхон-Енесай жазбалары, оғыз-қыпшақ, қыпшақ-оғыз жазба ескерткіштері үлгілерімен тікелей байланысынан мысалдар келтірді.  

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері, әйгілі «Тақсай ханшайымы» обалар кешенін тапқан археолог Яна Лұқпанова осы өңірдегі қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлердің әлемдік маңызы бар екенін айтады. Мәселен, Тақсай ханшайымының қабірінен табылған тарақтағы суретте сақ пен парсы жауынгерлерінің шайқасы бейнеленген. Яна Амангелдіқызының айтуынша, дәл осы сюжет көне Иран жерінде сақталған суреттерді тұп-тура қайталайды. Сонымен бірге археолог «сармат абызының бойынан табылған 150-ден аса алтын бұйым дәл осы тұлға үшін арнайы тапсырыспен жасалған» деген болжам айтады. Өйткені мұндағы бас киім, шекелік, сырғалар мен алтын жапсырмалар – бәрі бірімен бірі үйлесіп, біртұтас композиция құрайды екен.

Жиналғандар осы конференцияда сөз алған ономастика саласында танымал ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Ұлдай Ержанова мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаровтың баяндамаларын да қызыға тыңдады. Ал Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі Сайлау Сүлейменов Теректі өңірінен шыққан белгілі қаламгер, «Ақ Жайық» трилогиясының авторы Хамза Есенжанов шығармаларында кездесетін кейіпкерлердің шынайы тағдыры, өлке тарихындағы орны туралы сыр шертті. Белгілі алаштанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының жетекшісі Дәметкен Сүлейменова осы өңірден шыққан танымал тұлға Әбдірахман Әйтиевтің өмір жолы мен қоғамдық қызметіне тоқталып, оның Алаш қозғалысына қатысты қырларын әңгімеледі. Шынында да бұған дейін Әйтиевтің большевиктік болмысын ғана танып келген жұртшылық тың мәліметтерге қанықты. Ал Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов осы өңірдегі жер-су атауларына қатысты ел аузында айтылатын аңыздарды еске алып, маман тарихшылардан ол деректерді тарихи құжаттармен салыстырып, айғақтауды сұрады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев Теректі топырағында Кіші жүзді билеген 7 ханның екеуі – Айшуақ хан Әбілқайырханұлы мен Жантөре хан Айшуақханұлының мәңгілік мекен тапқанын еске салып, соңғы жылдары құлпытасы нақтыланып, зираттары айқындалған, облыстың киелі нысандары тізіміне енгізілген осы жерлерге еңселі ескерткіш, лайықты белгі орнату жөнінде ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты көпшілік құптап, қол шапалақтады. Сондай-ақ осы жиынға Ақжайық ауданынан арнайы келген өлкетанушы, «Жерұйық» музейінің меңгерушісі Жәнібек Әбілпейісов мектеп музейлерін жабдықтау, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісінде өлкетанудың рөлі туралы тұщымды баяндама жасады. Айта кетейік, конференция мінберінен айтылған әр баяндама көпшіліктің көңілінен шықты.

- Бүгінгі басқосуда айтылған орынды ұсыныстардың бәрін біз хаттамаға түсіріп алдық, болашақта тиісті жұмыстарды жасаймыз. Конференция баяндамалары да арнайы жинақ болып басылып шығады. Теректі ауданының тұтас тарихын қамтитын тарихи-танымдық энциклопедиялық жинақ та даярлану үстінде. Айшуақ хан мен Жантөре хан зираттарына белгі орнату мәселесі де нақты жоспарымызда бар, - дейді қоштасарда Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов.