• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2019

Атқа мінген генерал

1325 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде кең тарал­ған видеода Атырау облыстық Полиция департаментінің бас­тығы Аян Дүйсембаевтың бір топ адамның алдында күрең тө­бел атқа секіріп мінген сә­ті жұртшылық арасында қы­зу талқыланып жатыр. Бұл мә­се­ле Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа же­тіп, Президент Твиттердегі парақ­шасында аталған жайтқа қатысты Ішкі істер министрлігінің басшысына арнайы тапсырма бергендігін хабарлады.

«ІІМ Е.Тұрғымбаевқа Аты­­рау об­лыстық Полиция депар­таменті бас­тығының ерсі әреке­тіне қатысты қыз­меттік тексеру жүр­гізуді тапсырдым.­ Қатаң ша­­ра қолданылатын болады» деген Президенттің сөзі полиция бастығы әрекетінің шынымен ерсілігін көрсетсе керек. Оның үстіне Қ.Тоқаев Қазақстан Пре­зиденті ретінде осы ішкі істер са­­ласының жұ­мысына мән беріп, ми­нистр­лік басшылығы мен жеке құ­рамына сын-ескертпелері мен тапсырмаларын берген еді.

Атап айтқанда, сәуір айында Ішкі іс­тер министрлігінің ке­ңейтілген ал­­қа отырысына қатыс­қан Қазақстан Пре­зи­денті полицияға қойылатын не­гіз­­гі талап – тиімді жұмыс, ал оның тиім­­­ділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі екенін айта келе: «Тұр­ғындар полицейлердің дөрекілігі мен білік­сіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе, жол ережелерін сақтамайды», – деген болатын.

Міне, Елбасы бастап берген рефор­малардың маңыздылығы айтылып, оны сапалы жүргізу тапсырылған жиыннан бір ай өтер-өтпесте Атырау облыстық Поли­ция­ департаментінің басшысы көп­ші­лік алдында, салтанатты жағ­дайда «атқа мініп» шыға келді.

Енді А.Дүйсембаевтың әре­­­кеті­нің заңды-заңсыздығын, ең бастысы, қай жерден сүрін­­­­гендігін арнайы комиссия анық­тай жатар. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламадан Атырауға арнайы өкілдің аттанғаны белгілі болды. Онда: «Атырау облыстық Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевқа қатысты әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериал бойынша Ішкі істер министрлігі оқиға орнына өкіл аттандырып, қызметтік тексе­­­рісті қолға алды. Қызметтік тексеріс нәти­жесі бойынша заңда белгіленген тәр­тіп не­­гізінде шешім қабылданады» делін­ген.

Әрине, халқымызда құрметті адамын атқа мінгізу дәстүрі барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ министрлік өкілі генералдың қатысуымен болған шараның полиция әдебіне сәйкес келуінен бастап тұлпардың сыйлық ретіндегі бағасына дейін көңіл аударары анық. Өйткені сол әлеуметтік желіде полиция генералына туған ауылына барғандағы көрсетілген құрмет деген жазба қалдырылған.

Бірақ бұл шара өңірде атты полиция қызметінің ашы­­лу салтанаты болуы да мүм­­­­кін. Өйткені ат тізгінін жете­леп әкелген жігіттің киімі по­ли­­ция­ның кәдуілгі фор­­ма­ла­ры­ның біріне ұқсайды.

Жалпы, Атырау поли­ция­сының бас­ты­­­­­ғы А.Дүйсем­баевтың қоғам талқы­сына қалып отырғаны бірінші рет емес. Былтырғы тамыз айында оның шетел­дердің біріндегі казинода бәс тігіп жүргендегі көрінген бейнежазбалар таралып, полиция бастығы кейін өз әрекетінің заңға қайшы болмағанын және құмар ойынға қатысы жоғын айтып ақталған. Ал бұл жолы қандай уәж айта­ры белгісіз.

Әлеуметтік желінің кең таралып, қол­жетімді бола түскені құқық қорғау саласының да көлеңкелі бы­­­­­­­лықтарын аша түскені рас. Айталық, өткен жылдың со­­­­­­­ңы­нда Қа­рағанды полиция академиясының басшы ла­уазымындағы өкілі теледидардан көргенін істеп, қыл­мыскердің кейпін сомдаймын деп қызметінен қуылды.

Бір ғана youtube.com арнасын ашып қалсаңыз, қызметтік форма киген тұл­ғалардың басқа да былықтарына қарық боласыз. Сөйте тұра, бейнекамерасы қуатты смартфондар, қолжетімді әлеу­меттік желі билеген дәуірде ант берген қыз­мет­керлердің ерсі қы­лықтарының азаймауына не себеп?