• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 22 Мамыр, 2019

Бюллетень мәтінін бекіту және дайындау мәселелері қаралды

1205 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының ашық отырысы болды. Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Берік Имашев отырыста төрт мәселе қаралатынын айтты. Алдымен ол әрбір сайлау учаскесі бойынша тиісті әкім қол қойған сайлаушылар тізімдерін акт бойынша сайлау комиссияларына беру туралы айта келіп, бұл мәселе бойынша облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларына бейнеконференц байланысы арқылы сөз берді.

 Олардың сөзіне қарағанда, әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына тиісті әкімдіктер дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни 2019 жылғы 20 мамырда берген. Міне, осы тізімдерге сай қазір сайлаушылардың жал­пы саны 11 947 995-ті құрап отыр. Ал сай­лаушылар тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учас­келерінде он бес күн ішінде өздері­нің тізімде бар-жоғын біле алады. Деректерінің анық емес­тігіне жол берілген, тізімге енгізіл­меген, дұрыс енгізілмеген немесе шығарылғандығына байланысты шағымдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Бұдан кейін сөз алған Орта­лық сайлау комиссиясының хат­шы­сы Сәбила Мұстафина 2019 жылғы 20 мамырда сайлау учас­келеріне тиісті әкімдер қол қой­ған сайлаушылардың тізім­дері жеткізілгенін хабарлады. Ал сайлау бюллетеньдері «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң­ның 37-бабы 2-тармағына сәйкес сайлаушылардың жалпы саны­ның 1 пайызы резервiмен сайлау­шы­лар­дың санына тең мөлшерде да­йындалады. Демек, 12 067 475 сайлау бюллетенін дайындау қажет.

Орталық сайлау комиссиясы Президенттi сайлау жөнiндегі дауыс беруге арналған бюлле­тень­дердiң нысаны мен мәтiнiн бел­гiлейдi және оларды дайындауды қамтамасыз етедi. Президентті сай­лау жөніндегі сайлау бюл­летені­нің нысаны Орталық сай­лау комиссиясының 2018 жыл­ғы 23 тамыздағы №11/192 қаулы­сы­ның 1-қосымшасына сәйкес бел­гіленген. Сайлау бюллетенiне мем­лекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәр­тiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле оты­рып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi.

Сонымен қатар, бюллетень­дер­ді қолдан жасаудан және тиі­сінше оларды бұрмалаудан қор­­ғау­­ды қамтамасыз ету мақ­сатын­да сайлау бюллетень­дерінің қор­ғалу дәрежесі белгіленген. Сай­лау бюллетеньдерін облыстық, рес­пуб­ликалық маңызы бар қа­ла­лар­дың, астананың сайлау комиссияларына жеткізу арнайы байланыспен жүзеге асырылады. Облыстық, республикалық ма­ңызы бар қалалар мен астананың сай­лау комиссияларына сайлау бюл­летеньдерін үш күннен, яғни 6 мау­сымнан ерте емес және сайлауға де­йін бір күннен, яғни 8 маусымнан кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз ету қажет, деді баяндамашы.

Ал «2019 жылғы 9 маусымға тағайын­далған Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредит­теу­дің күшін жою туралы» мәсе­ле бо­йынша Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі Зәуреш Бай­молдина шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің күшін жоюды Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асыратынын айтты. Соған сәйкес ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сай­лауды байқау жөніндегі мис­сия­сы хатының және Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер ми­нистр­лігінің ұсынымы негізінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі миссиясының бай­қаушысы Александр Джон Фолкс­ты аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы қаулы қабылданған.

Міне, осыған байланысты бай­­қау­шылар тізімінен «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жө­нін­дегі миссиясы» бөлімінде реттік нөмірі 40 «7. Alexander Jonh Folkes» деген жол алынып тасталған.

Бұдан әрі Зәуреш Баймолдина халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы айта келіп, Сырт­­қы істер министрлігінен бір­қатар миссияның байқаушы­ларын аккредиттеуге ұсыныстар (43) түскенін жеткізді. Сонымен қатар Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын 16 бай­қау­шы ұсынылғанын көлденең тартты. Барлығы 59 байқаушы аккредит­теуге ұсынылып отыр екен. Ак­­кредиттеуге ұсынымдардың  тү­суі­не қарай байқаушылар жөнін­дегі деректер жаңартылады, дейді З.Бай­молдина. Шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың бай­қау­­шы­ларын аккредиттеуді Орт­сай­лауком 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.

Аталған отырысқа саяси пар­тиялар мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мис­сия­сының өкілдері қатысты.