• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Мамыр, 2019

Грузиндердің даңқы дүркіреп тұр

993 рет
көрсетілді

Дзюдошылардың дүниежүзілік рейтингі үнемі жаңартылып тұрады. Жарыс өткен сайын әр балуан қол жеткізген нәтижелеріне қарай, өздеріне тиесілі ұпайды қоржынға салады. Табысты өнер көрсеткендері үздіктер тізімінде едәуір жоғарылайды. Сол арқылы Олимпия ойындарына қатысу құқығына ие болады. Ал осалдық танытқандары төменге қарай құлдилайды. Олар төртжылдықтың басты додасында бақ сынау мүмкіндігінен айырылады.

Халықаралық дзюдо фе­де­рациясының жаңартылған рей­тингіне көз жүгіртсек, мынадай бір қызықты дерекке қанық боламыз. Қазіргі кезде Грузияның ерлер құрама командасының үш бірдей мүшесі үздіктер тізімінде көш бастап тұр. Олар – Важа Маргвелашвили (66 кило), Варлам Липартелиани (100 кило) және Гурам Тушишвили (+100 кило). Егер дзюдо күресінде небәрі жеті салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынатынын ескерсек, бұл жайтқа таңданбау мүмкін емес.

Тағы екі салмақта ресейлік Ро­берт Мшвидобадзе (60 кило) мен испаниялық Николаз Шера­за­дишвили (90 кило) шашасы­на шаң жұқтырмай келеді. Атақтары алысқа жайылған қос балуан өзге елдердің намысын қорғап жүргенімен, олардың ұлты грузин екенін барша жанкүйер жақ­сы біледі. Екеуі де Грузияның тумасы. Гори қаласында туып-­өс­кен Мшвидобадзе бұл күн­­де­рі Орынборда тұрып жатыр. Тбилисидің тумасы Шера­за­диш­вили 14 жасында ата-анасы­мен бірге Пиреней түбе­гіне қо­ныс аударған екен. Бүгін­гі таң­да екеуі де орасан зор табыс­қа қол жеткізіп отыр. Роберт Мшви­­добадзе – 2018 жылғы әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері, 2017 жылғы Еуропа чемпионы. Ни­ко­лаз Шеразадишвили – 2018 жыл­­ғы әлем чемпионы және Еу­ро­­па чемпионатының қола жүл­дегері.

Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Грузия дзюдошыларының да бағындырған белестері зор. Важа Маргвелашвили – әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүл­дегері, Еуропаның үш дүркін жүл­дегері. Варлам Липартелиани – Рио Олимпиадасының күміс және әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы. Гурам Тушишвили – әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы.

Жоғарыда есімдері атал­ған әлемдік рейтингтің көшбас­шы­ла­рынан бөлек, үздік ондық­тың қатарына Грузияның тағы екі өкілі еніп отыр. Олар – Ами­ран Па­пинашвили мен Лаша Шав­датуашвили. 60 кило салмақ­тағы Амиран үшінші орынды еншілесе, 73 кило салмақтағы Ла­ша төртінші тұғырға табан тіреді. Сондай-ақ Лухими Чхви­миани (60 кило, 12-орын), Бека Гвиниашвили (90 кило, 14-орын), Ушанги Маргиани (90 кило, 18-орын), Баграти Ниниашвили (66 кило, 25-орын), Левани Матиаш­вили (+100 кило, 24-орын) және Гала Заалишвили (+100 кило, 25-орын) сынды марқасқалардың өнер­лері көпшіліктің көңілінен шығуда. Бұл жігіттердің барлығы да «ТОП-25» дзюдошының санатына қосылып отыр. Тағы бір айта кетерлік жайт, әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы, дүниежүзілік додада бес рет жүлдегерлер қатарынан көрінген Украинаның мақтанышы Георгий Зантария да сол елдің тумасы. Оны да естен шығармаған жөн. Міне, бар-жоғы 3,8 миллионға жетер-жетпес халық тұратын жер аумағы алақандай ғана Грузиядан осындай дүлдүл дзюдошылар шығып отыр.

Бәлкім, Грузия балуанда­ры­­ның бұл табысына бекер таң­­­данып отырған болармыз. Се­бебі Кеңес Одағы дәуірінде-ақ олар өздерінің мықтылығын мо­­­­­йындатқан. Келмеске кеткен­ КСРО құрама командасы са­пында өнер көрсеткен талай гру­­зин жігіті Олимпия ойындары­ мен әлем чемпионаттарында же­ңіс тұғырына көтерілгенін кө­зі­қарақты көрермендер ұмыта қой­ған жоқ. 1964-1992 жылдар аралығында КСРО (ТМД-ны қоса ал­­ғанда) дзюдошылары 25 жүлде (5 алтын+6 күміс+14 қола) алса, со­ның 11-і (3+2+6) аталмыш елдің өрен­дерінің еншісінде.

Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­­­­­­­нен кейін Грузия құрамасы Олим­­пия ойындарында 3 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжалады. Дүние жүзінің барлық командаларын қоса алғанда, осы көрсеткіш жағынан олар 13-орында нық тұр. Ал 1993-2018 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарында Қап тауының қырандары 28 мәрте (3+10+15 қола) жеңіс тұғы­рына көтерілді. Одан бөлек, дүние жүзі және құрлық бірін­ші­ліктерінің командалық сайысында олардың сан мәрте бас жүлдені олжалағанын да айта кету абзал. Міне, рухы биік грузиялықтардың дзюдошылар додасында қол жеткізген табыстары осындай.

Ал ерлердің әлемдік рей­тин­гіне қайта оралсақ, қазіргі кез­де «ТОП-10» дзюдошының қатар­ында Ресей мен Жапония балуан­дарының қарасы мол. Ресей­лік­­тердің – 9, жапондардың ­8 саң­лағы үздіктер санатында. Со­ны­мен қатар Грузия, Моңғолия, Из­раиль­дің – 5, Оңтүстік Корея мен Гол­ландияның – 4, Қазақстан, Бра­­зилия, Әзербайжанның – 3, Ис­пания мен Сербияның – 2, Өз­бек­стан, Молдова, Украина, Швеция, Кана­да, Косово, Иран, Бельгия, Германия, Түркия, Венгрия, Куба, Пор­тугалия, Египет, Ирландия, Че­хия және Аустралияның 1 өкілі дәл сондай құрметке бөленіп отыр.