Әрине съездің болуына жол салған ерекше оқиғалар болып жатты. Алдымен өкімет басына 1985 жылдың сәуір айында Михаил Горбачевтің келгендігі себеп болды. «Қайта құру», «Жариялылық» деген сияқты ұрандар көтеріп, либералдық реформалар жасауға тырысқан оның істерін халық шу дегеннен хан көтеріп әкетті.
Алайда, ашықтық, жариялылықтың диірмені дүңкілдетіп айналып кеткенде Горбачевтің билігі халықты бұрынғыдай тұқыртып ұстай алмай қалды. Әлемдік саясаттың сұңғылалары да дереу іске кірісіп, оның қолтығынан дым бүркіп, артқа шегінетін жер қалдырмады. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, елде Горбачевті он орап алғандай шешендер, алғыр айтқыштар шығып, оны сөзбен тоқыратып тастайтындар мыңдап табылды. Билікке қарсы сөз айтуға болатынын, шырқыраған шындықты жайып салуға рұқсат етілгенін көрген ақылман адамдар, ғалымдар мен журналистер, айтқыштар мен шешендер қоғамның іріп-шіріген бітеу жарасын ақтарып, барлық БАҚ-тарда сайрап берді. Осымен бірге барлық өңірлерде ұлттық сана да өрлей бастады. Бірақ билікке қарсы айтылған бұл кездегі сындар әлі де билеуші партияға сенген, оған деген өкпесі баланың әкеге айтқан назындай жұмсақ еді. Өкініштің бәрін өткенге жабуды стратегиялық мақсаты етіп алған билік сталиндік-хрущевтік кезеңнің сорақылықтарын жариялап, бәріне солар кінәлі дегенді ұқтырып, халық назарын сол жаққа бұра берді. Халық мұны да қолдап, билікке деген сенімі арта түскен. Бірақ үлкен биліктің ұстараның жүзіндей қылпылдап тұратынын сезіне алмаған Горбачев сақтық шараларын ұмытып, шалыс қадамдар жасай бастады. Соның ішіндегі ең үлкен қателік – 1986 жылдың желтоқсанында Қазақстанға бірінші басшы етіп, орыс халқының өкілін тағайындау болды. Оның неге соқтырғанын бәріміз білеміз.
Алайда, Горбачевтің өкіметі бұл оқиғадан сабақ алған жоқ. Ұлттық дүмпулердің алдын алудың орнына соңынан жүріп, оларды ушықтыра түсті. 1987 жылы басталған әзербайжан мен армян халықтарының арасындағы Қарабаққа таласқан қырғынға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбегендіктен ол ұзақ жылдарға созылып, бірнеше мыңдаған адамдардың қасіретіне соқтырды. 1989 жылдың сәуіріндегі Тбилиси оқиғасы дәл І съездің қарсаңында болды. Грузия Республикасының құрамындағы абхаздықтар өз алдына ту тігуге ұмтылғаны, оны орталық биліктің ішінара қолдағаны грузиндердің ашу-ызасын туғызып, мыңдаған жан Тбилиси көшесіне митингке шықты. Осы митингті күшпен таратуда әскер қолданылып, бірнеше адам қаза болған...
Съезге депутаттар сайлау 1989 жылдың наурыз айына белгіленді. Бір депутаттық орынға бірнеше баламалы кандидат ұсынылды. Мұндай оқиға бұрын КСРО-да болып көрмеген. Демократияға ежелден бейіл болған Балтық республикалары мен орталық қалаларда компартияның кандидаттары өтпей, белсенді азаматтық позициясы бар кілең білімді де білікті, ығай мен сығай адамдар депутаттыққа өтті.
Съездің бірінші күнінен бастап әрбір республиканың өкілдері өздерінің жоғалтқанын даулай бастады. Алдымен Балтық бойының депутаттары «Молотов пен Риббентроптың құпия пактысын» заңсыздық деп мойындатуға тырысты. Бұл – бейбіт жатқан үш республиканы КСРО-ның басып алуына Кеңес Одағы мен Германияның өзара құпия келіскен құжаты еді. Шіркін, сол кездегі Балтық депутаттардың білімділігі-ай, ешкімге есе бермей ақыры, осы құжатты заңсыз деп таныған съездің шешімін шығартқан еді. К.Прунскене, В.Ландсбергис деген депутаттар кейіннен Литваның премьер-министрі, президенті болып та сайланды.Грузиялық депутаттар және оларды қолдаған Ленинград пен мәскеулік демократтар Тбилиси оқиғасын айыптап сөйлегенде ешкімге дес бермеді. Съезд осы оқиғаны тексеру бойынша депутаттық комиссия сайлап, оның тең төрағалығына Н.Назарбаев пен ленинградтық А.Собчакты сайлады. Өзбекстандықтар да өз елінің мүддесі жолында аянбай тіресті. Олар бүкіл елге «Өзбек ісі» деп жарияланған қылмыстық істің сорақылықтарын ашып тастады. Мәселен, үстінен қылмыстық іс қозғалған жандардың барлық мүліктері тәркіленгенін, соның ішінде әйелдерінің алтын тістері қысқашпен суырылғанын айтқанда кейбір депутат әйелдер көздеріне жас алған еді... Ал «Өзбек ісін» жүргізген Бас прокуратураның тергеушілері Гдлян мен Иванов шыр-пыр болып ақталып бақты.
Басқа республикалардан да 2-3 адамнан сұңғыла шешендер шықты. Қазақстаннан Олжас Сүлейменов пен Нұрсұлтан Назарбаев айрықша көзге түсті. Бұған дейін тек елдегі ең жас премьер болғандығымен ғана аты танылған Нұрсұлтан Назарбаев осы съезде өзінің нақты кім екенін көрсетті. Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматов пен Асқар Ақаев қамшы салдырмады. Қалмақтардан Давид Кугультинов пен Валерий Очимчиров деген полковник ешкімге дес бермеген еді.
Қазақ атаулы Желтоқсан оқиғасы туралы қашан айтылар екен, жастарды жазалаған жауыздар жазасын тартар ма екен деп күнде тосып жүрдік. Ақыры бұл мәселені ақын Мұхтар Шаханов көтеріп, оны сол кезде демократ депутаттардан құралған «Аймақаралық депутаттар тобының» өкілдері қолдады. Оның қатарына А.Сахаров, Б.Ельцин, Ю.Афанасьев, Г.Попов және т.б енген еді. Осы топтың қолдауымен съезд Желтоқсан оқиғасын зерттеу бойынша парламенттік комиссия құруды Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне сілтеді. Артынан осы комиссия құрылып, оның тең төрағалығына М.Шаханов пен Қ.Мырзалиев сайланып, желтоқсандықтарды ақтау бойынша өте көп жұмыстар атқарды.Съезде бұрын белгісіз болып келген талай шешендер, білімі мен білігі терең, әрі батыл, әрі өткір айтқыш адамдар көзге түсті. Соның бірі Ленинград университетінің профессоры Анатолий Собчак болды. «Мен елдегі демократияның арқасында ғана депутат болған адаммын, әйтпесе университеттің профессоры ретінде Социалистік Еңбек Ері атағын алған токарьдың көлеңкесі болуға да жарамас едім» деп жазды ол өзінің естелігінде.
Съездің жұмысы тікелей эфир арқылы бүкіл елге көрсетіліп тұрды. Осы съезд күндері жұрттың одан көз алмағандығы сондай, еңбек өнімділігі күрт төмендеп кеткен. Тіпті қылмыс та азайып, жол апаты оқиғалары да сирек болған екен.
Съезге 2250 депутат сайланған. Олар 1988 жылдың 1 желтоқсанындағы заңға сәйкес «халық депутаттары» деп аталды. Съезд Конституцияға өзгеріс енгізуге және елдегі барлық ең биік лауазым иелерін бекітуге құқылы болды. Осы съезде сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстанға қанды қасап әкелген бірінші хатшы Г.Колбинді КСРО Халықтық бақылау комитетінің басшысы қызметіне сайлап, бізден алып кетті.
Бұған дейін КСРО-ның ең жоғарғы билігі компартияның Саяси бюросының қолында болды. Оған негіз болған компартияны «Кеңес қоғамын басқарушы және бағыттаушы күш, саяси жүйенің ядросы» деп көрсеткен Конституцияның 6-бабы болатын. Бірінші съезде осы бапты Конституциядан алып тастау туралы талаптар көтерілді. Бұл талап осы съезде орындалғанымен 1990 жылдың 14 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі оны жойып, елдің билігін толық парламентке берді.
Барлық республикалардың өз тәуелсіздігін алуына жол ашып берген де осы оқиға еді деп айтуға негіз бар. Өйткені ол компартияның шексіз билігін шайқалтып, ақыры оның тоз-тоз болып кетуіне соқтырды. Халықтың санасын да қыл бұғаудан босатып, еркін тыныстауға жол ашылды.