• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Мамыр, 2019

Медициналық туризм: сырттан келетіндерден сыртта емделетіндер көп

1433 рет
көрсетілді

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеу экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Өйткені тәнді сауықтыру үшін де әмияныңызды әжептәуір жұқартуға тура келеді. Дегенмен ғылым мен технология дамыған заманда аз ақшаға сапалы ем алу жағдайы да қарастырылған. Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр Қазақстанға 2 мыңнан аса шетелдік емделуші келіп кеткен екен. Алайда өзге елдің дәрігерлеріне жүгінген отандастарымыздың саны 50 мыңға жуықтап, ішкі нарықта теріс сальдо байқалған. Мұның басты себебі неде? Елдегі медициналық туризмді өркендету үшін қайтпек керек? Міне, осы және басқа да көкейкесті сауалдарға жауап іздеп, аталған саланың мән-жайына қанықтық.

Стоматологтарға сұраныс жоғары

Шетелден ем іздеген отандас­тар­дың 15 мыңы Оңтүстік Кореяға ат­танса, тағы 10 мың азамат Түр­кияда ем­деліпті. Қалғандары Қы­тай, сол секілді алыс-жа­қын шет мемлекет­терде ден­­сау­лықтарын түзеген. Ал сарап­шылардың сөзіне сенсек, осындай ахуалдың орын алуына кезінде медициналық нысандар­ды материалдық-техникалық жаб­дықтаудың нашарлығы, заманауи аппараттардың аздығы, біліксіз медициналық кадрлар, сондай-ақ қызмет көрсетудегі олқылықтар, стационарлық орындардың жетіс­пеушілігі әсер етсе керек.

Әйтсе де ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. 2008 жылы ел­ордада Ұлттық медициналық холдинг құрылып, оның құра­мына астанадағы жетекші ме­ди­­циналық ұйымдар бірікті. Қазір атауы «University Medical Center» корпоративтік қоры болып өзгертіліп, Назарбаев Уни­верситеттің қарамағына өткен. 

Joint Commission International немесе JCI-дың (медициналық клиникалардағы жоғары қыз­мет көрсету сапасы мен емде­лу­ші­лердің қауіпсіздігін куәлан­дыратын халықаралық ұйым) сапа талаптарына елімізде 7 меди­циналық мекеме жауап береді екен. Оның бесеуі бас шаһарда ор­наласса, қалған екі мекеме Ал­матыда. JCI – медициналық ұйым­дарды аккредиттеудегі халық­аралық «алтын стандарт». Оның талаптарын үш жылда бір мәрте орындау қажет. 

«Қазақстан медициналық ту­ризмді дамытуға қолайлы ел. Әлемдегі экономикалық үдеріс­терді ескерсек, біздегі басты ар­­тық­шылық – медициналық қыз­­меттердің қолжетімділігі. Адам­дар қазір тиімді өмір сүруге тырысады, бұрынғыдай ақ­шаны оңды-солды шашпайды. Осы ретте еліміз шетелдік емделушілерге ыңғайлы болып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Үкіметтің қолдауымен қазір көп­теген мекемелер соңғы үлгі­де­­­гі қондырғылармен жарақ­та­лып жатыр. Әсіресе отандық сто­матологияға шеттен қызығу­шы­­лар көп. Мысалы, біздегі сто­ма­тологиялық қызмет Еуропа ел­деріне қарағанда 10-15 есеге арзан. Мұндай деректі Қазақстан стоматологтар қауымдастығы ұсы­­нып отыр. Бұл қызмет түрін ше­тел­діктер кеңінен пайдаланып жүр. Сонымен қатар трансплан­толо­гия саласы да біртіндеп жол­­­­­ға қойылуда. АҚШ-та ағза мүше­лерін ауыстыру шамамен 100 мың долларға шықса, біздегі бұл қызмет түрі едәуір арзан. Отаның сапасы да еш кем емес, – дейді Денсаулық сақтауды дамыту рес­­публикалық орталығының ме­­ди­циналық туризмді дамыту бөлі­мінің басшысы Ғалымжан Сей­сенбек. Ол қазақ жерінде ем­деле­тіндердің 90 пайызы көр­шілес Ресей, Қырғызстан мен Өз­бек­стан­ның азаматтары екенін айтты. Қал­ған 10 пайызы алыс шет мем­лекеттердің халқы.

Бұдан бөлек, медициналық туристерді тартуда шекаралық аймақтардың да үлесі бар. Жам­был, Маңғыстау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыс­та­ры­­­ның осы саладағы табыс­та­ры жаман емес. Десек те, бұл ин­дус­трияның қарқынына кедер­гі кел­тіріп тұрған жайттар да жетер­лік. Ғалымжан Сейсенбек ресми ста­тистиканың жоқтығы саланы ілгерілетуге қолбайлау болғанын, оны шешу кезек күттірмейтін мә­селенің бірі екенін айтады.

– Статистика комитеті болсын, басқа да органдардың сайттарын ашып қарасаңыз, елге қанша адамдардың келіп емделіп жатқаны туралы нақты мәліметті таба алмайсыз. Ресми органдар бұл туралы есеп жүргізбейді. Сон­дықтан биыл Денсаулық сақ­тау министрлігіне санақ жүр­гізу жөнінде ұсыныс жасауды көздеп отырмыз. Ол үшін, Оң­түстік Кореяның статистика жүр­гізудегі моделін негізге алдық. Ко­­рея­лықтар өз тәжірибесімен бө­лісуге дайын, – дейді Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бөлім басшысы.

Корей елінде туристік және биз­нес визаларынан бөлек, ме­ди­циналық виза қолданысқа ен­гізілген. Ол – ұзақ және қысқа мер­зімді ретінде екіге бөлінеді. Аталған үрдіс Қазақстанда да іске қосылса, ұпайымыз түгенделер еді. Бұл мемлекеттік деңгейде ше­­шілетін мәселе. Отандық ме­дициналық қызметтің ішінде, әсі­ресе нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ортохирургия және репродуктивті медицина сынды бағыттар шетелдіктер арасында үлкен сұранысқа ие.

Корея қалай көш бастады?

Елордалық зейнеткер Шар­бану Құлжанованың келіні 2017 жылы жол-көлік апатына түсіп, жас келіншектің бет әл­петіне пластикалық ота жасау қажеті туындады. Отбасы мү­шелері ақылдаса келе, Оңтүстік Кореяда емдетуге бел буады. Таң­дау Кванджу шаһарындағы кли­никалардың біріне түскен. Нәтижесі күткеннен де артық шы­ғыпты. Кәріс мамандары жол апатының салдарынан пайда болған тыртықтардың ізін де қалдырмай отандасымыздың жүзіне күлкі ұялатқан. Бұған қоса, Қазақстан азаматшасы көптен бері ұрпақ сүйе алмай келген. Таңғы жұпар елінің дәрігерлері бұл мә­селенің де шешімін табуға күш са­лыпты. Кешенді медициналық тексеруге және емделуге 6 мыңдай АҚШ доллары кеткен.

Рас, Оңтүстік Корея медици­насы бүгінде анағұрлым ілгерілеп кеткен. 50 млн халқы бар корей елі номиналды ішкі жалпы өнім бойынша әлемде 15-ші орында тұр. Экономикасы жоғары техно­логиялық индустрия­ландыруға негізделген елде басқаша болуы мүмкін емес екені анық. Жыл­да Корей түбегіне басы ауы­рып, балтыры сыздаған шама­мен 400 мыңдай турист барады. Медициналық туризм индус­триясының жаһандық рейтингінде корейлер үздік ондықтың қата­рына нық орналасқан. Сарап­шылардың мәліметінше, осы са­­ладан түсетін жылдық табыс – 1,34 млрд доллардың шамасында. Ал бұл табыстың құпиясы – жоғары технологиялық емдік-диагностикалық жабдықтармен жарақтандырылуында, жоғары деңгейлі мамандар мен қызмет көрсету сапасының қатаң бақы­лауын­да болса керек.

Жан басына шаққандағы шығыстар көлемі бойынша, Оң­түстік Корея орташа табыс­ты ел­дердің санатына жатады. Бәсе­келестік деңгейі жағынан әлем­дік тізімде 26-шы орында. Ұлы­британия, Франция, Германия және Сингапур сынды мемлекеттерден артта қалғанымен, бұл елдегі медициналық қызметтің ақы­сы анағұрлым арзанырақ. Сапасы да кем түспейді. Мысалы, сақтандырылған корейлік тұрғын үшін күрделі отаның құны 2 мың долларға түсуі ықтимал. Дәл мұн­дай операцияның түрі дамыған ел­дерде 20 мың долларға дейін баратын көрінеді. Айырмашылығы жер мен көктей.

Сингапурда медициналық қыз­мет 10 есеге қымбатқа шығады екен. Кореядағы медициналық кө­мек негізгі үш кезеңде жүзеге асы­рылады. Атап айтқанда, амбу­латорлық емдеу, жалпы бейіндегі ста­ционарлық қызмет, сондай-ақ жоғары технологиялық клиникалар мен үшінші деңгейлі клиникалардың қызметі кіреді. Барлық мекемелері заманауи қон­дырғылармен қамтылған, бұл өз кезегінде сапалы емдеу ісін жүргізуге әрі нақты диагнос­ти­ка жасауға мүмкіндік тудырып отыр. Ақпараттық технология­лары да­мыған елдің роботтандырылған хи­рургия бағытында да жетіс­­­тік­т­е­­­рі баршылық. Корей клиникаларында 30-дан аса «daVinci» озық хи­рургиялық жүйесі орна­тылған.

Медицинаға жұмсалған шығыстар көбейді

Былтыр АҚШ тұрғындары ем-дом шараларына жан басына шаққанда 9400 доллардан жұмсапты. Құрама штаттар дүние­жүзі бойынша денсаулық сақтау саласына ең көп қаражат аударатын бірден-бір мемлекет. Алайда алпауыт елдегі өмірдің орташа ұзақ­тығы - 75-78 жас. Ал дамыған мем­лекеттердегі бұл көрсеткіш 80 жас­тан асып жығылады. Сол себепті аме­рикалықтар сырт елдерде емделуге мәжбүр. АҚШ-ғы статистика деректері көңіл көншітпейді. Мәсе­лен, мың бала дүние есігін аш­са, өкінішке қарай алтауы ше­тінеп кетеді екен. Ана өліміне қа­тыс­ты деректер де осыған ұқсас. 100 мың әйелдің арасынан 26-сы жүктілік кезеңі мен босану барысында көз жұмады. Басқа дамыған мемлекеттердегі орташа көрсеткіш – 8,4. Сарапшылар денсаулық сақтау саласына жұмсалған шы­ғыс­тарды азайтудың есебінен Құ­рама штаттағы ахуалды реттеу­ге болатынын айтады. Usa.one пор­талының ақпаратына сүйенсек, Amazon, Berkshire, Hathawaу және JPMorgan Chase секілді ком­паниялар бұл бағыттағы күрес­ті қызметкерлерге арналған меди­циналық сақтандырудың құнын төмендетуден бастапты.

Алғашқы заңмалық құжат

Айтулы саланың тағы бір аван­гарды – Израиль. Бұл ел­де медициналық туризмнен тү­сетін жылдық табыс – 1,5 мил­­лиард шекельді құрайды (159 млрд теңге). Елдегі сауда-өнер­кәсіп палатасының дерегіне сәй­кес, жылма-жыл израильдік ауру­ханаларға шетелдік турис­тер­ден 500 миллион шекель көле­мінде кіріс түседі. Таяу Шы­ғыс­­­­тағы мемлекет әлемде ал­ғаш­­­­қылардың бірі болып ме­ди­циналық туризм туралы заң қа­былдады. Заң жобасын кнессет депутаттары былтыр шілде айында бекітіп, ағымдағы жылы құжат өз күшіне енді. Осы реформаның негізінде медициналық туристер өз құқықтарын ресми инстанция­ларда қорғау мүмкіндігіне ие. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрын-соң­ды болмаған өзгеріс. Әйтсе де Израиль сауда-өнеркәсіп палатасы жаңа заңның кемшін тұстары аз емес екенін растады. Мұндай пікірді кнессет депутаттары және Израильдің медициналық туризм қауымдастығының өкілдері де қуаттай келе, құжаттағы кей­бір талаптарды орындау қиын­ға соғатынын алға тартты. Ме­ди­циналық туризм қауым­дас­тығының президенті Марк Ка­ценельсон енді шетелдік емде­лушілерге оңайға тимейтінін айт­ып, бұл өзгеріске күмәнмен қарауда. Оның сөзінше, Израиль­дегі медтуризм кәсібі қазір негізгі тұтынушы елдердегі дағда­рыс­тың салдарынан тоқырау ке­зе­ңін өткеруде. Жергілікті ақ ха­­­латтылар билікті клиникалар мен медициналық компаниялар және шетелдік емделушілер ара­сын­дағы байланыс тетігін одан сайын күрделендіріп жіберді деп кінә­лайды. Мамандар жаңа заңды жетіл­д­ірмейінше оған қатысты дау ұзаққ­а созылатынын болжап отыр.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»