Үміткерлер арасында өрбитін бұл пікірсайыс – еліміздегі саяси мәдениетті арттыруға, кеңейтуге, сондай-ақ осы партиялар немесе үміткерлердің тек қана сайлауалды бағдарламасын емес, жалпы сыртқы және ішкі саясатқа қатысты түрлі аспектілерді түсіндіруге ұтымды алаң. Сондықтан аталған дебатты Қазақстандағы саяси үдерістерді заңдастырудағы үлкен қадам деп қарастыруға әбден болады. Ал аудиторияның, тұтастай электораттың сеніміне ие болуы кандидаттардың сөйлеу мәнеріне, яғни шешендік өнеріне, ұсынып отырған бағдарламасын тиімді ұсына білуіне байланысты деп ойлаймын. Енді 80 минут қатысушыларға берілген аз уақыт емес. Осы лимит жеткілікті болуы тиіс. Бұл науқан елдегі саяси жүйенің жетілуіне жол ашуы ықтимал. Саяси аренадағы жаңа есімдер танылып, басқару үлгісінің жаңғыруына алып келуі ғажап емес.
Әрбір сайлауды қоғамның саяси дамуының белгілі бір мектебі деп қарастырған абзал. Осы тұрғыдан сараласақ, әрине, бұл сайлаудың мәні мен мазмұны өте жоғары. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде қоғам мен мемлекеттің арасында жақсы байланыстар пайда болды. Міне, осы байланысты әрі қарай дамытып, азаматтар мен биліктің арасындағы ынтымақтастық жасампаздық жасаудың тағы бір сара жолы деп айтуға барлық негіз бар. Қазір геосаяси ахуалды ескерсек, мықты билік керек екені сөзсіз. Ол биліктің сыртқы саясатта, сол секілді қоғам алдындағы абыройы жоғары болғаны ләзім.
Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы