Ең әуелі, Сәкен Сейфуллин мұражайында Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арналған «Үш арыс» бұрышының ашылу салтанаты болды. Онда аяулы тұлғалардың форфордан жасалған мүсіндері орналасқан. Бір жылда дүние есігін ашып, өнерде де, өмірде де үзеңгі қағысып қатар жүрген, ұлт үшін күресте бір төбеден табылған арыстардың әдемі мүсіндері бұдан былай Сәкен Сейфуллин музейінде жарқырап тұра бермек.
Айтулы шара «Үш бәйтерек» кітабының тұсаукесерімен жалғасын тапты. Алып тұлғалардың таңдамалы шығармаларынан құрастырылған бұл жинақ аяулы ағаларымыздың биылғы тарихи мерейтойларына тамаша тарту болмақ.
Мерейтой «Сәкен мұрасы – халық қазынасы» атты ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрім ақын тойы еліміздің әр өңірінде атап өтілетінін жеткізді. Сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова ардақты тұлғаның есімі мәңгілік ел жүрегінде сақталатындығын, өзінің бар ғұмырын Сәкенге арнаған әйгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ерен еңбегін тілге тиек етті. Сәкентанушы ғалым Амантай Кәкен болса ардақты тұлғаның ел үшін істеген елеулі еңбектеріне айрықша тоқталды.
Жалпы, «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері» атанған үш арыстың есімін ардақтау, Сәкен мұрасына сәкентанушылардың еңбегін қосу, талдау мақсатында өткен мерейтой көптеген ауқымды іс-шараны қамтыды. Аталған мерейтойға орай Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен «Сәкеннің сырлы саздары» атты музыкалық концерт те өтті. Жалынды жастар ардақты тұлғаның отты жырларын жатқа оқыды. Елімізге танымал өнер жұлдыздары Сәкен Сейфуллиннің әсем әндерін тебіреніспен шырқады. Көңілді толқытар күй орындалды.
Алаш ТҰРСЫНӘЛІ,
Сәкен Сейфуллин музейі экскурсия және тарихи таным бөлімінің қызметкері