• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2019

Ұлттық ұлан әскерінде жылдық техникалық байқау өтуде

1686 рет
көрсетілді

Ұлттық ұлан әскері еліміздің қауіпсіздік қалқаны болып саналатындықтан оның техникасы мен қару-жарағы және қорғаныс құралдары үнемі жауынгерлік әзірлікте болуы тиіс. Материалдық-техникалық базасы мықты әскердің қорғанысы да мықты. Осыған орай биыл Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде жылдық техникалық байқаулар өтуде, деп хабарлады бүгін 28237 әскери бөлімінің аға лейтенанты Айдос Байшағыров.

Аталған байқау бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Б. Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 28237 әскери бөлімінде жалғасын тапты. Бөлімде техникалық байқауды өткізу үшін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының аға офицерлерінен құралған арнайы комиссия өз жұмысын бастады. Бұл іс-шара әскери бөлімде ерекше басталды. Ең алдымен салтанатты түрде сап түзеген жауынгерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы техника және қару-жарақ басқармасының бастығы полковник Константин Юрьевич Воронкин құттықтау сөз сөйлеп, барлық жеке құрамға техникалық байқаудан ойдағыдай өтуге сәттілік тіледі. Өз кезегінде бөлімнің ардагері запастағы майор Сейтқасым Алимсаев та әскери қызметшілерге жалынды тілегін арнады.

Дәстүрлі жылдық техникалық байқау «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан елі мен халқына қорған!» атты жауынгерлік ұранымен өтуде. Осындай жауапты күні әскери қызметшілердің рухын көтеру үшін Жамбыл аудандық «Жас ұлан» оқушылар үйінің өнерпаздары әуелеген әндері мен мың бұралған би өрнектерін арнап жауынгерлердің көңіл-күйін бір серпілтіп тастады.

Осы іс-шараға тиянақты түрде дайындалған материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының командирі, капитан Жасұлан Хамитов: «Жылдық техникалық байқауды тапсыру біз үшін маңызды күн болып табылады. Ең бастысы, біз – бауыржаншылар, тағы да өз ісіміздің шебері екендігімізге көз жеткіземіз. Бөлімнің техникасы мен қару-жарағы қашанда  жауынгерлік әзірлікте, сондықтан біз бұл байқаудан «өте жақсы және жақсы» деген баға алатындығымызға сенім білдіреміз!» – деді.

Аталған жылдық техникалық байқау бөлімде екі күн бойы жалғасады. Тексеріс барысында бөлімнің техникалары, қару-жарағы, инженерлік, радиохимиялық және бактериологиялық қорғаныс мүлкі мен байланыс құралдарының жұмыс істеу сапасы, олардың әзірлігі және де жүргізушілер мен офицерлердің де дайындықтары бағаланатын болады.