• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Маусым, 2019

Қазақстан мен Еуропаның байланысы берік

1318 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келген Еуропалық кеңес төр­ағасы Дональд Тускпен келіс­сөз жүргізді. Ақорда резиденция­сында Еуро­палық кеңес басшы­сы­на барынша салтанатты құр­мет көрсетілді. Бұл сапар жуыр­да Еуропаның саяси бағдарын, ұйымның әрі қарайғы тағдырын анықтайтын сайлаудың өтуімен және біздің еліміздегі президенттік сайлаумен тұспа-тұс келуімен де маңызды болып отыр.
Тараптар мүдделестік танытты

Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасының сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айтты.

– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығы­мыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді.

– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рахмет. Біздің сіздермен тәжі­рибеміз бен өзара қарым-қаты­нас­тарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашық­тықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады, – деді Еуропалық кеңес басшысы.

Әңгімелесу барысында тараптар әртүрлі саладағы Қазақстан мен Еуро­палық одақ ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. Әрине, бұл келісімдер алдымен өзара сенімге негізделген достық қарым-қатынастарды қамтиды. Орталық Азия өңіріндегі көш­басшы ретінде Қазақстан тарапы тәуел­сіз­дік жылдарында Еуропаның ауқым­ды жоба­ларын абыроймен жүзеге асыр­ған болса, екінші тарап та қашаннан Қазақ­станның өтініштерін жерде қал­дыр­ған емес. Айталық, Еуропадағы қауіп­­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына еліміздің та­бысты жетекшілік етуі – осының жар­қын көріністерінің бірі. 

Кедергісіз келіссөздер

Әлемге белгілі саясаткер Д.Тусктің өмірбаянында оның үш тілді – ағылшын, орыс және поляк тілдерін еркін біле­тін­дігі көрсетілген. Ал Қазақстан Пре­зи­денті­нің кемі бес тілді білетіндігі анық. Сон­­дықтан да тумысынан дипломат Қ.То­­қаевтың әрбір келіссөзі үстелдің ар­ғы бетіндегі қонағымен оңай өрбитіні рас. Міне, кезекті табысты ке­ліссөздерден ке­йін Мемлекет басшысы мен Еуропалық ке­ңес төрағасы екеуара айтыл­ған әңгіме­лердің мән-мазмұны­на байланысты бұ­қаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып мәлімдеме де жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мә­лім­демесін толық мемлекет­тік тілде жасап, соңғы тұжы­рым­дарын ағылшынша қорытты. 

Мемлекет басшысы әуелі Қазақ­станға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес төрағасына ризашылық біл­ді­ріп, сапардың Саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгенінің символдық мәні барын айтты.

– Еуропалық кеңестің қа­былдаған жаңа стратегиясы мен сіздің сапарыңыз Орталық Азия елдерінің саяси-экономика­лық орнықты және қауіпсіз дамуы үшін еуропалық тараптың мүдделі екенінің дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев До­нальд Тусктің сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель ара­сындағы диалогқа тың серпін беретінін атап өтті.

– Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуро­па­лық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бі­рінші ел болды. Бұл біздің бай­ла­ныс­тарымыздың бе­рік ек­енін көрсетеді. Біз Еу­ропа ел­дерінің бәрімен стра­тегиялық, серік­тестік қатынас­тарымыз­ды ны­ғай­туға белсенді атсалысамыз. Қазақ­стан­ның «Еуро­паға жол» бағдарла­масы мен Еуро­­па­лық одақтың Орталық Азия­­ға арналған стратегиясы әрт­үрлі саладағы табыс­ты іс-қи­мылд­арымыздың үлг­ісі бо­лып табылады. Осы жеті­с­тік­­терді ескере отырып, Еуро­па­лық одақ­пен ынтымақ­тас­тығы­мыз­дың ке­л­е­­шегі жақсы болатынына сенім­­діміз, – деді Мемлекет басшысы.

Дәстүрлі дипломатияға тән үдеріс бойынша Дональд Туск те Қазақстан Президентіне қо­нақжайлықпен қабылдағаны және Нұр-Сұлтанға ресми сапармен алғаш келуге мүм­кін­дік туғызғаны үшін тағы да ри­зашылық білдірді.

– Еуропалық одақ Орталық Азиямен серіктестікті терең­дету үшін өз стратегиясын ай­қын­­дады. Қазақстан – өңірдегі Еу­ро­­палық одақтың негізгі серік­­­тесі. Елдеріңіз Батыс пен Шы­­ғыс­тың, Ресей мен Оңтүстік Азия­н­ың арасындағы көпір болып са­налады. Еуропалық одақ – Қазақ­­станның негізгі сауда және инвес­­тициялық серіктесі, – деді Д.Туск. 

Мәртебелі мейман ең бас­тысы, Еуропалық одақ ел­дері Қазақстанмен серіктестік­ті және ынтымақтастықты ке­ңей­ту туралы келісімді жуырда ратификациялайтынын жеткізді.  Брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск журналистерге келіссөз барысында жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде, сондай-ақ энергетика, көлік және цифрлы коммуникация салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету туралы кең көлемде жемісті пікір алмасқандарын айтты.

Жалпы, бұл сапардың ма­ңыз­дылығы Еуропалық одақ­тың әлеуетімен де анық­тала­тыны рас және ол әлемдегі ең ірі экономикасы бар әлемнің 80 ел үшін басты сауда серіктесі екені де бел­гілі. Айталық, былтыр тауар айналымы 37 млрд АҚШ дол­ларын, соның ішінде Қа­зақ­станнан экспорт көлемі 31 млрд долларды құраса, им­порт 6,7 млрд долларға жет­кен.  Бұл 2017 жылғы дең­гейден 23 пайызға жоғары және еліміздің сыртқы сауда­сы­н­ың жалпы көлемінің 40,3 пайызына сәйкес келеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуро­палық кеңестің төрағасы Дональд Туск, сондай-ақ «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніне барды. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск қасі­рет қақпасының алдында бас иіп, саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының рухына тағзым етті. 

Қазақстан Президенті мен Еуропалық кеңес басшысы «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніндегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойып, саяси құрбандардың өмірі жайлы мәліметтер жинақталған музей кешенін аралап көрді.