Биылғы байқауды отбасылық құндылықтар туралы тереңнен толғаған сөзімен ашқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев әр отбасының бірлігі түптеп келгенде ел байлығы екеніне айрықша тоқталды. Өнеге шашқан байқаудың үлгі-ғибраты туралы да салмақты сөз сабақтады. Риясыз лебізден соң байқауда бірінші орын алған отбасыларға сый-сияпат жасады.
Шаңырақтағы шаттық, сүттей ұйыған ынтымақ-бірлігімен, тамаша тірлігімен талайға үлгі бола алатын отбасылар аз емес. Байқауға 29 отбасынан өтінім түскен екен. Арнайы комиссияның елегінен өткен 7 отбасы облыстық турға жолдама алған. Бұл арада жалғыз бала саны емес, еңбек дәстүрі, білім-біліктері, елдің ықыласы мен құрметі, өнері де сарапқа салынады. Бұл жолы байқауда бәсі бірдей болған екі отбасына бірінші орын берілді. Өнегесі орайлас, тәлімі теңдес. Мәселен, бірінші орын алып, 250 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болған Ақкөл ауданындағы Әубәкіровтер отбасы туралы сәл таратып айта кетуге әбден болады. Осы отбасының ұстаздық өтілі 215 жылды құрайды екен. Ақан Қайыржанұлы мен Қуаныш Шотанқызы бес балаға тамаша тәрбие беріп, 9 немересін қызықтап отырған ата мен әже. Отағасы 45 жыл бойы табан аудармастан білім саласында қызмет еткен. 30 жыл Амангелді ауылындағы мектепте директор болып қызмет атқарыпты. Тұңғышы Бейбіт жеке кәсіпкер, Құрметі адвокат, кенже ұлы Науанның мұғалімдік өтілі – 21 жыл. Қызы Назгүл отыз жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Меруертінің педагогикалық еңбек өтілі 24 жыл, Степногор қаласындағы №9 қазақ орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі.
Сондай-ақ бірінші орынға ие болған Целиноград ауданында тұратын Ысқақовтар отбасы да өзгеге өнеге бола алатын құтты шаңырақ. 45 жыл бірге ғұмыр кешкен Ысқақовтар отбасынан 8 бала, 24 немере өрбіп отыр. Отбасының негізгі тіршілігі «Ысқақовтар» шаруа қожалығы. Шаруашылық картоп, көкөніс өсірумен айналысады. Тұңғыш ұлдары Маратбек шаруашылық жетекшісі болса, Рашит бас инженер, Дархан қырман меңгерушісі, Нұрсұлтан экономист, Азамат агроном, Рақымбек механизатор. Қыздары да қол қусырып қарап отырған жоқ. Мөлдір мен Гүлзира бірі мал дәрігері болса, екіншісі көкөніс өсіруші. Ал немерелері атасы мен әжесін үздік оқуларымен, спорттағы және өнердегі табыстарымен қуантуда. Талапты немерелері Жанатбек мектепті алтын белгімен бітіріп, ата-әже тілегін ақтаса, Замира есімді немересі би өнерінің хас шебері.
Ақмола облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова екінші орынға ие болған Степногор қаласында тұратын Оралбаевтар отбасына дипломдарын табыс етті. Бұл отбасы мектепке дейінгі тәрбие мекемесін ашып, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі орайында елге игілігі тиіп отырған шаңырақ. Бестөбе кентіндегі отбасы иелігіндегі «Асыл» және «Алтын» балалар бақшасына 150 жеткіншек барады. Оның 47-сі көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары. Оларға тегін қызмет көрсетіледі.
Байқауда Целиноград ауданында тұратын Кемеңгеровтер отбасы үшінші орынға ие болды. Сөз арасында бұл отбасы Алашорда қозғалысының іргетасын қалаушылардың бірі Қошке Кемеңгеровтің ұрпақтары екенін айта кеткен жөн. Өнерді өмірлеріне серік еткен отбасы мүшелері әуелете ән шырқап, құйқылжытып күй тартып, жиналған жұрттың көңілінен шықты.
Өзге отбасылар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ. Сандықтау ауданындағы Мусхановтар, Ерейментау ауданындағы Амантаевтар, Зеренді ауданындағы Штирлер отбасылары ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Ақмола облысы