В. Норов ШЫҰ Хатшылығы ұйымның соңғы 15 жылдағы қызметінің қазіргі 48-ші миссиясына үлкен мән беретінін атап өтті. «Алдағы сайлау өте бәсекелі болмақ және оған түрлі саяси бағдарламалар ұсынған жеті кандидаттың, соның ішінде әйел адамның қатысуы қазақстандық сайлаушылар үшін шынайы кең таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді», деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы.
ШЫҰ Миссиясының байқаушылары Қазақстанның 7 ірі қаласындағы сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін болады. Миссия құрамында ШЫҰ-ға мүше жеті мемлекеттің 25 заң шығару, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, сондай-ақ ұйымның тұрақты органдары Хатшылық пен Аймақтағы терроризмге қарсы құрылым атқарушы комитетінің ресми адамдары бар.
СІМ-де өткен кездесуде тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымының саясат пен қауіпсіздік, сауда және экономика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдасу барысын талқылады. Оған қоса, 13-14 маусымда Бішкекте өтетін ШЫҰ Саммитінің күн тәртібі мен оған дайындық барысы қаралды. Осы орайда қазақстандық министр 22 мамырда Бішкекте өткен ШЫҰ сыртқы істер министрлерінің осы іс-шараны дайындау жөніндегі кеңесінің қорытындысын шығарып, жалпы Қырғызстанның ШЫҰ-ға табысты төрағалық етуін ерекше атап өтті.
ШЫҰ Бас хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйым аясындағы, бірінші кезекте, көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын нығайтуды көздейтін бастамаларына жоғары баға берді.
ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. В.Норов Қазақстанның ШЫҰ-ның дамуына үлесін жоғары бағалап, еліміздің ұйымдағы тұғырлы орнына ерекше мән берді. Бұл жерде Үндістан мен Пәкістанды толыққанды мүше етіп қабылдау арқылы ШЫҰ-ны кеңейту бағытында тарихи шешімдер қабылданған 2017 жылғы Астана саммитінің қорытындыларына ерекше назар аударылды.