• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Маусым, 2019

«Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – дейді тоқсанның алтауындағы Тұрсынбала Әбдіраманова

1577 рет
көрсетілді

Бүгінде Алматыда тұратын 96 жастағы Тұрсынбала Әбдіраманова өмірдің сан бел-белесінен өткен, адал қызметімен талай биікке жеткен жан. Олай дейтініміз, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Хантауының баурайында дүниеге келген ол кісінің бүкіл ғұмыр жолы өнегеге, жалпыға қуаныш әкелген жақсылыққа, жағымды істерге толы.
Кішкене кезінен аштықтың азабын тартқан, балалар үйінің де дәмін татқан Тұрсынбала небір қиындықты басынан кеше жүріп ширығып, өс­кен-ді. Бойындағы білсем, көр­­сем, жетсем деген таудай тала­бы оны алға қарай ұдайы ұм­­тылдырған еді. Осындай қа­сиет­терінің арқасында ақыл­ды да ақ ниетті қыз кейін­нен көптеген лауазымды қыз­мет­терге қол жеткізді. 

Балалар үйінен соң алдымен Алматыдағы педучилищеден білім алды. Шу аудандық комсомол комитетінде істеп, осы жердегі аудандық газеттің жауапты хатшысы болған. 1944-1947 жылдары Жамбыл обл­ыстық «Сталиндік жол» (қазіргі«Ақ жол») газетінде де жауапты хатшылық қызметін атқарған.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы екі жылдық партия мектебін бітірген соң қазіргі Тұрар Рысқұлов аупарткомының насихат және үгіт бөлімін басқарып, Көктерек (қазіргі Мойынқұм) аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.

Ал 1953-1956 жылда­ры Мәскеудегі жоғарғы пар­тия мектебінде оқыған. Мәс­кеу­ден Жамбыл облысына қай­та оралып, бес жыл бойы Жамбыл қалалық кеңесі төр­ағасының орынбасары қыз­метін атқарып, төрт жыл Көк­терек аудан­дық атқару комитетінің төрағасы, Шу аудан­дық партия комитетінің хатшысы б­олады. Сол сияқты он жыл Жам­был облыстық ат­қару ко­ми­тетінің әлеуметтік қам­сы­здандыру бөлімін бас­қарған. Міне, Тұрсынбала апайды халқымыздың білімді де бі­лікті қайраткер қызының бірі деуіміздің сыры осында.

Тұрсынбала апамыздың ері, марқұм Әбдіқұл да бір­қатар лауазымды қызметтің басын ұстаған ұлтжанды азамат еді. Екеуі мемлекеттік іс­тердің бел ортасында жү­ріп, Мария, Сәуле, Зәуре есімді үш қыз тәрбиелеп өсір­ген, олардан бірнеше немере, шөбере сүйіп отыр. Дәл осы тұста үлкен күйеу бала­сының белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков екенін айт­қанымыздың да еш айыбы болмас.

– Мен осы ұзақ ғұмырымда, – дейді Тұрсынбала Қасен­қы­зы, – адамгершілігі жоғары, адал, әділ, қоғамшыл, алдымен өзін емес, елін ойлайтын талай жайсаң жанды жақсы адамдармен бірге жүрдім, араластым. Мәселен, әйгілі Жұмабай Шаях­метовтың қамқорлығын, кө­ме­гін көргенімді айрықша атап өткім келеді. Сол сияқты қызметтес болған Ізмұхамед Еділбаев, Асанбай Асқаров, Екейбай Қашағановты қалай ұмытайын! Ол кісілердің азбайтын ақылын алдым, керемет кеңесін тыңдадым, үлкен үлгісін ұстандым. 

Мына 1952 жылы Алма­тыда түсірілген суретте Жам­был облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Тұр­­сынбала Әбдіраманова (тү­­регеп тұрған) мен Қара­ғанды облыстық атқару ко­ми­теті төрағасының орынбаса­ры Фатима Даненова және Қа­зақ КСР Министрлер Кеңесі төр­ағасының орынбасары Мақ­пуза Нұрымбаева бейнеленген.

...Бұл кезде апамыз 29 жас­та екен. Ұшқыр уақытта тоқ­­тау жоқ қой. Содан бері жыл­жып жылдар, сырғып айлар өтіпті. Жаңа дәуір туып, жаңа заман келді. Қазақ елі тәуелсіздік алып, кемел келешекке батыл беттеп барады.

– Құдайға шүкір,осы күнге дейін жеттім, – дейді апамыз. – Ендігі бар тілегім – ел аман, жұрт тыныш болсын!

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист