Мұндай жауапты іске ең алдымен қозғау салған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Елеусін Сағындықов екенін айта кеткеннің де артықшылығы жоқ. Сөйтіп, Қобыландының ғұмырбаяндық дерегі мен батырлық жолы ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы айқындалғаннан кейін оның кіндік қаны тамған топырағы Жиренқопада келісті кешен тұрғызылып, мұнда барша түркі жұртының басын қосқан дүбірлі той өткізілгені де ұмытыла қойған жоқ. Сондай-ақ осы кесененің ашылу рәсімі кезінде саңлақ суреткер Әбіш Кекілбаевтың «Халқымыздың жауынгерлік рухы мен батырлық болмысы – Қобыландыдан басталады» деген шындықпен суарылған салмақты сөзі де әлі күнге дейін ел-жұрттың жадында. Бұдан кейінгі кезеңде арада 15 жыл өткен соң Қобыланды батырдың кесенесін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса оның жанынан қонақтар мен саяхатшыларға арналған үй салынды. Елбасы белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру басталған кезде Қобыланды батырдың мемориалдық кешені жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның киелі жерлері географиясының қатарына кіргені бөлек бір әңгіменің еншісі. Осындай киелі де тарихи топырақтың бүгінгі жай-күйі қандай деген сауал еріксіз туындайды. Биыл ақпан айының аяқ шенінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Оңдасын Оразалин қазақтың қас батыры мәңгілік дамыл тапқан Жиренқопа топырағына арнайы барып, ел-жұрттың ұсыныс-тілектеріне құлақ түргені оларды бір серпілтіп тастады. Ашығын айтқанда емен-жарқын жүздесу кезінде белгілі болғандай, мұнда өз шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Біріншіден, желдің өті мен жердің шетінде, шекаралық аймақта қоныс тепкен облыстың шалғай ауылдарының бірі екенін айтуға тиіспіз. Тарихи орын аудан орталығы Қобдадан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы екі араны жалғайтын автожол құрылысы бұдан алты жыл бұрын басталса да әлі күнге дейін аяқталмай, созылып келеді екен. Яғни қазіргі кезде оның қалған 30 шақырымдық бөлігінің құрылысы жүргізілуде. Оның белгіленген уақытта аяқталуының екіжақты пайдасы бар деп білеміз. Ең алдымен осы арқылы шалғай ауыл тұрғындарын аудан және облыс орталықтарымен жалғастыратын мүмкіндік туса, екіншіден сапалы жол Қобыланды батыр кесенесіне келушілер мен саяхатшылар санының өсе түсуіне де оң ықпалын тигізбек.
Тарихи мәні мен маңызы жоғары шекаралық өңірде, әрі еліміздің киелі орындары қатарына кіргізілген қасиетті қоныста ішкі көші-қон мәселелерін реттеу мен шешу ісінде де шешімін таппаған мәселелер бар екені айқын байқалады. Соның басты бір көрінісі – Жиренқопа ауылында тұрғындар санының жылдан-жылға кеміп бара жатқаны деуге болады. Айталық, өткен жылы мұнда 630 тұрғын болса, биыл олардың саны 100 адамға кеміп кетіпті. Ауыл ақсақалдары оның басты себебін «көгілдір отынның» жоқтығымен, елдімекенге газ құбыры тартылмағанымен түсіндіреді. Әрине мәселенің бұлайша қойылуы өте орынды. Аталған іс оңды шешімін таба ма? Қазіргі күні бұған айқын жауап қайтарыла қойған жоқ. Өйткені өкілетті орган жетекшілерінің айтуы бойынша, Жиренқопаға газ өткізу үшін ең алдымен оның тиімділігі мен қаржылық қайтарымы мұқият сарапқа салынуға тиіс. Оны қаржыландыру республикалық бюджеттің есебінен жүргізіле ме, жоқ әлде жергілікті бюджеттің құзырына кіре ме, әзірге мұндай сауалдардың ара-жігі де айқындалмай отыр. Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл үшін қажетті құжаттар тізбегін әзірлеп, ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселеге нақты жауап қайтарады деген ойдамыз.
Біз жоғарыда ірі елдімекеннің шекаралық аймақта орналасқанын айтқанбыз. Киелі орыннан небәрі 15 шақырым жерде «Жиренқопа-Первомайское» шекаралық бекетінің орналасқаны – осы сөзіміздің басты айғағы. Бұл арадан жылына 7000-нан астам адам әрі-бері өтеді екен. Қыс кезінде екіжақты қарым-қатынас сәл бәсеңдегенімен көктем шыға жүргіншілер қатары қайтадан толығады, дейді №2030 әскери бөлімшесінің командирі Әкімжан Бакиев.
Журналистік іссапар барысында көзіміз жеткен тағы бір жәйт, шекаралық өткелдің екі жағындағы тұрғындар ежелден тума-туыс, құда-жекжат болып кеткендігі. Олар бір-бірімен шақырыспай, араласып-құраласпай тұра алмайтыны тағы да аян. Екіншіден, шекаралық бекет маңайындағы қарапайым тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерін осы маңайдан сатып алып жүргені де белгілі. Мысалы, шекаралық бекеттен облыс орталығы Ақтөбе 200 шақырым болса, Ресейдің Соль-Илецк қаласы небәрі 25 шақырым ғана. Мұндай жағдайда шекара бекетінің Қазақстан мен Ресей жағындағы қарапайым тұрғындар үшін тек аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері ғана ашық болуы аздық етері анық. Бүгінде екі жақтағы тұрғындардың ортақ тілегі шекаралық бекет тәулік бойы тұрақты түрде ашық болса екен деген мәселеге ойысып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ашық шекара көршілес екі өңір арасындағы ынтымақтастық пен тауар алмасу үдерістерін тереңдете түсуге және халықтың дипломатия қағидаттарының шеңберін одан әрі кеңейтуге септігін тигізбек.
Шекара аумағындағы тұрғындар тілегі үкіметаралық келісімдер арқылы оң шешімін тапса, қосымша қадағалау мен фитосанитарлық бақылау қызметтерін орнықтыру ісі де жүйелі жолға қойылмақ. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашуға да алғышарттар қаланбақ. Мұндай жағымды жәйт бұған дейін де шекаралық қызметтің тәжірибесіне тән болып келіпті. Осылайша оның қосалқы және шаруашылық нысандарына 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа қабылданған. Бүгінде бәрі алаңсыз еңбек етіп жүр. Сондықтан да «Жиренқопа-Первомайское» шекаралық бекетінде жаңа байланыстар мен қарым-қатынастардың көкжиегі одан әрі кеңейе түседі деуге толық сенім бар.
Қазақстанның киелі жерлер географиясынан орын алған Қобыланды батыр мемориалдық кешенінің және осы ауылдағы Жиренқопа ауылының бүгінгі жай-күйі осындай. Оның облыс орталығынан жырақтау жерде орналасқаны рас. Әрине бұл тек тап-таза жағрафиялық тұрғыдағы түсінік десек, оның қашан да көңілдің көгінде, жүректің төрінде тұратынында ешқандай шек жоқ.
Ақтөбе облысы,
Қобда ауданы,
Жиренқопа ауылы
Суретте: Қобыланды батыр кесенесінің сыртқы көрінісі