Тарихы 2013 жылдан тамыр тартатын театр өнерінің думаны дәстүрлі түрде осымен жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Фестивальде еліміздің және таяу шетелдің айтулы 15 театр ұжымы бас қосып, бір апта бойы өз өнерлерін ортаға салды. Олардың бесеуі елордалық, атап айтсақ: «Жастар» театры М.Әуезов пен Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын (режиссері – Нұрқанат Жақыпбай), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры М.Горькийдің «Отец» (режиссері – Йонас Вайткус), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» (режиссері – Барзу Абдраззаков) қойылымдарын додаға қосса, талантты жас режиссер Фархад Молдағалидың «Nomad City Hall» комедия театрында қойған У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтің жекеменшік театры сахнасында қойылған «Жан» моноспектаклі де сарапшылар талқысы мен жалпы театрсүйер қауым назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, фестиваль бағдарламасына енген Н.Погодин атындағы Солтүстік Қазақстан драма театры (Петропавл), Асанәлі Әшімовтің «Жаңа ғасыр» театры (Алматы), Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Павлодар), С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры (Қарағанды), Шығыс Қазақстан облысының драма театрлары шетелдік қонақтар – Өзбекстан мемлекеттік драма театры (Ташкент қаласы), «У Моста» Пермь театры (Ресей, Пермь қаласы), Жаңа көркем театры (Ресей, Челябі қаласы), «Pilies» театры (Литва, Клайпеда қаласы), Б.Қыдыкеев атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермендер театры (Бішкек қаласы) ұжымдарымен бірге бас шаһар театрлары сахнасын теңдей бөлісіп, шығармашылық қарымын ортаға салды. Өнер ұжымдарының ізденісіне театртанушы, театр сыншысы, драматург, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, өнертану докторы, театр сыншысы, ГИТИС-Ресей театр өнері институтының профессоры – Нина Шалимова, театр сыншысы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Анар Еркебай, Ресей халық әртісі, «Алтын Витязь» халықаралық кинофорумының президенті Николай Бурляев бастаған сарапшы мамандар төрелік етті.
– Халықаралық «SAMGAU» театр фестивалін соңғы жеті жыл көлемінде елорда есімімен егіз аталып келе жатқан, бүгінде бас қаланың брендіне айналып үлгерген сахна думаны, театр әлемінің айтулы оқиғасы десек, артық емес. Самғау сөзінің мағынасы өте кең. Осы жылдар ішінде фестиваль өзінің басты міндеті – елорда мәдениетін дамыту және қазақстандық театр өнеріне деген қызығушылықты арттыру, шетелдік серіктестермен рухани-шығармашылық ынтымақтастықты нығайту, гуманитарлық байланыстарды кеңейту сынды алдына қойған мақсаттарын абыроймен еңсеріп келеді. Бүгінде «SAMGAU» – отандық және әлемдік театр өнері мамандарының шығармашылық пікір алмасу алаңы ғана емес, сахна саласы қызметкерлері мен астаналық өнер жанашырлары үшін асыға күтетін сүйікті өнер мерекесіне де айналып үлгерді. Жыл сайын фестивальдің қанатын кеңге жайып, географиялық ауқымын ұлғайтып, кәсіби һәм көркемдік биікке ұмтылғанына куә болып, қуанып отырамыз. Биылғы фестивальден де сондай жаңалық, жарқын эмоциялар күтеміз», – дейді фестивальдің негізін қалаушылардың бірі, сарапшылар алқасының төрағасы, белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбек.
Фестиваль шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сараптауында көрермен назарына ұсынылған М.Әуезов пен Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылды. Ал сахна думанын елорданың ең жас театры – «Nomad City Hall» комедия театры ұжымы У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясымен түйіндеді.
Айта кетейік, «SAMGAU» халықаралық театр өнері бас қала төрінде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін шараға Қазақстанның аймақтық театрлары – Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының, сонымен қатар Ақтау, Атырау, Алматы, Жезқазған, Талдықорған, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қалаларының шығармашылық ұжымдары қатысқан. Сондай-ақ Орталық Азия, Ресей, Литва, Түркия, Дағыстан, Грузия, Украина және Сербия елдерінің театр ұжымдары да фестивальде өз өнерлерін ортаға салды.