• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 19 Маусым, 2019

Денсаулық және білім саласындағы тың өзгерістер

403 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды және Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы баяндалды.

Медициналық көмек қолжетімді болмақ

Үкімет мүшелері күн тәр­тібін­дегі мәселелерге кіріспес бұ­рын қызметіне жаңадан кіріскен министрлердің ант беру рәсімі өтті. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­­­бетов, Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мыр­­зағалиев, сондай-ақ Мә­де­ниет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова Қазақ­стан заң­­дарын қатаң ұстанып, ел игі­лі­гіне қызмет етуге  ант берді.

Жиында алғашқы қаралған мәселе – міндетті әлеуметтік ме­ди­­циналық сақтандыруды ен­­гі­зуге байланысты медици­на­­лық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдерді іске қосу. Ке­лер жылдан бастап жүзеге аса­тын міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі мен ке­піл­дендірілген тегін меди­ци­на­лық көмек шеңберінде көр­сетілетін қызметтер тізімі бе­кі­тіл­ді. Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов тұр­ғын­­дарды медициналық қам­тама­сыз етудің әзірленген үш дең­гейлі жүйесі туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл жү­йе­нің бірінші деңгейі барлық аза­мат­тарға, оралмандар мен тұ­рақ­ты тұратын шетелдіктерге мем­ле­кеттік бюджеттің есебі­нен кепілдендірілген тегін меди­ци­налық көмек шеңберінде көр­сеті­­летін қызметтер ұсынуды қам­­та­масыз етеді. Бұл пакет тегін ме­­ди­циналық көмектің тір­келген жері бойынша ме­ди­циналық-санитарлық алғаш­қы көмектің жедел көмек, сани­та­рлық авиа­ция және шұғыл ст­ацио­нар­лық көмек, дәрі-дәр­мекпен қам­та­масыз етуді қоса алғанда, әлеу­­меттік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезін­де медициналық көмектің толық спектрі тәрізді түрлерін қамтиды.

− Екінші деңгейі – сақтанды­рыл­ған халық үшін міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тан­дыру пакеті, ол тегін меди­ци­­налық көмекпен қоса, ауру­лардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагности­ка­лық, жо­с­парлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңал­ту және қалпына келтіру емін қамтитын болады. Үшінші деңгейі – бұл ТМККК және МӘМС жүйесінің пакеттеріне кір­мейтін медициналық қызмет­тер. Олар ақылы немесе ерікті меди­циналық сақтандыру есебінен ұсынылады, – деді министр. Оның айтуынша, медициналық көмек пакеттерінің жобаларын сарапшылар егжей-тегжейлі пысықтап, өңірлердің денсаулық сақ­тау басқармаларымен, мүд­делі мемле­кет­тік органдар­мен, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер пала­та­сымен бірлесіп  талқы­ланып, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің қоғамдық кеңесінде қара­лып, мақұлданған. Белгілі болған­дай, қазір медициналық-санитарлық ал­ғашқы көмек ұйымдарына бекітілген халық­тың саны 18,7 млн адамды құ­рай­ды. Дегенмен, ақпараттық жү­йелерде бекітілмеген 785 мың адам анықталды, бұл халықтың 4%-ын құрайды. Жалпы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту халықтың 94,5% деңгейінде болжанып отыр.

«Біздің болжам бойынша дербес төлеушілердің саны шамамен 1 млн адамды құрайды, оның ішінде 770 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған аза­маттар, – деді Е.Біртанов. Баян­дама­да айтылғандай, заң­нама бойынша жеке­леген меди­циналық қызметтерді алу үшін азаматтардың әлеуметтік тұрғы­да әлсіз 8 санаты анықталды. Соның ішінде балалар, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, зейнеткерлер және басқа­лары бар. 2020 жылдан бастап МӘМС енгізу кезінде әлеуметтік жағынан осал халықтың 15 санаты заң­мен анықталған. Бұл адамдар (олардың саны шамамен 10,9 млн адамды құрайды) мемлекет тарапынан сақтандырылады.

− Медициналық сақтан­дыру жү­йесін енгізу шең­берін­де бірқатар қыз­мет­­тер­­дің қол­жетімділігі кеңейеді: қым­­бат тұратын диагностика­лық қыз­меттер бойынша қаржы­ландыру 3 есе өседі, сто­матологиялық қызметтерді қар­жы­ландыру 2,3 есе ұлғаяды. 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесін уақтылы енгізуді қамтамасыз ету үшін 1 қыр­күйек­ке дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданатын болады, деді Е.Біртанов. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізуге дайындау үшін 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қара­ғанды облысының әкімдігімен бір­лесіп медициналық сақтандыру жү­йесі­нің қанатқақты бастамасын енгізу көз­делуде. Соның аясында медициналық сақтандыру па­к­етінен кейбір қызметтерді ұсы­ну, сақтандырылған адамдар­дың мәртебесін сәйкестендіру, қаражатын бөлек есепке алу тестіден өтетін болады.

– Жалпы алғанда, жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр: нормативтік база қалыптасты, ауқымды түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуде, денсаулық сақтау саласын авто­ма­ттандыру, жа­рақ­тандыру және цифр­лан­дыру мәселелері шешілуде. Екі пакеттің қаржылық қамтамасыз еті­луін қоса алғанда, халыққа ме­ди­ци­налық көмектің қолже­тім­ділігі мен сапасын арттырудың тиімді әсері күті­луде. Жалпы, медициналық сақтан­ды­ру жүйесін енгізу­ге дайындық дең­гейі жо­ға­ры, медици­на­лық көмек көр­сету­дің жаңа тәсілдері бар деуге бола­ды, – деді Е.Бір­танов. Міндет­ті әлеу­ме­ттік меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесін­де меди­ци­­на­лық көмек көр­сетуге дайын­дық мә­селелері жөнінде Қара­ғанды облы­сы­ның әкімі Е.Қошанов, Алматы облысы­ның әкімі А.Баталов, Солтүстік Қазақ­стан об­лы­сының әкімі Қ.Ақсақалов сөз сөйледі. 

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова өз кезегінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің үздіксіз жұмысы үшін жыл соңына дейін бірқатар іс-шара өткізу керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік актілер кепілдік берілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі меди­ци­налық көмек пакетінің жаңа тәсіл­деріне сәйкестендіріледі. Бұдан өзге, биылғы 1 қазанға дейін мемлекеттік орган­дардың барлық ақпараттық жүйе­лерін Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қорымен интеграциялау жұмыс­тары аяқталады. Екінші жартыжыл­дықта міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру аясында ақпараттық-түсін­діру жұмысы жалғасады.

Баяндамалар тыңдалғаннан кейін тақырыпты қорытындылаған Асқар Мамин Үкімет медициналық қызмет­тер­дің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша ортақ міндет қойғанын айтты. Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне медициналық ұйымдарды компьютермен, үздіксіз интернетпен және ақпараттық жүйелермен жарақтан­дыру бойынша мәселелерді шешуді тапсырды. Азаматтарды медициналық сақ­тандыру жүйесімен қамтуды арт­тыруға көңіл бөлу тапсырылды. «Әрбір азамат мемлекет тарапынан кепілдік ретінде қандай медициналық көмектің тегін көрсетілетінін нақты білуі тиіс», – деді А.Мамин.

Биылғы ҰБТ-ға 117 мыңнан астам түлек қатысады

Үкімет үйінде талқыланған екінші мәселе – ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс­тар­мен таныстырды. Министрдің мәлі­меті бойынша, 2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бері тесті­леуге 1 млн 775 мың адам қатыс­қан. Бі­лім және ғылым министрі хабарл­аған­дай, биыл да ҰБТ форматы өзгерген жоқ.

− Биылғы 20-30 маусым аралығында ҰБТ 169 пунктте өтеді. ҰБТ-ға жалпы саны 117 242 адам қатысады, оның ішінде биылғы мектеп бітірушілер 96 380 немесе түлектердің жалпы санынан 71,6%-ы, 20 862-сі – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері, – деді А.Аймағамбетов. Министр ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын қадағалау үшін өңірлерге аталған министрлік өкілдері жіберілгенін хабарлады. Тестілеу материалдары өңірлерге құпия­лылығын сақталып жеткізілді. Рес­публикалық апелляциялық комис­сия, оған қоса ҰБТ өткізілетін әрбір пункт­те апелляциялық комиссия құрылды.

− Барлық аудиториялар ұялы байланысты бәсеңдететін құрылғылар­мен және бейнекамералармен 100% қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылды. Жылдам ақпарат алмасу үшін Білім министр­лігі мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс істейді, – деді А.Аймағамбетов. Сонымен қатар Білім және ғылым министрі биыл ҰБТ-ны жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын айтты. Біріншіден, биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін жылына 4 рет өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының психологиялық қысымын төмендетіп, маусымда өтетін ҰБТ-ға әзірленуге мүмкіндік бермек. Екіншіден, ақылы оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тап­сырудан босатылады. Үшіншіден, халық­аралық сертификаттары бар және шет тілін білетіні расталған тұлға­лар «шет тілі» пәні бойынша тестілеуден боса­ты­лады. Оларға автоматты түрде ең жоғарғы балл – 40 балл беріледі. Биыл мұндай сертификаты бар түлектер саны 708-ге жеткен. Төртіншіден, әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қатар, ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі. Бұл түлекке өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік бермек. Бесіншіден, биыл білім беру гранттары білім беру бағ­дар­­ламаларының топтары бойынша бері­­леді. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсу­­ші одан әрі оқуы үшін нақты білім беру бағ­­дар­ла­ма­сын таңдайды. Жалпы, А.Ай­­ма­ғам­бетов­тың айтуынша, ҰБТ өткізуге бар­­лық дайындық жұмыстары аяқталған.

Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы А.Мамин өңір әкімдеріне оқушылардың ҰБТ-ға қатысуын ұйымдастыру мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

− ҰБТ өткізуге дайындық 100% қам­­­та­­ма­сыз етілуі тиіс. Білім және ғы­лым ми­­нистрлігінің міндеті – тест өт­кізу пунк­ттерінің барлығының жұмы­сын нақ­ты үйлестіру, – деді А.Ма­мин. Премьер-Министр тарапы­нан мем­ле­­кет­­тік органдарға ҰБТ-ға қатысу­шылар­дың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін бар­лық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.