• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Маусым, 2019

Электронды сауда қызып келеді

474 рет
көрсетілді

Таяуда Ұлттық экономика министрлігі есеп беру жиынын өткізді. Басқосуда министрлік басшысы Руслан Дәленов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайын әңгімеледі.

­­– «2018 жылы экономикалық өсім 4,1 пайызды құрап, алдыңғы жылдың деңгейін қайталады. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы өсу 4 пайызды құрады. Министрліктің биылғы алға қойған ең маңызды үш бағыты бар. Олар – елдегі кәсіпкерлікті дамыту, ба­ғалар мен тарифтер және өңірлерді дамыту», – деді Р.Дәленов.

 Министрдің айтуынша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 334 ауылда жергілікті өзін өзі басқару (ЖӨБ) бюджетінің 4-ші деңгейін енгізу жоспарланған. ЖӨБ бюджетінің басты ерекшелігі – жергілікті мәселелерді шешуге 7,6 млн азаматтың қатысуы.

Еліміздегі өңірлік саясат халықтың тұрып жатқан жеріне қарамастан бәсекеге қабілеттілігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасын 2020 жылға дейін іске асырудың қо­ры­тындысы бойынша урбанизация дең­гейі 58 пайызға жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға артық. 2018 жылы қалаларға су тарту 94,5 па­йызға, ауылдарға су жеткізу шамамен 60 пайызға ұлғайды, – деді министр өз сөзінде.

Жиында еліміз аумағы арқылы өте­тін интернет-сәлемдеме транзитін 6 есе­ге ұлғайту мүмкіндігі бар екендігі ай­­тылды.

«Таяу 5 жылдың ішінде электронды сауда айналымының көлемі 1 трлн долларға артуға тиіс. Біз Еуропа мен Қытай ортасында – тұтынушы мен сәлемдемелерді жөнелтушілердің арасында өте тиімді жерде орналасқанбыз. Сондықтан көлік легін Қазақстан арқылы жөнелтудің келешегі үлкен. Ол үшін барлық инфрақұрылым бар. Мұндай сәлемдемелерді рәсімдеу үшін барлық кедендік түзетулер енгізілген. Біз таяу жылдары Қазақстан арқылы интернет-сәлемдеме транзитін 6 есеге ұлғайтуға болады деп есептейміз», деді министр.

Министрдің айтуынша, он­­­лайн-сауданы ынталандыру үшін ин­тер­нетте электронды әдіс арқылы сау­да жасай­тындарға табыс салығы мен корпоративтік табыс салығы бірнеше жылға алынып тасталған. Экспортқа арналған тауарларды декларациялау да жеңілдетілген. Алдағы уақытта интернет арқылы сатып алынатын пош­та құжаттары немесе сәлемдемелер кө­тер­ме рәсімделуі мүмкін. Енді пошта құ­жаттары декларация ретінде танылады. Электронды сауда өте қарқынды дамып келеді және барынша тиімді сектор саналады, – деді Р.Дәленов.

Министрліктің мәліметінше, елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау инс­титуты күшейтілуде. Электронды сау­­дадағы сатып алушы кәдімгі сау­да­дағыдай қорғалады. Соның нәти­жесінде былтыр оның бөлшек саудадағы үлесі 1,9-дан 2,9 пайызға немесе 92 млрд тең­ге­ге ұлғайыпты.

Осы жиыннан кейін Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтті. Ұлттық экономика министрі баспасөз мәслихатында ауылдарды дамытуға қатысты «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқандығын мәлімдеді.

Біздің министрлік «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының әкімшісі болып табылады. Жыл сайын осы бағдарлама арқылы 5 мың азамат көмек алады, деді министр.

Р.Дәленовтің айтуынша, бағдар­ламаға қатысуға өтініш жиі келіп жатыр. Соған сәйкес, биылғы жылы бюджет қаражаты кепілге қойылып, 5 мың­ға жуық адам «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын пайдалана алады.

Министр алдағы халық санағына да тоқталып, науқанда пайдаланылатын планшеттер мектептерге берілетіндігін жеткізді.

– Халық санағы келесі жылы болады, оған жалпы сомасы 9 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Егер 10 жыл бұрынғы халық санағымен салыстырар болсақ, шығыстар сомасы біршама төмен. Не­­гізгі қаражат ақпараттық жүйеге жә­­не құрал-жабдықтар мен санақты өткі­зу­ге қажетті планшеттер сатып алуға жұм­салады. Қағаз сатып алынбайды. Сатып алынса да өте аз, бланкінің өзі электронды түрде болады, – деді ол.

Осы ретте министр санақ жүргізуге алынатын планшеттер кімдерге бе­рі­летініне тағы да тоқталды. «План­шет­тер комитет (Статистика комитеті) жұ­мы­сына пайдалануға беріледі. Соны­мен қатар олардың басым бөлігі Білім және ғылым министрлігі жүйесіне, яғ­ни мектептерге беріледі. Сондықтан са­нақ жүргізуге сатып алынатын құрал-жабдықтар кейін де кәдеге жарайды», деді министр.