Киіз үй тігу сайысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарих, тұлға, тамырластық» тақырыбында көрме ұйымдастыру, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Қазақ даласының ұлы мәдениеті» өнер фестивалі секілді бірнеше бағытқа бөлінген фестиваль практикалық қырымен көпшілік есінде қалды.
Мәселен, талай ғасыр бойы көшпелі ата-бабамыздың құтты қонысы болған киіз үй қазіргі қазақтың күнделікті тұрмысынан алыстап кеткені рас қой. Содан да болар, бүгінде екінің бірі киіз үйді тігуді біле бермейді. Торыатбасындағы фестивальдің бір ерекшелігі осы болды. Командалар киіз үйді тігіп, жинап, жасау-жабдығын орын-орнымен пайдаланып көрсетіп жарысты. Бұл сайыста бас жүлдеге тігілген 60 мың теңгені шыңғырлаулықтар жеңіп алды. Сырым, Бөрлі және Тасқала аудандары командалары осы ретпен 40, 30 және 20 мың теңге жүлдені бөлісті.
Шараның екінші күні ұлттық спорт түрлері – жамбы ату, теңге ілу, көкпар тарту, аударыспаққа арналды. Тақымы мықты жігіттер жүген-құрық тимеген шу асауларға бас білдіртті. Тау туризмімен айналысатын табанды қыз-жігіттер де бос отырмады. Жамбы атудан 1-2 орынды Шыңғырлау ауданы, 3 орынды Ақжайық ауданы иемденді. Сонымен қатар, тау туризмінен 1 орынды Шыңғырлау ауданы, 2 орынды Бөрлі, 3 орынды Тасқала ауданы жеңіп алды. Көкпар мен аударыспақта Орал қаласының «Ұлттық спорт» мектебінен келген шабандоздар кәсіби шеберлік көрсетті. Барлық жеңімпаздар алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Айта кетейік, Торыатбасында осындай той былтыр да болған еді. Бірақ ол аудан көлемінде ғана ұйымдастырылса, биыл, міне, облыстық деңгейге көтерілді. Жалпы, Шыңғырлау ауданы басшылары өңірде өлкетанушылық қозғалысын жандандырып, ауданның терең тарихы мен туристік әлеуетін насихаттауға ерекше назар аударып келеді.